Кенен мен Әбдіғали айтысы (2-бөлім)
Кенен Әзірбаев, Әбдіғали Сариев · 2 мин оқу
Енді бері келейін,
Ақбөкендей желейін.
Жақсыбай мен Қазанғап,
Екеуіңе айтып берейін.
Жетісудің ел, жерін,
Атақтысын терейін.
Қасқарауда Өтеген,
Үйде тұрмас кетеген,.
Қырық жыл өріс қараған,
Безіп қатын-баладан.
Жамбыл да айтты бағалап,
Ертеде-ақ елге тараған.
Мүйізі бар басында,
Ораздан шыққан Жолбарыс
Тарихы бар, ел таныс.
Ноғайбай мен Кебекбай –
Тілге шешен, сөзге бай.
Ауданымыз атақты,
Сұлутөр мен ел Қордай.
Түп нағашым Қабанды-ай,
Жұртқа мәлім болғандай.
Өз ұстазым Сарбас,
Өлеңі жұққан айрандай.
Сарбас деген кең ақын,
Жамбылменен тең ақын.
Тірі жүрсе бұл кезде,
Талайыңды жеңетін.
Қалмырзамен айтысып,
Қырғыздан бәйге алатын.
Өз нағашым Қаңтарбай,
Сүйінбаймен бір парды-ай.
Түп атам жүйрік тұлпардай,
Ақиық қыран сұңқардай.
Байқап сөйле, ақыным,
Тоқталып қалма айта алмай!
Топшаңды қиып мен кетсем,
Жапалақтай далақтап,
Топ түсерсің ортаға-ай.
Жақсы ақынның өлеңі,
Шебер тіккен киімдей.
Балдан тәтті ұғылар,
Жас баланың тіліндей.
Елжіретер көңілді,
Құрманғазы күйіндей.
Жақсы сөз жұпар аңқиды,
Жазғы шөптің гүліндей.
Құлағыңнан кетпейді,
Бұлбұлдардың үніндей.
Халқым келді қамалап,
Сайра, тілім, мүдірмей.
Ақын болсаң Сариев,
Жауап берші кідірмей.
Сауалым бар Сариев,
Тауып берші бөгелмей.
Жүк аумайды бұраумен,
Сөз ашылар сұраумен,
Қар өседі қылаумен,
Бала өседі сылаумен.
Ер Тарғын мен Қобыланды,
Исатай мен Махамбет,
Құрманғазы, Тәттімбет,
Қайдан шықты жауап ет!
Жетісуды атап бер,
Малдай санап, матап бер.
Аяғы қайда құяды,
Басы қайдан шығады.
Атағы зор Алатау,
Астана тұрған бақша-бау.
Хантәңірім биік қай жақта?
Атап айтшы, қылмай дау!
Байқара, Жамбыл деген жер,
Жәкең туған кемеңгер,
Дәл қай жақта болады?
Әбдіғали:
Ақын өлең бастайды,
Тас түлек құстай қомданып.
Жауап сөзден қашпайды,
Ақ домбыра қолға алып.
Біраз ғана сөйлейін,
Өткендерден қозғалып.
Ер Қарасай ұраным,
Атағы шыққан жауды алып.
Батырлығын сұрасаң,
Асыра қуған таулардан,
Қалың қара қалмақты,
Алатаудан жол салып.
Шапыраштының баласы,
Сауыт киген, найза алып.
Сарыбай мен Сұраншы,
Молжігіт қонақ серігі,
Қазақты шауып алам деп,
Қоқанның ханы келгенде,
Сарыкемерден қашырып,
Шоқпардан әрі асырып,
Төбе боп қалған өлігі.
Тозған елді құраған,
Алатаудың бауырына,
Мекендеткен елімді.
Тұқымы соның біздерміз,
Қылышынан зәр тамған.
Жапыра жауды талқандап,
Найзасынан қан тамған.
Ақын десең осы елде,
Қызыл тілден бал тамған.
Сүйінбайдың ұрпағы –
Әбдіғали ән салған.
Сарбасты айтасың
Жорға еді деп шайқалған.
Оған теңдес Бақтыбай,
Хан Тезектей төренің
Зәрлі жүзін қайтарған.
Балғамен ұрған шекедей,
Төбесінен тойтарған.
Қолқа қойдың, Кенеке,
Сұрауды қойып қай-қайдан.
Қарасай бабам ер еді,
Әңгімесі көп еді.
Қарасайдың мазарын,
Өздеріңдей ақсақал
Сарыарқада деп еді.
Ер Тарғын мен Ерсайын
Кіші жүзден дер еді.
Қаз дауысты Қазыбек,
Шақшақұлы Жәнібек,
Қазақтың асқан ері еді.
Қанжығалы Бөгенбай,
Арғыннан шыққан аға еді.
Қаракерей Қабанбай,
Найманның ұран-жары еді.
Бұл айтылған адамдар,
Ел ауызында бар еді.
Құнанбайұлы Абайдың,
Ақылы дария жан еді.
Әдебиет жазбасы,
Сол кісіден қап еді.