Үмбетәлі мен Нұрилә айтысы (2-бөлім)
Үмбетәлі Кәрібаев, Нұрилә · 2 мин оқу
Саяділ:
Кенен де домбыраны қолына алды,
Сыпайы ширатылып ән толғанды.
Құлағын домбыраның толғай бұрап,
Отырып бір тізерлеп орын алды.
Сонан соң шырқап-шырқап әнге салды,
Дауысын есіткен жұрт қайран қалды.
Сай шыққан заманаға бұлбұл еді,
Қаратты өз аузына тірі жанды.
Кенен:
Өлеңді Бармақ бастап, бұрын айтты,
Өзінің өтіп кеткен бұлын айтты.
Тұңғиық, бітеу кеуде кісі емес пе,
Жараның ауызын қасып ұлғайтты.
Жаратқан құдай қисық қыңырайтып,
Сөзінің сынын бұзды, сырын айтып.
Мұңым деп шынын айтқан Бармақ еді,
Халайық, жазалайсың мұны қайтып.
Сөз тумас осындайда ақылы аздан,
Құтылмас өлең шіркін өнерпаздан.
Саңлақтың заманында біреуі еді,
Қалыпты қартаң тартып қайран жазған.
Өгейсіп өткен күнін Бармақ отыр,
Өткенді, кеткенді айтып зарлап отыр.
Кененге кезек берді сөйлегін деп,
Кенен де оңды-теріс самғап отыр.
Беремін мен де кезек Үмбет, саған,
Сөздің аяқ алысын аңдап отыр.
Адасып айтар сөзден жаза баспай,
Бар болса соны өлеңің қамдап отыр.
Ақынсың атың шыққан алты алашқа,
Әркімнің әр алуан көңілі басқа.
Әріден қозға ойыңды, қолдан келсе,
Бармақша жаза басып, қаталаспа.
Ал, Үмбет, аламысың, келді кезек,
Домбырам жұлқынады сені көздеп.
Қиынға қия шапқан жүйрік едің,
Адырға алғызбайтын бойын тежеп.
Ақын жоқ бұл өңірде сенен өткен,
Самғайтын сан қараға тілді безеп.
Өтініп сөйлер сөзден отырғанда,
Күлгізіп кетпеймісің бірдеме деп.
Ешкімге баяндамай саулап өтіп,
Домбыра бір айналып келдің жетіп.
Желісін үзбей тартып соққан желдей,
Айтатын ақын қайда екпіндетіп.
Кененнің бүгін миы ашып отыр,
Бармақты да албасты басып отыр.
Менімен айтысатын Бармақ қайда,
Үрейі күні бұрын қашып отыр.
Арман қылып өткенін, енді бүгін,
Көңілі өз-өзінен жасып отыр.
Үмбетәлі:
Үмбетке кім бермейді қолын жайса,
Ер жігіт қор болады серттен тайса.
Бұл сөзге мақтан, желік қосқан бар ма,
Соғып-ақ кетпеймін бе Сүйінбайша.
Дейтұғын «Үмбет ақын», Үмбет едім,
Өлеңді оңды-теріс гулетемін.
Айтысар ақын болса шықсын бері,
Түлкідей қызыл алтай індетемін.
Өткенді айтып, Бармақ-ау, ақың бар ма?
Өткенде миға қонар нақыл бар ма,
Үмітінен ел-жұртты түңілдірдің,
Енді тыңдап ал мені, қапы қалма.
Осыдан таң атқанша жалғыз айтса,
Бұл Үмбет жалықпайды сапылдарға
Мерекең құтты болсын жиналған топ,
Менімен айтысардай қатын бар ма?
Зинәділ:
Ей, Үмбет, бір қатын бар біздің елде,
Ауылымыз алыс емес жақын жерде.
Ол келсе, Үмбетәлі жеңілесің,
«Бәлені сен қылдың», – деп менен көрме.
Айтайын – ол ақынның Нұрилә аты,
Өлеңі мына Үмбеттің сөздің заты.
Нұрилә келіп қалса осы араға,
Болады деп ойлаймын көңіл шаты.
Қияқты жігіт еді оның байы,
Белгілі Нұриләның бізге жайы.
Кісіге анау-мынау жібермейді,
Жұмсаңыз Табылғай мен Иманбайды.
Және де дұғай сәлем хат берейік,
Кім барса қалтасына сап берейік.
Ішінде екі сағат келсін тез деп,
Лауға мініп келер ат берейік.
Саяділ:
Жұбаныш Нұриләға қағаз жазды,
Білсін деп замандасым айтқан назды.
Ішінде екі сағат келсін деді,
Көруге құштар болып өнерпазды.