Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ер Бегіс (1-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Сүйініштің жасы қырыққа келгенде, бала көрмей жүріп барып бір балалы болады. Ол баласының атын ноғай жиналып отырып: «Бұның арғы атасы—Қарадөң, о да асқан ер еді, мұнан туған Жұбаныш, өз қатарында бұ да асқан ер болды, мұның әкесі—Сүйініш, бұ да өз қатарына ерлер болды. Мұнан туған бала да ер болар, мұның атын Бегіс қоялық. Егер ер болса, қатарына жетіп қалар, көздесе, «ер» деген атақты, ер атағын қосармыз»,—деп ойлады да, бұның атын Бегіс қойды.

Бегіс өзі үлкен болып, жасы жиырмаға келеді. Сонда отырып ноғайдың ақсақал, билері келеді. Келіп отырғанда бір ақсақал тұрып: «Осы Сүйініштің баласы адам болудан кетті, жасы жиырмаға келгенше балалықтың жолында жүр, әлі адамдық ойламай отыр. Әкесі шынжыры үзілмей келе жатқан ер еді. Әкесі—Сүйініш он бес жасқа келгенде, халықтың арын арлап, кегін кектей, ноғайдың жерін қалмаққа бермей, қалмақтан жетім-жесір, мал алып, елінің аш-арығын бағып отырушы еді. Бұда ол жоқ. «Осының шынжырын үзіп кетеді-ау» деген ой туып жүр-ау. Халықтың ойы осылай»,—деді. Сол сөзді естіп, Бегіс өзінің әкесіне келіп, сөйлейді:

—Ай, бабамыз, бабамыз,
Желді күні панамыз,
Жаулы жерде қаламыз.
Ноғайдың айтқан сөзіне,
Баба, енді қараңыз.
Арғы атаң—Қарадөң
Өзінен ерлік озбаған.
Байлығын оның қарасаң,
Мыңнан қойы қоздаған,
Сары інген жүздеп боздаған.
Есігінің алдында
Жүзден-жүзден құл болған.
Оның ұлы—Жұбаныш
Қатарында о да ер екен,
Ерегіскен қалмақты
Бұтадай қылып жанышқан
О да айтулы бөрі екен,
Шынжырлы туған ер екен.
Оның ұлы сен едің,
Сенің балаң мен едім.
Он бесіңде ат мініп,
Ноғайдың қамын ойладың.
Қатын-бала қамы үшін,
Кеудедегі жаны үшін,
Төгілер беттің ары үшін
Қалмаққа барып, кекті алдың.
Көрдің, ата, шамасын,
Жылаттың қатын-баласын.
Байқап келіп, отырсам,
Үшеуің де артық ер екен.
Ноғайдың сөзін қарашы,
Айтады екен ноғайлар:
«Осының осы баласы
Жоқ екен,—дейді,—санасы.
Сіздердей артық ерлер
Баласы адам болмаса,
Үзілді-ау тұқым» дер екен.
Жиналған көп ноғайдың,
Құлағың сөзге салсаңыз,
Айтқан осы сөзі екен.
Бегістей балаңның
Көріп келген көзі екен.
Есіткенде бұл сөзді,
Сына жазды сүйегім,
Біте жазды сүрегім.
Байқасаңыз, атажан,
Мен тұрмаймын қалада.
«Үзіледі шынжыр» дегені
Қиын болды біздей балаңа.
Атаның жолын қумаса,
Сізден туып бола ма!
Алла жолды оңғарса,
«Талапты ерге нұр жауар,
Талапқа белді буармын,
Атамның жолын қуармын.
Ежелден қалмақ болса жау,
Мекенденген жерінен,
Өзінің байтақ елінен,
Суалтармын қаласын,
Көрермін оның шамасын».
Күн бесеуге толғанша
Қара көк тұлпар жаратты.
Қылышы мен найзасын
Шақпақ тасқа қайратты.
Төрт күн өтіп, бесеуге
Сонда күні толады,
Кететін шағы болады.

Сол кезде Сүйініштің жылқышысы бар еді, ентігіп жүгіріп келіп, Сүйінішке сөйлей бастады:

—Ай, батыр-ай, батыр-ай,
Еліңе жау тез жетті,
Еліңді шауып, меңдетті.
Қатын менен баланың,
Қойшы менен түйеші,
Жылқышы менен падашы
Талайын сабап, көлбетті.
Таяқ жеп, қолға түсулі
Көп ноғайдың баласы.
Келіп тұрмыз жүзіміз,
Батыр, өзің қарашы.
Қарт болсаң да, біз келдік,
Сол бір жауға барашы.
Біз де көмек болармыз,
Тілеп тұр халық тілекті,
Сол тілегін берсеңші.
Сонда тұрып Сүйініш
Қарт бурадай қабағы,
Қабағының жүні өсті,
Шақырды сонда ол күшті.
—Жиылып келген азамат,
Алла оңғарса сапарды,
Баламмен екеуіміз
Астыма мініп Қозанат,
Жүре берің сен,—деді,
Егер көмек сұрасақ,
Шақырармын мен,—деді,
Шақырғанда, кел,—деді,
Сонда көмек бер,—деді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз