Үмбетәлі мен Нұрилә айтысы (4-бөлім)
Үмбетәлі Кәрібаев, Нұрилә · 2 мин оқу
Бұл ісің Жетісуға болды зайыр,
Алдыңнан бір шығады қылған қайыр.
Туғызған құдай жұрттың несібіне,
Жігітсің өзің дана, сөзің шайыр.
Жеттіңіз мәртебе іздеп, ілімменен,
Жинадың елдің басын білімменен.
Мен сондай болдым ғой деп, үлкендік жоқ,
Жігітсің кішіпейіл күлімдеген.
Ташкентке Мәскеуменен қолың жетіп,
Кезіңде душар болдым дүрілдеген.
Мен едім Жантудағы Нұрилә ақын,
Қалмайды қайда жүрсем қатын атым,
«Қатыны пәленшенің ақын» деген,
Кетіп жүр талай жерге менің даңқым.
Мәліммін күнбатыс пен күншығысқа,
Сонда да алтын басым ауар мысқа.
Қарсылық жарлығыңа қыла алмадым,
Бұл жерге шақырдыңдар не жұмысқа.
Кеңшілік беріп қойған менің ерім,
Тамаша ойын-күлкі жүрген жерім.
Туғалы жас нәресте үш күн болды,
Әлі де бекіген жоқ менің белім.
Қыжалат керек деген бұйрық барды,
Бар еді не керегім осы менің.
Құндаққа нәрестемді келдім орап,
Қажетіне жарайын енді ненің?
Мен болсам Жантудағы Нұрилә ақын,
Шығандап шырқағанда шыққан даңқым.
Құбылтып ырғағымен даусым әнді,
Тыңдасын ынтасымен сүйіп халқым.
Жасымнан шаршы топқа келіп түстім,
Ақынмен көңіл соққан көп айтыстым.
Телегей теңізіне көптің малтып,
Халықтың қайнарынан шәрбат іштім.
Құдая, мүдірмегей тіл мен жағым,
Сөз айтсам дүр сілкінер гүлден жаным.
Ынтасын ел-жұртымның көргенімде,
Кетеді көтеріліп әруағым.
Жолдаспын өмір серік өлеңменен,
Құдықтан өнер қаздым тебенменен.
Кененді бір көруге құмар едім,
Атақты әншіл ақын дегенменен.
Жеңіп ем былтыр ғана Арғынбайды,
Осы үйде домбырасы даңғырлайды.
Айтыспастай мен барда болып еді,
Әйткенмен ақын шіркін ар қылмайды.
Шыдамай өлеңімнің таяғына,
Жеңіліп ең, Байбурыл, баяғыда.
Оспан, Мақыш, сенің де есіңде ме,
Жем түсіп ақсағаның аяғыңа.
Айтыспаған менімен Шүкітай бар,
Самбырлаған қасыңа Жартыбайды ал.
Ұлы тойда осындай кез болғанда,
Қалдым демей қапыда айтысып қал!
Үмбетәлі жай сөзге шамданатын,
Бар қобызы Бармақтың таңданатын.
Менімен осы жерде көп ақын бар,
Айтысуға қайсысы қамданатын?
Ортамызда ежелгі жырау отыр,
Барлық ақын бас қосқан мынау топыр.
Ойымызды бағдарлап, ортамызда,
Бізді жай Жамбыл ата сынап отыр.
Шүкітай:
Қапы ма едің, қарағым, Шүкітайдан,
Атым түсті аузыңа сенің қайдан.
Өз өнерім өзімді тарықтырмас,
Көмек сұрап көргем жоқ Жартыбайдан.
Айтыспаған сазайым тек болмаса,
Сені білем, Нұрилә, кішкентайдан.
Инабат пен ізетті сақтамасақ,
Ұятымыз төгілер болып айран.
Жанту болсаң, Нұрилә, Жаныс едім.
Ауылыңмен ағайын, таныс едім.
Екі бақсы жеңгенде бірін-бірі,
Бір емес пе, ойлашы, намысы елдің?
Аулағырақ әлі бір айқасармыз,
Қара өлеңмен қағысып шайқасармыз.
Оңашалау Дулаттың бір тойында,
Ақындықтың әр түрін байқасармыз.
Бармақ:
Қобыз қылы қолында мен ғой Бармақ,
Әлден келсе абырой әркім алмақ.
Неге қажет жоқ жерде руласып,
Шапырашты Дулатпен бола қалмақ.
Құбыладан оң тұрып жел соққанда,
Жер түбіне кетеді жеңіл қаңбақ.
Айқайласып келгенде арты жеңіл,
Шапырашты жай тұрсын жолды алмай-ақ.
Не дейді бір-біріне екі Дулат,
Жай ғана Шапырашты тұрсын тыңдап.
Бетіне ұстап келген Жамбылы бар,
Сүйінбайдан кейінгі кәрі шумақ.