Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Үмбетәлі мен Нұрилә айтысы (8-бөлім)

Үмбетәлі Кәрібаев, Нұрилә · 2 мин оқу

Шаптың қарсы, не десем, бетке дүрсе,
Ысқырғандай орданың оқ жыланы.
Аулақ кетсін шенімнен, алас!алас!
Десем қата болмайды Нұриләны.

Нұрилә:
Ей, Үмбет, ақындықпен арындадың,
Арындап, әрі-бері ағындадың.
Антұрған әзіл сөзге наза болып,
Қарғанып, қара албасты, қағынбағын.
Елімнің жолықпасам сілесіне,
Еркектің киесіне табынбадым.
Шалаға жанып тұрған жақындасып,
Темірдің қызуына қарынбағын.

Әдептен самғағанда адаспаймын,
Саналы сөзің болса таласпаймын.
Бойыңда шықпай жүрген ұшығың бар,
Өлеңмен оңды-солды аластаймын.

Бетіңде сақал-мұрттан тұлдыр да жоқ,
Қағынып жүр екенсің жын қума боп.
Секілді кәрі кемпір кейіптенген,
Қазақтың сендей көсе ұлтында жоқ.
Ой сала сезіміңді мөлшерлесем,
Ақындық ақыл дарқан сымбыл да жоқ
Қатыннан қасабалы неңіз артық?
Ер белгің иегіңде бір қыл да жоқ.

Болғанда бетің тықыр, бойың мықыр,
Қитықтау мінезің бар, желкең шұқыр.
Кескінің келісімсіз таңқы мұрын,
Торсықтай майлап қойған қара жылтыр.
Жабысып сары шаяндай елді мақтап,
Ән қостың домбыраға тыңқыл-тыңқыл.
Сыртымнан жеңемін деп желпінесің,
Естіп ем өсегіңді сенің былтыр.
Өлеңге мығым болсаң сығымдаймын,
Ер болсаң тыпырламай менен құтыл.
Артықша менен астам қай жерің бар?
Не жеңіп, не жеңіліп сөзден ұтыл.
Өткендей өңменіңнен болды сөзім,
Ал, Үмбет, арыстан боп айға ұмтыл.

Үмбетәлі:
Көрермін, ей, Нұрилә, озғаныңды,
Қозбасы әңгіменің қозғатылды.
Ырылдап қаншық иттей қаба бердің,
Шығарып тастамасам боздағыңды.

Мықыр кескін бойымнан садаға кет,
Сен сықылды емеспін бояма бет.
Сөзіңнен көң-қолаңса иісің шықты,
Пайым қылып бір-екі сөйлесіп ек.
Мәнері жоқ сөзбенен маза бермей,
Сандаласың әйтеуір бірдеме деп.

Басынан балдыр сөзді пысықтаймын,
Жел сөзге жүрегімді ысытпаймын.
Аластап әрі-бері, асқындырып,
Жегіңді желікпелі ұшықтаймын.

Болса да бетің қызыл, етің сұлу,
Не пайда болмаған соң бойда жылу.
Ойланбай, әйелдікпен сөз сөйлейсің,
Ашынаға бола ма қастық қылу.

Өлсін деп ол жазғанға алмас бердің,
Ағыңды қараменен алмастырдың.
Қолыңда қаза-тағдыр тұрған болса,
Құтылып сол байыңнан алмас па едің?
Алғашта айта салмай әр сынадым,
Шығарып боздағыңды шымшыладым.
Сезген соң сеңді суға түстің байың,
Өлсін деп отқа түсіп қарсыладың.
Ол байғұс ажалы жоқ өлмей қалып,
Қайғыдан түсің қашып қансырадың.
Бетіңде шімірігер шырқау да жоқ,
Жалғанды жалпақ басып шаршыладың.

Өз басын тоқтай ма адам тасқа ұрғанша,
Күнәға, байыңды арбап баттың қанша.
Сөзіме айтпайтұғын асық болдың,
Алысып албастыңды қақтырғанша...

Нұрилә:
Дүниенің кең қазына жалғанында,
Жарасар араздығым алғаныма.
Қатасыз, қамтамасыз пенде болмас,
Толқынды заманының аңғарында.
Болғанды о бастан-ақ болды демей,
Бола ма болмады деп танғаныма.
Мін қылып осы сөзді тағамын деп,
Артымнан ақын Үмбет қалмадың ба?
Бір дәмді, бір дәмсізді қосып шайнап,
Ащы ма, тәтті ме деп талғадың ба?
Пенденің жұмыр басы не болмайды,
Жетпесе жетем деген арманына.

Не түрлі керуен көшіп, заман өткен,
Тұрмысты талқы басып тепеңдеткен.
Адамзат бірде теңіз, бірде самал,
Ондай ісі бола бермек сондай кеппен.
Кісінің ерлі-байлы арасына,
Түседі деген сөз бар есі кеткен.
Болғаныма байыммен төсек араз,
Үмбеттің несі келіп, несі кеткен.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз