Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Кенен мен Әбдіғали айтысы (3-бөлім)

Кенен Әзірбаев, Әбдіғали Сариев · 2 мин оқу

Одан бері келейін,
Үш орден алды Жамбылым.
Жырдың күйін шалқытып,
Заманның қақты дабылын.
Мұңын мұңдап ән салды,
Еңбекші кедей табының.
Елестетіп көзіңе
Өткен күннің сағымын.
Асауын жырмен үйретті,
Қырдағы өскен тағының.
Жер жүзі түгел естіді,
Күй мен жырдың сарынын.
Жамбылдан үлгі сұранып,
Басқа елдің де ақыны
Жіберіп тұрар жазуын.
Ұлы майдан үстінде,
Жүректен шаншып немісті,
Аянбай жұмсап қаруын.
Ленинград еліне,
Қоршауда қалған кезінде,
Жұбатып туған бауырын.
Сәлемін жазып жолдады,
Бассын деп қайғы-жалынын.
Отан әмірін қолданып,
Дұшпандарға долданып,
Тарихтың айтты анығын.

Нарынқол қатар жатыр Кегенменен,
Айтайын жер көлемін өлеңменен.
Соңыма ер, танытайын соның бәрін,
Кенеке, ойың болса көрем деген.
Тянь-Шань, Қырғыз жері, Шудың басы,
Айқасып біздің жерге кемерлеген.
Ертеде қырғыз, қазақ жорығында,
Жер екен ата-бабам көп өрлеген.
Екейде атам Талтаң, Тағай батыр,
Ақша, Қосай, Қараштай беренменен.
Біздің ел жау жағының панасы еді,
Қаймықпай жолын тосқан кезеңдерден.
Жамбыл тауы Шуменен айқас жатқан,
Басында Жамбыл сонда туып келген.
Жамбыл туып, әкесі той қылыпты,
Атанған Жамбыл ата соныменен.
Атап-атап кетесің батырым деп,
Көрсетпей ер жорығын терең жерден.

Айтайын Жетісудың арнасынан,
Бұлағы шыққан таудың жар басынан.
Ақсу барып, Жоңғардың жонын тіліп,
Іле қиып ағады жамбасынан.
Қаратал, Көксуменен қатар түсіп,
Жарысып бір-біріне жалғасынан.
Балқашқа мың тараптан құйылады,
Қаратал кен шығарды қамбасынан.
Лепсі Сарыжазықты жарып аққан,
Канал бар кең қазылған ортасынан.
Еңбектің қайраткері қалың колхоз,
Тасқынды тарс бекіткен ортасынан.

Егін сап екі жағын тоған тартқан,
Жайқалып көк егісі Нілге батқан.
Жамбылдың айта қойшы, іс, өнерін,
Кәнеки, жер байлығың бізден артқан?!
Еншіңе Шуды бердік Жетісудан,
Көтеріп жүктей тасты бұрқылдатқан.
Пайдаға қандай қылып асырдыңдар,
Көрсетші табысыңды бұдан тапқан.

Кенен:
Өршіл мінез шалқасқа,
Қамшы ұрғызбас жамбасқа.
Ақын болсаң, Сариев,
Осылай деп сөз баста.
Жүйріктігің көрінді,
Көп алдында ұйқасқа.
Сүрінбейді шын тұлпар,
Төрт аяғын дәл басса.
Түсіп қалма қақпанға,
Алды, артыңды байқаста.
Айға қолың жетер ме,
Аламын деп жармаспа!
Жамбыл, Абай көпке ортақ,
Менікі деп адаспа!
Отан үшін жырлайық,
Жау орнынан тұрмасқа.
Дұшпан жылдам құрысын,
Тілектес боп, көп жасқа.

Тянь-Шаньның тауынан,
Тасып, тулап аққан су.
Қапшағайға қайта ұрып,
Күнбатысқа тартқан су.
Қарағай, қайың ну орман,
Жемістен түйме таққан су.
Арқар, марал, киіктер,
Жүзіп дәмін татқан су.
Бас пен малы теңесіп,
Ел қызыққа батқан су.
Қазақ, қырғыз даласын,
Қақ жарып ағып жатқан су.
Ғасыр бойы кәрі қар,
Балқып бойы тасқан су.
Нұрлы судай күй күліп,
Ел жүйесін тапқан су.
Іргелі қала салынып,
Ильич шамын жаққан су.
Колхоз, совхоз тең бөліп,
Шаттық әнін айтқан су.

Тасөткел деген каналым,
Түзеліп тұр заманым.
Осы айтқан табысты
Көп алдына саламын.
Бидай дәні бармақтай,
Тары дәні жаңғақтай.
Арпа дәні асықтай,
Сұлы дәні қасықтай.
Күнбағыс бар табақтай,
Қауын, қарбыз лақтай.
Қызылша түбі келідей,
Жүзімі тартқан желідей.
Жүгері дәні жұмыртқа,
Жүгірер бала ымыртта.
Әбдіғали әріптес,
Сол сөзімді ұмытпа!

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз