Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйініш (11-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Шыға көрің, ел,—деді,
Бара көрің, ер,—деді,
Астында мінген көк,—деді,
Үстінде бар жас бала,
Қайраты оның көп,—деді.
Келіп-кетті қалаға,
«Жау келді» деп айтып жүр
Өңкей жүрген балаға.
Сонда қалмақ сасады,
Түсі кетіп қашады.
Биі мен бегі жүгіріп,
Тоқтатпады кідіріп.
«Ноғайлының әскері
Біздің елге келді деп,
Жөнеліңіз, ел,—деді.
Осылай деп хандары
Отырған жерде сөйледі.
Алды-артына қарады,
Көп кісіні жия алмай
Тек бір мың кісідей шауып барады.
—Аз ғана кісі—ол,—деді,
Болар жолымыз оң,—деді.
Сорлы маңдай оларды
Айдаған сол,—деді.
Олжа қылып алармыз,
Басын кесіп салармыз.
Шапты шығып далаға,
Жері жазық болғасын,
Көрмей қара бола ма.
Сүйініш жауап береді
Қасындағы балаға:
—Шетке шық та, кете бер,
Көпке кірсең, сор маңдай,
Аңсызда шауып кетермін!
Қалмаққа келді тебініп,
Жалмауыздай емініп.
Жау қарасын көргесін,
Тұрсын ба батыр, шегініп.
Алмасты алды суырып,
Әзірлеп келді болатты,
Бетін жауға қаратты.
Қасындағы баласы
Найзасын алып қолына,
Сүйініштей ерлердің
Ол да еріп соңына.
Мінген аттар шаршамай,
Қашаннан қойған жаратып,
Апшысын жаудың қуырып.
Ерлер қарап тұрмады,
Төбесі шоқты қалмақты
Әбірет сөйтіп шырмады.
Қалмады біреу кідіріп,
Келіп жатыр артынан,
Қалмақтың көбі шұбырып.
Алды жатыр жығылып,
Өлгені қалды басылып.
Ұрысып еді сәскеде,
Күннің көзі батқанша,
Ұрыса берді қарамай,
Ағарып таң атқанша.
Үш күндейін шабуыл
Ат үстінде салысты.
Сол ұрыстың ішінде
Хан мен өлді қарасы,
Шулады қатын-баласы.
Кейіндегі жаманның
Неге келсін шамасы!
Қалмақтың алды қаласын,
Шулатып қатын-баласын.
Күні-түні бұл бес күн
Сол соғыста болады.
Қаны судай тасады,
Қалған қалмақ қашады
Көрінбей кетіп далаға.
Көрінгенін қоймады,
Жарағы қанға тоймады,
Қалмақ шіркін оңбады.
Шұбыртты сонда қалмақтың
Қатыны менен баласын
Жинап алды қарасын.
От жіберіп, өртеді,
Ағаштан қылған қаласын.
«Біздің халық қонар деп,
Осы қоныс болар деп.
Тұрмасын қалмақ, өтсін деп,
Тоқтамай құрғыр кетсін деп»,
Неше байтақ жол жүрді.
Баяғы көрген жерімен
Шаттың бойын жағалап,
Төмен жүрді шамалап.
Қалмақтың қатын-баласын
Қуды, оларды сабалап.
Шал мен кемпір, жас бала
Жылайды сонда егіліп,
Көзінің жасы төгіліп.
Кемпір менен шалдардың
Тізесі жүр бүгіліп.
Қамшы өткен балалар
Тоқтамай жүрді жүгіріп,
Отыра алмай кідіріп.
Неше күндей ол жүріп,
Қисапсыз көп мол жүріп,
Қайта жүріп келеді,
Өзінің мекен жеріне—
Ақұшан мен Қанжыға,
Келтірді айдап еліне.
Елге сонда көрінді,
Ел ішіне келгесін,
Қалмақтар тарап, бөлінді.
Бөлінгеннің мәнісі:
Ата ұлына берді еншілеп.
Сүйініштей батырдың
Қалмақты алған жері осы еді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз