Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Үмбетәлі мен Нұрилә айтысы (10-бөлім)

Үмбетәлі Кәрібаев, Нұрилә · 2 мин оқу

Кез болған кезегінде байға бердім.
Ақ майға, қызыл құйрық шайға бердім.
Артынан қарындастың барамын деп,
Өткізіп бір жарымдай айда келдім.

Мән-жайын, мүддағасын қайдан білем,
Байқасам күйеудің де түсі күрең.
Үйіне қарындастың он күн қондым,
Ішінде ықылас жоқ ашық рең.
Тәрізді жақтырмаған бола ма деп,
Дедім ғой ертесіне атқа мінем.
Асықпа деді маған қарындасым,
Ілесіп аз шыдасаң бірге жүрем.
Білмеймін – қуаң түспен өңі қашып,
Бар деді арамызда бір қыр белең.

Күйеу де ақ жарылды, танбаймын деп,
Мынаумен ғұмыр кеше алмаймын деп.
Жаздырып талақ хатты тағы берді,
Басыңды дау-дамайға салмаймын деп.
Ұстады етегімнен қарындасым,
Ағатай, енді сенен қалмаймын деп.
Құм сірке, үсті-басы көк ала бит,
Тірілттім бейбақ қызды үйге ап келіп.

Болғанда бай келіні, күң болыпты,
Жүргенде басқан ізі мін болыпты.
Менсінбей кедей қызын байдың ұлы,
Жүйкесі жүрсе құрып, құм болыпты.
Күс-күс боп екі қолы, қара сирақ,
Ақ беті айғыз-айғыз кір болыпты.
Адамның санатына оны қоспай,
Итпенен есіктегі бір болыпты.
Біреуге сонан келе таңдап тиді,
Онысы өзіне өте сый жолықты.

Өзіне тапты байғұс жанашырды,
Осылай Алтынайдың бағы ашылды.
Ұшарлы ұлды-қызды отан болып,
Үй болды өз алдына жарасымды.
Үйіне түнеу күні мен барғанда,
Егіздері жармасты жарасымды.
Нұрилә, мұнан да ұпай таба алмайсың,
Тоқтатқын жөн-жосықсыз таласуды.

Нұрилә:
Адамға абыройсыз аса мақтан,
Орынсыз осы сөзің, ей сен айтқан.
Тигені Алтынайдың бесеу бопты,
Кеткелі кейін қайтып біздің жақтан.
Бес елден жалғыз кедей таппадың ба?
Байларға бақал болдың айна сатқан.
Шыққалы соңғы жерден үйінде отыр,
Екіден егіз ұлды қашан тапқан?
Бір бала өмірінде ол тапқан жоқ,
Сен таптың өтірікті оңай жатқан.
Адымың ашылмайды, мандымайды,
Нысап жоқ адал сөзге жала жапсаң.

Ей, Үмбет, үзгім келді сенен үміт,
Қылар ма сондай кәсіп сендей жігіт.
Алтынай ондай сауда болмас еді,
Басында берген болсаң теңін біліп.
Басында байдың ұлы менсінбеді,
Өлудің біле алмады емін қылып,
Батымсыз оның басы бола берді,
Қойған соң құдай сені еміндіріп.
Үмбетім, сөзің жылпың, аузың епті,
Жеріген қойша телдің екі бетті.
Алданып әлденеше жас Алтынай,
Өлем деп намыстанып у да жепті.
Тағдырға жазым болса кімнен себеп,
Тұрмыстың тұтқан зәрі оған кепті.
Кінәңді көп қаздырып неғыласың,
Қоздырып қай-қайдағы пәле кепті.

Жел сөзім желдей соғып сауылдасын,
Қабағың қатып, ішің ауырмасын.
Арқаңа артсаң жүкті шағындап арт,
Өтірік өрге баспас, мамырларсың.
Сырғытып бірден-бірге бейшараны,
Болды ғой есік қақпай қарындасың.
Көрем деп байдан опа байғұс бала,
Өткізді зая қылып жарым жасын.

Ұлықтар, осы сөзден түйініңіз,
Үмбеттің сатқан сиыр тиыны – біз.
Аяғын мұнан былай байқап бассын,
Жазаға, заң көтерсе, бұйырыңыз.
Қолқаға мұнан артық сіздің сұрап,
Алатын бізден болмас бұйымыңыз.
Теңгермей тұяғына жүрсе-дағы,
Үмбетпен бірдей шығар иығымыз.

Жамбыл:
Жамбыл сөзін бастаса бастан айтар,
Түйіп түгел соңына тастап айтар.
Бақ берген маңдайына басбармақтай,
Жүлде алады әр жерде жүйрік байтал.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз