Саяділ мен Майса айтысы (1-бөлім)
Саяділ Керімбеков, Майса · 2 мин оқу
Саяділ:
Сыпыртып томағамды Алатаудан,
Бүркіттей түлкі көрген ұштым жолдан.
Жайылған Жетісудың сазындағы,
Сұңқармын тоят алмақ қоңыр қаздан.
Майса қыз, алыстағы ауылыңа,
Жүйріктей жеттім келіп, бауырын жазған.
Саяділ қызға қырғи-қыйғақ қыран,
Алапан асып жүрген өнерпаздан.
Майса:
Алыстан түлкі болсам шаң беремін,
Түнемел түздің құсын таң көремін.
Жарасаң аң алуға түбінде бір,
Жая мен тоятыңа жал беремін.
Жарамсыз бөденеге қырғи болсаң,
Тақ-тұқтай таңдайыңа нан беремін.
Мақтанның аяғына түсер қақпан,
Кезегім байқаусыздан бар демегін.
Саяділ:
Ардақты атың жақсы, ақын Майса,
Даңқыңды дәріптеумен халқың жайса.
Жылқыдай дара шапқан әуселең бар,
Шаң тимес жүйрік болсаң, енді байқа.
Аттатпай, не бұлтартпай табаныңды,
Соғамын қиғаш келіп қылдан тайса.
Бекерге құр кеудеңді ұра бермей,
Қаймағын қалқып сөздің, майын шайқа.
Майса:
Елімде аға-құрбы, бар замандас,
Тұсыма талай құрған менің малдас.
Бәйгеден дара келген әлденеше,
Жүйрігің мың да болса бір шала алмас.
Көрейік қайымдасып аптықпастан,
Аңғарып аяғыңды аяңдап бас.
Айрылдың шалам десең абыройдан,
Басыңның саулығында аулаққа қаш.
Саяділ:
Жанады отынды да отқа ысырсаң,
Жанбайды өздігінен босқа тұрсаң.
Қашаған жеткізбейтін безбе жүйрік,
Жалықпай өмірінше өлең қусаң.
Жел сөздің тізгініне берме ырықты,
Сөз жайын менің жаным әмәндә ұқты.
Мен емес кекірейіп тұрар кісің,
Өзіңмен тіресуге табан мықты.
Майса:
Тауаныңды табанға тірегенің,
Шыбыртқыңды тіліңе білегенің.
Дүлділ сөздің тізгінін іркіңкіреп,
Жүгіріске өнімді үдегенің.
Нықты теуіп үзеңгісін екі жақтың,
Табандап тартысуға шірегенің...
Көп түсіп сайыскердей әдіс алған,
Менің бір ақын еді тілегенім.
Саяділ:
Татқанда Майса шырын бал екен деп,
Естуші ем «бір ақынға зар екен» деп.
Жайылып даңқың көпке мақтағандай,
Бағаласам басында бар екен деп.
Өлеңімен ән-әуез өнері тең,
Дәл қосылса өзіме пар екен деп.
Бағынбайтын басқаға өз теңінен,
Тұрмыстанса тұрақты жан екен деп...
Майса:
Қонбас қыран шақыртқы болмай жемі,
Жем дегенім жемісті еңбек ері.
Елге сондай қадірлі ер сүйкімді,
Жұртқа мәлім, ісімен сіңген тері.
Айрылады кейбіреу өз жарынан,
Үйге жайсыз, болса да түзге сері.
Сондайлардың, Саяділ, бірімісің,
Көп уақыт сынаймын онда сені.
Саяділ:
Өткір тілім өтелер кесіп айтқан,
Сөз түйдегін ширатып есіп айтқан.
Тұзақтың қылындай боп шатылысқан,
Түйінді түгелімен шешіп айтқан.
Еңбексіз осы уақта ер бола ма,
Маған да Майса мұның несін айтқан.
Бір жайсыз мұнан бұрын жерге барып,
Кісідей сөз төркінің сесі қайтқан.
Майса:
Қисынды өлең депсіз қиюласқан,
Тіркеліп желісіне ұйымдасқан.
Ұйымнан лағатын сөз далаға,
Аңғыртқа адасқаның ұғынбастан.
Жағдайсыз жаман жерге бара алмаймын,
Сыртымнан сыбырласып алып қашқан.
Шошимын еңбексіздің реңінен,
Бетінің үстін ұят, жыбыр басқан.