Саяділ мен Майса айтысы (2-бөлім)
Саяділ Керімбеков, Майса · 2 мин оқу
Саяділ:
Әр сөзің сүйегіме шын батқандай,
Жойылмас арзан баға қымбаттанбай.
Қолымда бес жүз еңбек книжкем бар,
Көзіме оттан ыстық нұр мақпалдай.
Ласқа шайпау тілің үйір екен,
Денеге баттастырып кір жаққандай.
Сіздің де мінезіңе сын теңесем,
Көңіліңе ауыр алма мың батпандай.
Майса:
Зар кешкен жалған сөзді жақтырмаймын,
Бойыма болмағанды жапсырмаймын.
Бойымнан бір мінімді дөп таппасаң,
Өріне өтіріктің бастырмаймын.
Қамданып қашағандай бұрын көрген,
Сен білсең, сезігімді таптырмаймын.
Састырып айтатұғын жауабыңнан,
Мен қусам, адымыңды аштырмаймын.
Саяділ:
Қалаған қалпыменен өлең шымдай,
Қалыпқа қаптап әбден тартқан сымдай.
Сақамен сөз кенейін атысқан соң,
Айқын ақ ұтылмағың болып жырдай.
Керек затын халықтың сөзбен құндап,
Сауал етіп сұраймын сізден ыңғай.
Өлеңге сонда мәлім жетік болсаң,
Қаруын қайтарасың қата қылмай.
Майса:
Сауалың сауатың көп, соның шығар,
Кітаптың біз білмейтін томы шығар,
Аттанып асығыспен тез қайтатын,
Аттың жалы, түйенің қомы шығар.
Ұнаса ұсынғаны халайыққа,
Жігіттің топ ішінде жоны шығар.
Сауалдың сондай қиын таразысын,
Салмақтың баса алмаған соры шығар.
Саяділ:
Тартылса таразыға сөздің сыны,
Тұрады басыңқырап көптің ығы.
Бұлжытпай мағынасын дәл тексеріп,
Анықтап аударады істің шыны.
Егілген мезгілімен егін пісіп,
Бүршікті дәнін бүркеп тұрса қыны.
Уқалап бір топ бидай алақанға,
Бағалап алғанындай, қанша құны.
Майса:
Ырзығы дүниенің дән емес пе,
Адамның әл-дәрмені нан емес пе?
Қорегі көздің нұры көзіміздің
Өмірдің бір топ бидай нәрі емес пе?
Ажарын екі беттің кіргізетін,
Күн көріс, тірлік, қуат – бәрі емес пе?
«Жанға тең» дейтін нанның бағасы бар,
Шешкенім осылай деп дәл емес пе?
Саяділ:
Жеткізді шын мақсатқа қыз бидайын,
Таба ма тапсынбаса сөз ыңғайын.
Үнемі үзілдірмей тез қайтарып,
Жауапты жабдықты адам берген сайын.
Табанда айтқан жерде тауып бермек,
Ешкімнің назарында тұрмас дайын.
Төрт нәрсе неге қажет – зәру жұртқа,
Білсеңіз түсіндірші бізге жайын.
Майса:
Түкпірі дүниенің кең болады,
Кемеріне мекендеп ел қонады.
От пен су, тұз, нан тұрмыс ырызығы –
Халықтың қажетіне тең болады.
Жаралып адамзаттың жарағына,
Бірі себеп, біріне дем болады.
Осы заттың біреуі болмағанда,
Тұрмыста талай нәрсе кем болады.
Саяділ:
Қыран едім қырғидай сөзді ілетін,
Тобын қуып торғайдай бездіретін.
Қарындастың қапы жоқ ұтқырында,
Тапқырлығын тартынбай сездіретін.
Өлеңшінің міндеті өзге жаннан,
Керек затын өзіне тез білетін.
Бес нәрсенің жұлдызы адамға ыстық,
Айтып бер ажыратып қасиетін.
Майса:
Жылқы адамның қауырсын қанатындай,
Ешкі мен қой тұрмыстың манатындай,
Алыс жолға түйемен жүк тартқанда,
Мұқтаждығын көңілдің табатындай.
Ала көнек мал құты сиырлардың,
Сүт бұлағы іргеңнен ағатындай,
Бес түлігі пенденің қасиеті,
Қадағалап өсіріп бағатындай.