Саяділ мен Майса айтысы (3-бөлім)
Саяділ Керімбеков, Майса · 2 мин оқу
Саяділ:
Өрісіне қаптатқан, жерден аңдыз,
Басқа сайлы бұл күнде, малға баймыз.
Кірпігіне шаруаның шаң жуытпай,
Әлпешпенен асырап біз бағармыз.
Мұнан да зор байлыққа, молшылыққа,
Жерік астай татқанда дәмі кәусар,
Тәтті нәрсе не болмақ сонда жалғыз.
Майса:
Бар дәулеттің, баққанда, парқын білсең,
Елдің жаңа саналы салтын білсең,
Келешектің кейінгі көңіліне,
Өмірінің өнерлі қалпын түйсең.
Қой майына еріткен қорғасындай,
Балқып жүзіп, аршындап, жарқын күлсең.
Ең қызық дүниенің тәттісі деп,
Айтады жас баланың бетін сүйсең.
Саяділ:
Жайлауына жаңа жұрт ауыл қонған,
Жатырқаусыз ағайын бауыр болған.
Аңғар өзен, терең сай өткел берді,
Жапан дала, шаң жұтқан қағыр жолдан.
Тау көтерді табандап, лақтырды,
Тумаластай жұмыскер қауым қолдан.
Сонша халық көтерген бүкіл жүктен,
Белге батып нендей зат ауыр болған.
Саяділ:
Бұл жаһанда бір шам бар сөнбейтұғын,
Аспан жоқ сәулетіне төнбейтұғын.
Бүкіл әлем қолына ұстап оны,
Пенде жоқ оны ұстап көрмейтұғын,
Ұзақ өмір сонда бар өлмейтұғын.
Майса:
«Шам» дегенің қағазға жазылған хат,
Оқуына дүйімнің бар ұлықсат.
Ұрпақтарға жеткізіп жақсы есімді
Атын айтса халықтың көңілі құрсант¹.
Тозбайтын, тот баспайтын ісін көріп,
Ғибрат алып, қылғандай жұрт ибадат;²
Даналықтан табылған қиын еңбек,
Деп ойлаймын өмірі өлмейтін зат.
Саяділ:
Өнер қонып көкейдің кеп сазына,
Сөздің қанып тойғандай сырбазына.
Шебер іс, қара күштің сый табағы,
Әркімнің тартылғандай өз алдына...
Өніп, қайнап, өмірі сарқылмаған,
Не нәрсе деп ойлайсың бір қазына.
Майса:
Ақиқатқа адамзат анық сенбек,
Тұқым шашса көгеріп егін өнбек.
Жанданып жаз райы жайнағанда,
Мейірбанды иігендей жер желіндеп.
Алған, берген, жегенге таусылмаған,
Деп ойлаймын қазына болады еңбек.
Саяділ:
Жауап бер тағы да бір сұрауыма,
Сөз көнеді не түрлі бұрауыма.
Неше ғасыр өтсе де бұдан бұрын,
Түспегендей бір қылшық қылауы да.
Талай дәуір толқынын тоздырғанша,
Шық тимеген сияқты шылауына.
Жұмыр жер тыным таппай қозғала ма,
Немесе, бір қалыпта тұрады ма?
Майса:
Жер тоймайды жеміне түлкі, қарсақ,
Күн нұрына сондықтан ол жалыншақ.
Бар ғасыр мен дәуірді жалмағанда,
Бәрі бөліп жегендей бір бауырсақ.
Табиғаттың сан түрлі құбылысы,
¹ Құрсант - ырза, шат.
² Ибадат – құрмет.
Бірі бермек, бірінен бірі алымсақ.
Жұмыр жерде тұрмайды бір орында,
Үнемі қозғалыста сырын ұқсақ.
Майса:
Ұшқыныңды байқадым басталмастан,
Қағысқанда қалыспай қапталдасқан.
Айқайыма дауысың бап келеді,
Қабындай шапаныңның астарласқан.
Өзекшеден өрбіген бір түп бақша,
Өскен ұшы көкпенен жапсарласқан.
Жерге орнатқан аспанның тіреуіндей,
Мақтан сөзге айтып бер аттанбастан.
Майса:
Адам үшін арналған бақыт гүлді,
Терең сүңгіп тексерсек бұл өмірді.
Сауық кештен саналы сарайына,
Орнатпасам дейді екен ренжуді.
Орман – тоғай, үй – орман, қоғам – мүлік,
Шаруалықпен қамтыған құла түзді.
Аспанның астындағы алтын діңгек,
Көкпен тең деп айтамыз біз көңілді.