Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Үмбетәлі мен Нұрилә айтысы (11-бөлім)

Үмбетәлі Кәрібаев, Нұрилә · 2 мин оқу

Бағы жанса байталдың бағасы зор,
Адасқанын Үмбеттің байқады ол.
Бұл жердегі айтыстың кезегінен,
Нұриләға беретін теңеуім сол.

Жүйрік озды жүйріктен құлаштаған,
Көрген жұрт көз мөрімен растаған.
Кәрі демей жас демей айтысатын,
Сүйінбайдан соңғыға мирас қалған.
Әйелдің асқан биік құзарынан,
Өлеңнің тау мен тасын құлат маған.
Кәрі тарлан Жамбылдан дәмең болса,
Ауаныңды басайын шыдатпаған.

Ерден басып екпінді жолың озды,
Өлеңшінің көбісі шілдей тозды.
Шапырашты, мен Жамбыл «Қарасайлап»,
Ұмтылып менің дағы перім қозды.

Сөзіңе қозды, Нұри, менің арқам,
Аузымнан ақтарылды өлең дарқан.
Еліңде ерлік бар ма, байлық бар ма,
Мәнісін байқасалық айтшы, қалқам.

Айтылса әрбір өлең әніменен,
Дауыс та құбылады сәніменен.
Аршын сөздің асылын ақтар бері,
Сөліменен маңызды дәміменен.
Тамаша үшін осындай бас қосқанда,
Сөкет болмас айтысқан кәріменен.
Бала күнгі өнерім ескі жолдас,
Ада-күде кеткен жоқ әлі менен.

Нұрилә:
Өздеріңсіз жетісем қайда барып,
Сөз құраймын мұрадан пайдаланып.
Әркім сөздің ішінен қисын терсе,
Ақын атқа қонады өлең дарып,
Домбыраға ән қосқан сәнді әуенім,
Тыңдаған жұрт қалады тояттанып.
Сіз дарқан, сізден үлкен ақын бар ма,
Жасым кіші, әйелмін, жолым нәзік.

Дауысыңды не қилы әсемдейсіз,
Дауылдатып, кейде жәй бәсеңдейсіз.
Сіздің бетке мен қарсы тұра алмаймын,
Әлдилеп алдына алған әкемдейсіз.
Киліккенің бола ма енді бұған,
Айтыс болып өзінше өтті думан.
Теңдесе алман мен сізге жасым кіші,
Қинамаңыз, тағы да ізет қылам.

Мен түгіл ат үркеді атағыңнан,
Озған басып жүйріксің қатарыңнан.
Жасыңа құлдық қылдым мені босат,
Айналайын, ататай сақалыңнан.

Келін болып еліме былтыр түстім,
Сізге жайын айтпақпын бұл жұмыстың.
Нәресте бар үйімде және әлсізбін,
Босанғалы болған-ды маған үш күн.

Баланың қарамастан туғанына,
Орап тастап кетіп ем құндағына.
Ат жіберіп әдейі шақырған соң,
Өлең айтып бергелі мұндағыға.

Аяғыма сол менің бала шідер,
Қайтуыма сондықтан ұлықсат бер,
Бөгелуге емшегім сыздап отыр,
Бөбегіме, ататай, мені жібер!

Жамбылдың төрелік сөзі:
Жамбылдың жасы жетті жетпістерге,
Мұндай бала көргем жоқ өткір тілге.
Дауысың көкке жетіп аспан жарған,
Естідік әуезіңді бір түн бізде.
Олай болса тоқтату мүмкін емес,
Бар, шырағым, ұлықсат бердім сізге.
Қара табан болғанда қарашығың,
Шақырамын кел сонда біздікіне.

Сөзіңнен сорғалаған тамады алтын,
Аңқылдаған адамға көңілің жарқын.
Бала жастан өлеңге Жамбыл құмар,
Басылатын жәйім бар әнмен мауқым.
Тербеткен жүрегімді жас баладай,
Құлағымда тұрады осы даусың.
Барғын бала, аман бол жолыққанша,
Бәрекелді, үстіңе күн нұр жаусын!

Саяділ:
Не дерін сонда Үмбет біле алмайды,
Басында қой дегенде тіл алмайды.
Үш тұрып сасқанынан үш отырды,
Аяғын қадам басып жүре алмайды.

Әйгілеп жұрт көзіне Бәрібаев,
Мың теңге Нұриләға бәйге берді.
Қос жорға құламенен ақбарланып,
Үйіне жарым түнде қайтып келді.

Аяғы әңгіменің болмай мешем,
Аз ғана түсінігін айтып өтем.
Сонан соң Нұриләға көп кешікпей,
Жабысты улы науқас үлкен кесел.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз