Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Саяділ мен Майса айтысы (5-бөлім)

Саяділ Керімбеков, Майса · 3 мин оқу

Түбірімен пікірін шындық жеңіп,
Қадірлі қасиетті қоғамға нақ.
Қалпында қаяуы жоқ колхозыма,
Сенімді адам ғана мүше болмақ.

Саяділ:
Колхоздың бір мүшесі Майса тегің,
Осы еді бағанадан қойған шегім.
Мал анау жер қайысып ызғып жатқан,
Ту тігіп алабына жайқалды егін.
Күн құсап көктемдегі күркіреген,
Біз көрдік қыруарын машинаның,
Қондырып мұндай бақыт басымызға,
Жандырған кім болады ел еңбегін?

Майса:
Дүниені айналдырған асыл кілт,
Отырған бентін бұрап екі жігіт.
Айбатынан аспан, жер қозғалғандай,
Қолынан үзілмеген ұзын кілт,
Жеткенде бұл үміттің ұшығына,
Сізбенен ортақтасып біздің мүлік.
Сауалдың мүмкін болса бер кезегін,
Тең соралық кемігін майлы жілік.

Саяділ:
Он жасымнан өлеңді айттым өңдеп,
Домбырамды жүйріктей бақтым сендеп.
Әйел бала затыңды сыйлағанға,
Артықсынып, асқынып, кетпе дәндеп.
Кезегіңе келетін таласым жоқ,
Мен күтуші, айта бер, сіздің нәубет.

Майса:
Айтысалық, Саяділ, сөзге қыза,
Аударатын іріміз шепті бұза.
Алыс, беріс арадан үзілмеген.
Болып қалдық екеуміз өлең құда.
Аларыңда болып ең алман-жалман,
Береріңе келгенде бекем шыда.
Айтпай түсін адамға танытатын
СССР-дың белгісі не екен, сірә?

Саяділ:
Өнерді меніменен салғасып ал,
Әр нәрсенің ағымды арнасы бар.
Қарым-қатынас халқымнан үзілмейді,
Одақ елдің орталық жалғасы бар.
Жер жүзіне әйгілі, танытатын,
Айшықталған орақ пен балғасы бар.

Майса:
Жаман істен жасқанбас жақсы бар ма,
Адымыңды аңғалдық аштырар ма.
Алыс-жақын араға шабар жылқы,
Белгі беріп тұрады ат құмарға.
Тартынбайтын жауаптан жомарт болсаң,
Енді қандай борышың бар тапсырарға?
Исі келсе мұрныңа жеркенетін,
Деп сұраймын сізден мен ащы бар ма?

Майса:
Адасқанда, Саяділ, қара басты,
Таба алмадың сауалды, сен албасты,
Бір кезде патша зұлым елді тонап,
Жеркенішке улатып зәрін шашты.
Сол кезде бұқараның босқа кеткен,
Десең болад қаналған еңбегі ащы.

Саяділ:
Тұзағыңа жем шашып, шабындырдың,
Құрғақ сауда ізіңнен жаңылдырдың.
Жаңылыста орынды жаза басқан,
Сөз аяғын бұрмалап жазым қылдың.
Ісің бітті, тұсымнан тұр дегендей,
Етегімді менің де қағындырдың.
Бастың буын қазандай бұрқыратып,
Езе берсең, өзің біл, сабын қылдың.

Майса:
Жайлауына жаңа жұрт ауыл қонған,
Жатырқаусыз ағайын бауыр болған.
Тау көтеріп табандап лақтырып,
Тумаластай жұмыскер қауым болған.

Бір жүйеден алуан ұлт құралады,
Машинедей толқыны бұралады.
Адамзаттың ақырғы айнымайтын,
Ең ұстамды не болмақ тиянағы?

Саяділ:
Адамда арман бар ма туса бүгін,
Біледі барлығы да істің түбін.
Құлпырған қызғалдақтай жасөспірім,
Қарашы Отанымның ұл мен қызын.
Аршындап аттағанда алға басып,
Шарлаған біздің халық дүние жүзін.
Ең соңғы адамзаттың тиянағы,
Аңсаған бүкіл дүние – коммунизм!

Майса:
Бастайтын коммунизм ел қоғамы,
Аңқыған қош иісті жел соғады.
Тегістік дәуірінің өткеліндей,
Халқымның мәртебесі тым жоғары.
Саяділ, сауатыңды аш газет оқып,
Жарайсың көкірекке алсаң тоқып.
Білімің өсе берсін барған сайын,
Аяғың алған бетке желе жортып.

Саяділ:
Орнады теңдік, бақыт босағасы,
Жай адам болып отыр қос ағасы.
Ілгері социализм жасай берсін,
Өмірдің өте қызық осы арасы.

Тілімнің қамшы басып тұлпарына,
Майсаны теңгермедім шынтағыма.
Сұрадың қанша сауал – сонша шештім,
Кейінгі мақтан болсын ұрпағыма.

Майса:
Болды бұл өз әлінше бір жаңа айтыс,
Мұндайда ең қызығы қару қайтыс.
Азды-көпті айтыстық Саяділім,
Бұрынғыдай болған жоқ ру тартыс.
Талайлардың мұқалып көңілдері,
Майсаның өлеңінен болған запыс.
Бұл айтыста жеңілген, жеңген де жоқ,
Осымен еліңе қайт ақын байғұс.
1936 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз