Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Үмбетәлі мен Нұрилә айтысы (1-бөлім)

Үмбетәлі Кәрібаев, Нұрилә · 2 мин оқу

Айтушыдан: (Саяділ)
Бай болса, баласы жоқ жаман екен,
Шашылып өлгенде мал қалады екен.
Қасымы Ысмайылдың деген кісі,
Жалғанда баласы жоқ адам екен.
Келгенде жасы алпысқа, сол Қасымның,
Қатыны бір ұл бала табады екен.
Осыған бір үлкен той қыламын деп,
Жұртына Қасым жарлық салады екен.

Бұл тойдан аянбаймын, - депті Қасым:
«Алпысқа жер ортасы жетті жасым.
Жасында пайғамбардың бала көрдім,
Күш қайтқан, қуаң тартып сақал-шашым.
Келгенде жас алпысқа балам туды,
Той қылып шақыртамын Жетісуды!».
Өткізбек үлкен той ғып ойым бар деп,
Қызығын, қуанышын көпке ұсынды.
Алыста ағайынға ат шаптырып,
Той қылды көп көрмегн аты шулы.

Жиылып игі жақсы Дулат елі,
Жасамақ мерекелі болды дуды.
Бұл тойға шақыртады талай елді,
Хат жазып қашық жерге хабар берді.
Қасымның ұлы туған ұлы той деп,
Әр жаққа алашапқын ат жіберді.

Көшелеп алпыс үйді тігіп қойды,
Көрсет деп ел құмартып осы тойды.
Қонаға келген жұртты күтімге алып,
Әр үйге екі-екіден сойыс сойды.

Онан соң екі күндей атын шапты,
Мәз болып бозбалалар көкпар тартты.
Сайыс, күрес, балуаны – бәрі болып,
Мінеки, осыменен той тарқапты.
Алыстан келген адам он үйлік жан,
Тағы да кейінгі күн қонып қапты.
Қызығын қыз тойындай қыламыз деп,
Жиылып қыз, бозбала өлең айтты.

Қызыққа Бәрібаев қанып отыр,
Тамаша ойын-сауық болып отыр.
Көтерген жаңқа ағашын ақындар кеп,
Қасымға құтты болсын соғып отыр.

Айқымның ақыны екен Үмбетәлі,
Түзелді Кенен келіп тойдың сәні.
Құлқыны Бармақтың да құрып отыр,
Қанай мен Жұбанышты мақтағалы.

Той қылған Қасым Қанайдың қайыны болады. Қайным той қылып жатыр деп Қанай Бәрібаевты ерте барады. Бәрібаевтың алдына келіп, ертедегі күнін көксегендей болып, Бармақ ақынның айтқан өлеңі.

Бармақ:
Інімсің, – Бармақ айтты, – Кенен деді,
Бұ күнгі кезек «батыр, сенен» деді.
Жақпайды менің сөзім жас балаға,
Мәртебем болып отыр төмен, – деді.
Назымды көтеретін Сәт енді жоқ,
Бұл дәурен өтіп кетті менен, – деді.
Әр жанды алсын құдай қатарымен,
Адыра қалған екен өлең, – деді.

Дейтұғын «ақын Бармақ», Бармақ едім,
Әр жерде абыройды алған едім.
Сәт, Мәңке, Алпысбай мен Шәбден төре,
Алдына солардың да барған едім.
Мінеки, біздің бастан өтті дәурен,
Солардың заманында саңлақ едім.

Бұл күнде күркілдейді көкірегім,
Несіне өткен күнге өкінемін.
Аударыс-төңкеріс боп мына заман,
Өлеңге салқын болып кетіп едім.
Бәрі кетіп жолдастың, жалғыз қалдым,
Боп жүрген шер көкірек жетім едім.

Бар қылып айтушы едім ойда жоқты,
Қайтарып алмайтынмын атқан оқты.
Айтпайын осы өлеңді десем-дағы,
Қу «кесел» үйреншікті қайта соқты.

Басамын аңдап-аңдап аяғымды-ай,
Дегенмен, жас дәурен жоқ баяғыдай.
Бәрі өтіп жолдасымның жалғыз қалып,
Жылқының болып тұрмын саяғындай.

Қырықтың сегізіне келді жасым,
Әр түрлі қызық істі көрді басым.
Адасқан көп тобынан қаздай болдым,
Өзімнің жоқ болған соң замандасым.
Кешегінің ақыны деуші едіңдер,
Өзгертіп мен байқұсты не қыласың.

Жиналған шілдехана ұлы топсың,
Болғанда – бірің ұлық, бірің сотсың.
Жас ақын заманында жаңа шыққан,
Келтіріп кемеліне Кенен соқсын.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз