Үмбетәлі мен Нұрилә айтысы (5-бөлім)
Үмбетәлі Кәрібаев, Нұрилә · 2 мин оқу
Айтыспаймыз, әрине Жамбылменен,
Басқасының байқасам нарқы төмен.
Екі Дулат демесең осы арада,
Айтысуға лайық әнші Кенен.
Айтсаң, Кенен, абайлап байқап сөйле,
Нұриланың тұңғиық сөзі терең.
Ер жігітке өлгенмен тең болады,
Жеңілгенде осындай әңгімеден.
Кенен:
Бір сөзге тиянақты болмай палуан,
Имендің бе іздеген өнерпаздан.
Неге састың, сөзіңнен неге адастың,
Қажығандай қайқаңдап Нұриләдан?
Ел ақынын қомсынып Бармақ отыр,
Бұйрық айтып біреуге арнап отыр.
Жұлындырып ежелден отыратын,
Мұның сөзі қыршаңқы түйе қотыр.
Атағымды жоймайтын атым барда,
Жұртқа Кенен қадірлі нарқым барда.
Әнші басқа, әртүрлі ақын басқа,
Менің мұндай жарысқа мәнім бар ма!
Аты шулы ақын ғой алты алашқа,
Қайрап салса өтетін қара тасқа.
Шапырашты дегенге шыдай алмай,
Дайындалып өзі отыр бір шайқасқа.
Безеп қапсың қолыңда домбыраны,
Болмағанды болымды болдырады.
Қима сөздің қисынын табушы едің,
Қамданбасаң бола ма Үмбетәлі?
Үмбетәлі:
Сүйегімнен Бармақтың сөзі өтіп,
Табаныма сырқырап барды жетіп.
Басқа ақынды Жамбылдан көзіне ілмей,
Делебемді қоздырды екпіндетіп.
Өрен жүйрік өлеңге Үмбет едім,
Жүрген-тұрған жеріме міндет едім.
Түлкісін қызыл Алтай сөздің қуып,
Апарып өз ініне індетемін.
Қандай ақын қайтарар қаруымды,
Желді күнгі дауылдай сарынымды.
Өртіне көңіліңнің су сепкендей,
Бір басармын Нұрилә жалыныңды.
Сұрастырып жүргенде осы кезден,
Естідің бе бір пенде мені жеңген.
Әрбір сөзді аңдысып айтысқанда,
Аспау керек шегінен жалғыз сөйлем!
Ақпай-тоқпай келдің де, кеттің қойып,
Ортасынан түскендей мұздың ойып.
Әлдеқалай болар деп ойламадың,
Сөзбен жұртты барасың қырып-жойып.
Байтал мінсе кейбіреу қылмыңдатып,
Шекесінен басады жылмыңдатып.
Арғымақпен құдай-ау жарысқанда,
Озып кете алар ма құнжыңдатып.
Зинәділ:
Нұрилә сені тойға шақырған мен,
Айтысып жеңемісің Үмбетті сен.
Сыртыңнан мақтанады желдей есіп,
Не демес әруаққа ақылы кем.
Үмбетті, жөні келсе бір жеңіп бер,
Еркекпен адам едің терезең тең.
Нұрила, бар еді ғой ақыл-айлаң,
Бала едің атағыңды жұртқа жайған.
Үмбет пен Бармақ ақын, Кенен ақын,
Алдырдық айтыссын деп осы жайдан.
Айтыспай қайт дегенге мен қарсымын,
Жеңіп бер осы болсын тиген пайдаң.
Нұрилә:
Дүлдүлдей қызыл тілім сөйлер шағың,
Тарықпай тауып сөйлер сөздің табын.
Әлеумет, алдыңа кеп айтпай кетсем,
Нәуміт қыл дегендей боп сынар сағың.
Құдайым берген кені өлең деген,
Көңілім өлең десе елеңдеген.
Кененді бір көруге құштар едім,
Атақты әншіл ақын дегенменен.
Дабысың Жетісуға мәлім бопты.
Басыңа құдай берген өлеңменен.
Көргендей бізден бұрын қуғын-сүргін,
Көңілің неге сонша төмендеген?
Аман ба Үмбетәлі, Бармақ ақын,
Сендерді деп айтады саңлақ ақын.
Бұл Бармақ егде тартып қалған екен,
Сөзімнің, Үмбетәлі, аңла парқын.
Айтысып меніменен талай ақын,
Бейшара аяғында зар қағатын.
Өлгенде айтамысың айтарыңды,
Құрысын, бүйтіп көрген кербез қалпың.
Үмбетәлі:
Нұрилә, жөн көремін арыныңды,
Таныдым келген жерден қалыбыңды.
Асықпа айтқанымша ақтықпағын,
Басады Үмбетәлі жалыныңды.