Үмбетәлі мен Нұрилә айтысы (7-бөлім)
Үмбетәлі Кәрібаев, Нұрилә · 2 мин оқу
Неғыпты қатыннан қап сонша маған,
Емеспін оңай неме мен де саған?
Алдымда жаңғалақтап сөйлей алмай,
Әр жерде қалушы еді сендей адам.
Мен өзім ерте шауып, кешінде озам,
Емес қой сен сықылды менің қожам.
Екі ауыз өлеңімнен есің шығып,
Боп кетер топырағың сенің тозаң.
Көргенім жоқ, Нұрилә-ау сендей пірсіз,
Өнерлінің өмірі жұртқа мінсіз.
Шаңқан боздай сөзіме шаң жұқпайды,
Ішегі домбырамның ешбір кірсіз.
Тәуба келтір тіліңнің жазасына,
Тие бермей Үмбеттің мазасына.
Өнегеде үлкен деп сыйламасаң,
Жолығасың шоқпардай назасына.
Шимай-шатпақ сөзіңді шатпақтама,
Пәк денесін біреудің сатпақтама.
Сөз аяғы біткенше албырттанып,
Ақылы жоқ адамдай асқақтама.
Өлеңі бұл Үмбеттің астан-кестең,
Тисе тисін, тимесе апай төстен.
Өлгенім үйді көрмей жақсы емес пе,
Жеңілсем сен сықылды жарыместен?
Нұрилә:
Ей, Үмбет, мінезің бар оңбайтұғын,
Ақылға сөз айтасың қонбайтұғын.
Ләпсіңнен жеңілдің бе, жазым болып,
Кезінде қанатыңды қомдайтұғын.
Дәл өзі сен емес пе кеңкелестің,
Болады сөзі осындай жарым естің.
Бетіме мұның несін қылдың шіркеу,
Біреудің оң жақтағы қызы емеспін.
Бақ берсе, бала берсе бағыменен,
Үмбеттің сағы сынар тағы неден.
Ауырсаң, Үмбетәлі, сүзек болып,
Ұшықтат Нұриләның таңыменен.
Не дейді мына ант атқан, төрелерім,
Алдына шақыртпасаң келер ме едім.
Найсап бейәдептің тіл сазайын,
Өлеңім, үстем келіп, төпелегін.
Бұл Үмбет ақын емес, анық шатпақ,
Ежелден ескі мінез сөзге тақпақ.
Жігітті абыройлы әр уақытта,
Жүреді әр нәрседен құдай сақтап.
Әйгілі ақын болсаң ел мақтайтын,
Сөзіңді сөйлесеңші екі жақтап.
Әйтеуір ақынмын деп әуектейсің,
Білмейсің не айтқаныңды қылжалақтап.
Белгісі өлеңшінің олай емес,
Жақсының сөзі балдай, сырлы кеңес.
Майда тіл, жұмсақ көңіл болмайынша,
Ақындық азаматқа оңай емес.
Өрден өрге бастадың өзіңізді,
Мен де өрге айдайын сөзіңізді.
Айтысып меніменен пар келмейсің,
Таппасаң менен басқа теңіңізді.
Үмбетәлі:
«Ұят жоқ, иман жоқта» деген де сіз,
Көрмедім бұл бұған дейін сендей пірсіз.
Шімірікпей, жүзің құрғыр, не деп айттың?
Бетіңнің қытығы жоқ, тіпті бүрсіз.
Деуші еді әркім сені долы қатын,
Жүрмейді долыменен пері жақын.
Бар болса қалған сөзің тағы да айтқын,
Қалған жоқ ешбір жерім қорынатын.
Ұлықтар, бұл қатынның жоғалт көзін,
Қарашы найсаптың айтқан сөзін.
Келдім деп шақыртумен міндет қылса,
Саулықша маңыратпай қойғыз өзін.
Қиналма таңың созып, табылады ем,
Сүзек боп ауырғанға дәрігерден.
Тентектің телі сөзін тергеу түгел,
Қош алып мұның сөзін көресің жөн.
Барғанда сөздің рас тазасына,
Тіліңнің бір тартарсың жазасына.
Ақ түйек алтау екен, ой, қара бет,
Үмбеттің қап жүрерсің назасына.
Былапыт былғадың ба тілімді енді,
Айыпты айтқан сөзің білінбеді.
Төңкеріліп отырмын судай жылжып,
Кездеспеген бетіме бір қиындық.
Иегімде бір қыл жоқ – бозбаламын,
Сәні бар ма сақалдың бес тиындық.
Мінезіңді, сырыңды білдім сенің,
Бір адамсың бұлт етпе, түлкі құйрық.
Долы құйын секілді ұйытқып шалқып,
Жылт етесің сынаптай қолдан жылжып.
Қабағыңа қара қас сызылады,
Сөйткеніңмен кім саған қызығады.
Алты тиын алмаймын бағасына,
Атым үркіп арбамнан бұзылады.