Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Үмбетәлі мен Нұрилә айтысы (6-бөлім)

Үмбетәлі Кәрібаев, Нұрилә · 2 мин оқу

Үмбет ем озып жүрген осы кезден,
Құтылмас талап қылса иман ерден.
Аузыңды еркінсітпей, тарта сөйле,
Сен бе едің елде қатын байын жеңген.
Келдің де ақпай-тақпай кеттің қойып,
Барасың үндемесем төбемді ойып.
Болар деп түбі қандай ойлаймысың,
Барасың елдің бәрін қырып-жойып.

Нұрила, сенің жайың маған мәлім,
Сөйлейсің жоққа балап жұрттың бәрін.
Көзі жоқ көбелектей шоққа түсіп,
Қаларсың, байыптамай сөздің нәрін.

Жарамас шешен жауға, батыр дауға,
Өлеңнен сұрамаспын сенен сауға.
«Бәйге алмас, байтал озып», - деген сөз бар,
Сақа айғыр ап жүрмесін омырауға.

Көзіңді сүзе қарап қылмыңдатып,
Әр сөзді айтасың ғой жылмыңдатып.
Ішінде ұлы топтың ұялмастан,
Жарысқың келіп отыр жырды ойнатып.

Шешен десем, Нұрилә-ау, шатпақ па едің?
Сұлу десем, әншейін сатпақ па едің?
Аты шыққан әйгілі жорға десем,
Аяғына жем түскен ақсақ па едің?
Үлгі көрген, халықтан шаршы көрген,
Ақын десем, әншейін шап-шақ па едің?
Жүйрік тұлпар тұқымы көк байталдың,
Өз ойыңша озғанын мақсат көрдің.

Қанша айтқанмен байталдың бағасы кем,
Ұрғашы бола алмайды еркекпен тең.
Қара тілді әйелдің талайымен,
Қақтығысып әр жерде сөйлесіп ем.

Ырық бермей отырсың сенде маған.
Оңай намаз емеспін онша саған.
Ұзақ жолда шыдамай тайталасып,
Қарғып кетсем қаласың қанжығадан.

Намыстанба, Нұрилә, жаным оған.
Өзіңнен кем еркегің, тидің соған.
Тұяғынан тұлпардың серпінімен,
Қаптай берсін бетіңе ұшқан тозаң.
Өлеңімнің тасқыны астан-кестен,
Жұдырықпен ұрғандай апайтөстен.
Үмбетәлі ақынның өшсін аты,
Сен сықылды жеңілсе жөн білместен.

Нұрилә:
Ей, Үмбет, сенің өзің еркек пе едің?
Білмейтін сөз нақылын тентек пе едің.
Қағысып айтысудың ебін білмей,
Аузыңа келген сөзді жентектедің.

Шіркін-ай ақын десем, әңгі ме едің?
Бұзасың әңгіменің дәмді жерін...

Адасып айтар сөзге, албырттандың,
Албырттың мен талайын қаңғыртқанмын.
Жем жеген екі мезгіл сәуріктей боп,
Әулігіп айдалаға маңғыртқаның.

Емес пе айтысқан соң жарысқаным?
Көк байтал көрдің бе аттан қалысқанын?
Айғайлап әйелсің деп айта бердің,
Осы ма білген сөзің данышпаным.

Нұрилә талай тойға баратұғын,
Той болса әнім осы салатұғын.
Омырауға алам деп талай сәурік,
Бір-бір иіскеп өз қиын қалатұғын.

Ей, Үмбет, сөзге құлақ саласың ба?
Ақылға түсінбейтін баласың ба?
Жеңілсең қасиетің кетіп менен,
Атақты албасты боп қаласың да.

Атандым Нұрилә ақын қыз күнімнен,
Жерім жоқ айтар сөзге бір кідірген.
Бұл емес шаршы топқа талай түстім,
Естіп пе ең мені сірә деп мүдірген?
Сөйледім талай топқа сырмен сермей,
Отырмын сермер жерге еркін келмей.
Болады өлең деген әңгі намыс,
Бұл жерден мен кетпеймін сені жеңбей.
Егерде жеңілетін болсам сенен,
Өлгенім жақсы емес пе үйді көрмей?!

Үмбетәлі:
Сөзіме шалып айтқан шамданасың,
Еркектен қалыспауға қамданасың.
Түзетіп өз мініңді сосын сөйле,
Өлеңнің тауып айтып таңдамасын.
Сөзіме өзіңе айтқан көңіл қоймай,
Ауызымды менің бағып аңғарасың.
Әңгі деп ақымаққа мені теңеп,
Сәурікке кімді қосып сандаласың?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз