Саяділ мен Майса айтысы (4-бөлім)
Саяділ Керімбеков, Майса · 2 мин оқу
Саяділ:
Бар бөгетін жолында балталаған,
Ортасынан қақ жарып паршалаған.
Бар нәрсені жаратпақ қажетіне,
Өйтпейінше құмары тарқамаған.
Басқа жерге аударып қондыруға,
Дамыл көрмей тасынып арқалаған.
Жүксіз тұрған арқасын бір көрмейсің,
Немене деп ойлайсың шаршамаған?
Майса:
Бітеу істі шабатын балта батыл,
Жарылатын қарсы күш таппай тақыл.
Жаңа жұртқа тасынып қонған ауыл,
Жасыл барқыт жүк жинап қам қып жатыр.
Дүниесін меңгеріп өз күшіне,
Диірмені дөңгелек тартады асыл.
Саяділ:
Оралады оңына Күн мен Ай да,
Танытатын жиһанды ақыл – айна.
Дүние кезіп танысақ әлем түсін,
Болды дейміз дегенде сезім пайда.
Баданадай көзіме көрінбейді,
Жүретінін білмеймін соның қайда.
Атқаратын ал сонда қызметі не,
Тақырыбын тауып бер осындайда?
Майса:
Ойлаған түпсіз терең ойдың күші,
Деп айтамыз сөзімнің жүйрік құсы.
Шарықтап аспан-жердің аралығын,
Ұшады өнер іздеп бар жұмысы.
Жаһанды кілем мініп мың айналған,
Қиялдай болды мынау ел тұрмысы.
Қайда барсаң қасыңда өз жолдасың,
Бетінің дем қаққандай бұрылысы.
Саяділ:
Бір жүйеден төрт мүше құралады,
Машинадай бар денең бұралады.
Тірі жанға тірнектей еңбек үшін,
Аяқ жүріп орнынан тұра алады.
Бір жапырақ нәрсенің әсерінен,
Бетің күліп, пейілің қуанады.
Қайтпайтын, айнымайтын адамзаттың,
Не болмақ ең ұстамды тиянағы?
Майса:
Сезік берген денеге хабарлы кек,
Бадалыма сұғымен қадалды кеп.
Бұлт қуған буырқанып дауылдайын,
Қайтпай жауын жапырған ажарлы бет.
Қуанышты тең бөліп үлескенде,
Налып тұрған ешкім жоқ аз алдым деп.
Ең ұстамды тұлғаға тиянақты,
Оттай жанып айтып бер неден қорек?
Саяділ:
Қанып көңіл Маркстің ғылымына,
Сүңгігендей дарияның тұнығына.
Жылдан-жылға үйреніп қаздай жүзіп,
Ақыл терең шомылды жылымына.
Сезім ауқат әлінше алып жейді,
Жұтқанын жұғым қылып жұмырына.
Ғылым теңіз қиялға азық болған,
Өмірлік қуат беріп ұғымына.
Майса:
Қалың нөсер жауғандай қатқан көнге,
Түзелмеген зат бар да басқан тезге.
Астау, науа, бақырмен суарсаң да,
Мезгіл осы қонбайтын құлақ сөзге.
Қызығына тоймайтын себебі не,
Көл-көсір дүниені тартқан көзге.
Жалықпайды неліктен көздің нұры,
Тағы көрсем дегендей, тағы да өзге.
Саяділ:
Өмір қандай тамаша өзгергенде,
Дүниені тоймайды көз көргенде.
Құлақ сөзге қанбаған құмарлығы,
Орайына оралғы тез бергенде.
Рабатқа жаһанды айналдырып,
Іспен жеңіп, еңсеріп меңгергенде...
Адамның асыл алғыр тіл одағы,
Дұшпаны ұшырғандай бар бораны.
Асудың бел бөгетін кесіп өтіп,
Даңғылдаған алдында жол сорабы.
Еміреніп ернімен еңбек сүйген,
Бөтені жоқ ішінде бір қоралы.
Туғызған күнде қарқын, жүзі жарқын,
Аты, затын айтып бер кім болады?
Майса:
Бояуындай ағаштың емес оңғақ,
Нұр денесі жарқырап тұрған сонда-ақ.
Құрылысын күн санап шынықтырып,
Ақ жамбысын аспанға атқан уақ.