Еділ мен Жайық батыр (10-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Қызқара сонда білмеді
Көштің қайда кеткенін.
Жалғыз-ақ соны сезеді,
Ұрып жығып, байлап ап,
Етіне жара еккенін.
«Көзі көрмей қалсын» деп,
Көзіне құм сепкенін.
Мінгестіріп атына
Қызқараны алады.
Елді іздеп таппаққа,
Қарамес ханды шаппаққа,
Екі батыр қырқалап,
Даланы кезіп шабады.
Кешкіріп күн батқанда,
Қонып жатқан қонысқа
Бір тайпа елді табады.
«Құдайы қонақ бізбіз»,—деп,
Ұлықсат сұрап бір үйге
Екі батыр қонады.
«Батырларға құрмет»,—деп,
Сұрап қонған үйлері
Қонақасы сояды.
Жөн сұрасып білген соң,
Үй иесі сезеді
Еділ, Жайық батырды.
Елін шауып Тобыл хан,
Таппай жүрген ақылды.
Жаудан күшің аспаса,
Жеңіп салмақ баспаса,
Жау қайтармас ақыңды.
Батырларды сезген соң,
Қонақ үйдің қожасы
Ханға хабар береді.
Ханға хабар берген соң,
Батырларды білген соң,
Хан аттанып келеді.
—Еділ, Жайық батырым!
Бойларыңда бәрі бар
Қайрат пенен ақылың.
Осы күнде болмай тұр
Сендерден басқа жақыным.
Қалмақ алды жылқымды,
Қолымдағы мүлкімді.
Ойсыратып шауып тұр,
Қарауымда халқымды,
Бұзып кетті салтымды.
Құртып кете жаздады,
Ұрпағым мен артымды.
Сырттағы малға тоймады,
Қазына еді, қамтыды.
Қолында кетті сол жаудың
Халқымның күміс-алтыны.
Сол қалмақтың ішінде
Бір батыры бар екен,
Күшті екен тіпті қарқыны.
Аты—Тоғын батырдың,
Тау ұшырып, тас жарад
Тоғын батыр қарқыны.
Бойын ашу кернепті,
Ісіп-кеуіп алқымы.
Осы жауды шауып бер,
Сен сияқты батырдың
Тимей ме біздей пақырға
Жақсылық лебіз салқыны.
Тоздырып кетті елімді
Осы жаудың толқыны.
Мен отырып ойлаймын,
Сіздей батыр адамның
Болмайды ғой қорқуы.
Еділ, Жайық сол жерде
Қалмақты қарсы шаппаққа,
Тобыл ханға келісті.
Қалмақты шауып келуге,
Қатты уәде берісті.
Тобыл хан елін жияды,
Көзінің жасын тияды.
Уәде берсе батырлар,
Ғазез жанын қияды.
Он бес мың адам жинауға,
Еліне жарлық қылады.
Жиырма мың адам жиналды,
Жиырма мың адам ішінен
Еділ менен Жайықтай
Батыр таппай Тобыл хан,
Сонда қатты қиналды.
Жоқтығынан батырдың
Қалмақтан қазақ қиралды.
Жауға аттанған жігіттер
Артында қалған еліне
Қоштасып қатты көрісті.
«Қандай халда болам?»—деп,
Көзінің жасын төгісті.
«Тәуекел ісі» деп батырлар,
Жылағанды жақтырмай,
Жариялап сөгісті.
«Қалмақтан кетпес кегіміз,
Аламыз,—деп,—жеңісті».
Ақсақалдар жиналып,
Ақ батасын берісті.
Еділ менен Жайыққа
Ырза болды көп халық,
«Жігіт-ақ» деп келісті.
Жиырма мыңға бас болып,
Екі батыр жөнелді.
Батырлардың аттары
Жүрген сайын кенелді.
Ойпаң жерден орғытып,
Жыралау жерден ырғытып,
Аттап кетіп барады
Бірнеше үлкен кезеңді.
Қалмақтан кекті алмаққа,
Басына қайғы салмаққа,
Батырлар қатты кезенді.
Батырлардың керігі
Шалшықтай аттап кетеді
Кездескен үлкен өзенді.
Бірнеше күн өткенде,
Күн түс ауып кеткенде,
Арттарына қараса,
Тобыл ханның әскері
Үзіліп кеткен қарасы.
Бір күншілік қалыпты
Қалмақтың бізге арасы.
Сонда Жайық тоқталып,
Батыр туған Еділге:
—Елді тосып алалық.
Көпті тастап жүруім
Болар,—деді,—балалық.—
Алды-артымыз жиналсын,
Аз жатып демалалық.
Аз жатып дем алады,
Қалың қолдың алды-арты
Жиналысып қалады.
Еділ, Жайық қос батыр
Атқа ер-тоқым салады.
Топты жазбай жүруге,
Жауға тұтас кіруге,
Бұйрық қылды бәріне,
Бытыратпауға араны.
Қалмаққа жақын барғанда,
Ақырып ұран салғанда,
Қалмақтың ханы Барын да
Қатты сасып қалады.
Тоғын да жатқан демалып,
Ерсіз атқа мініп ап,
Қазаққа қарсы шабады.
Қолына қылыш алады,
Шәншіп найза салады.
Жүрген жері Тоғынның
Қойдай жусап қалады.
Тоғын—қалмақ батыры
Қарсы келген қазақтың
Шауып басын алады.
Көп қазақты Тоғын да
Қырып-жойып барады.
Қазақтың көбі ығысып,
Шетке оқшау шығысып,
Қашуға бет алады.
Еділ, Жайық екеуі
Суырып қылыш ұрып жүр.
Тиген жағын күйретіп,
Қойдай қылып қырып жүр.
Сансыз қалмақ саусылдап,
Еділ, Жайық батырдың
Етіне жара салып жүр.
Кез келген қалмақ батырдың
Кім екенін танып жүр.
Кез келген жаудан тайсалмай,
Батыр да кекті алып жүр.