Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Үмбетәлі мен Нұрилә айтысы (12-бөлім)

Үмбетәлі Кәрібаев, Нұрилә · 1 мин оқу

Кез болып келте сүзек, керең болды,
Қайғысы күннен-күнге тереңдеді.
Созылып соның түбі ұзай-ұзай,
Соңында ісіп-кеуіп шемен болды,
Барса да қанша тәуіп сәті қонбай,
Ақыры ажал жетіп өлер болды.

Бармағын баса тістеп «өлең», – деді,
«Болмады жарық сәуле көрер», – деді.
Аз ғана жүрмедім деп арман қылып,

Өкініш өлеңі екен өлердегі:
«Жеңілген тауы қайтып талай ақын,
Ішімде бірге кетті өлең», – деді.
Не керек бәрін жазып жүрмеген соң,
Еңбегім зая кетіп төленбеді.

Айтысты талай ақын арыстандай,
Қолма-қол қойғыласып алысқандай.
Мен жүйрік, мен де дүлділ деген сабаз,
Жеңілмей кеткені жоқ намыстанбай,
Бәрінен Үмбетәлі басым екен.
Таласып ат құлағы жарысқандай.
Құйынға қия шапты қисын тапты,
Ауыздық-ауыздыққа қарысқандай.
Ішіме түйнектей боп түйілгені,
Сол жерде сонан кесел жабысқандай.

Көңілі не болса да торықсын деп,
Қызуда қызба сөзді соғыппын кеп.
Бетіме қаптап соққан қалың сөзін,
Итеріп иірімге тоғыттым кеп.
Қырық кісі атын білген ер екен бір,
Отырмын сілесіне жолықтым деп.

Өтірік айтамын деп егіз ұлды,
Үш тұрып жеңген жерде үш отырды.
Байқаусыз қапелімде бір жеңілді,
Әйтпесе ақын екен аса құнды.
Тегінде оңайлықпен ақын болмас,
Мылтықтың оғындай-ақ назасы ұрды! –

Деді де көзін жұмып жүре берді,
Әйелдің абзалы еді-ау бір өнерлі.
Өмірмен жиырма бесте қош айтысып,
Айқасып кезегінде ажалға ерді.

Сұм тағдыр алып ұрмай қойсын кімді,
Ажалға Нұрилә да бой ұсынды.
Қозатын өлең десе делебесі,
Жүйріктің демі бітіп, үні тынды.
1919 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз