Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйініш (5-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Қарайын мен де малымды,
«Тауып бер» деп, қинама,
Менің тұрған елімді,
Әзірлеме маған өлімді.
Жіберейін мен сілтеп
Саған тұрған жерімді.
Кейін қайтып мен барсам,
Хабарды қалмақ алғасын,
Бекітіп қаласын қойғасын,
Алды-артын байқар-ды.
Елге өзің барғасын,
Салмаймысың айқайды!
Асыл туған ер,—деді,
Ғаріп болған мен,—деді.
Алыс емес ауылым,
Жеті күндік жер,—деді.
Жеті күн түгіл, бес күнде,
Тек бір тірі болсаң, барасың.
Сол уақыттар болғанда,
Төңірегіне қарады.
Сүйініштейін жас бала:
«Бұл қалай,—деп,—апыр-ай?!»
Астындағы атына қараса,
Омырауы кең даладай.
Аяғына қараса,
Тасты шағып басады,
Сай-саланы бұл аттап,
Адымын сондай ашады.
Сонда тұрып Сүйініш
Қайрыла тұрып сөйледі:
—Әй, қалмағым, сен,—деді,
Сенің көріп атыңды,
Сескеніп тұрмын мен,—деді.
Айыл-тұрман бек,—деді,
Қайраты аттың көп,—деді.
Сүйініш қалды бұл ойға:
«Ұмтылайын, найза алып,
Қалмақ қорқып, қашар,—деп,
Ұшы жаман найзадан, қорамсадан,—деп.
Көрейін,—деп,—қайратын
Астына мінген боз аттың».
Қалмақтың мінген боз аты
Ауыздығын шайнады,
Қысаңқырақ бұл тартса,
«Жібер деп басын», ойнады.
Қалмақ қауіп етеді,
Боздың басын босатты.
Сүйініш сонда қарады,
Қара аттың басын босатып,
Бұл да шабуыл салады.
Алыстан жүрген жануар,
Сал бөксе болған Қара ат
Жете алмай қалады.
Боз атпенен, шегініп,
Қалмақ қашып кетеді.
Тер шыққанша, Қара атты
Сүйініш бала ұрмады.
Кідіріп қалмақ тұрмады,
Оқтан жүйрік жануар
Боздан аттап зырлады.
Омыраудан тер шығып,
Қара ат сонда желікті.
Алдынан кеткен боз атқа
Жетіп қалды қарасы,
Жақындады шамасы.
Сонда тұрып хан Сұлтан
Атының басын бұрады,
Көлденең тартып тұрады.
Мынау тұрған ақбоз ат
Жер басқан жаһан жетпеген,
Алдынан жаһан кетпеген.
Артымнан жетіп қоймадың,
«Қашқан құл»,—деп ойладың.
Сабыр қыл,бала,сен,—деді,
Елге хабар берейін,
Ер болсаң, батыр, сен,—деді.
Сонда Сүйініш ойлады
Ғаріп емес екенін:
«Мұның еліне барсам,
Қаласы қандай екен деп,
Аттанып шықсын әскері,
Қайратымды көрсін деп,
Жазыққа майдан келсін деп».
—Рұқсат бердім мен,—деді,
Еліңе хабар бер,—деді,
Кешігіп қалмай үш күннен,
Жақындап осында кел,—деді.
Болған сынды, Сұлтан хан,
Жансыз болған сен,—деді.
Қолыңа алған қару жоқ,
Боларсың қапыл, ер,—деді.
Қапысыз болып енді өзің,
Мықты болсаң, кел,—деді.
Төңірегінде бар еді
Биік-биік таулары,
Мықты оның жаулары.
Көріп тұрып Сүйініш,
Үш күндей тоқтап қалады.
Анау Сұлтан ханымыз
Еліне хабар салады,
Үш күнде әскер жинап алады.
—Бізге болды қызық,—деп,
Қаңғырып бір ноғай келді,—деп,
Қайраты жаман бұзық,—деп.
Аты жүйрік, қашқанды
Жібермей, қуып жетеді.
Қашып едім жеткізбей,
«Кетемін,—деп,—жеткізбей»,
Жібермеді Қара ат-ай,
Құрғырда бар-ды қанат-ай.
Үш мың кісі көп әскер,
Хан шықты бұған бас болып.
Келе жатыр Сұлтаның,
Ерлерді «кел» деп, шақырды:
«Ойлап, ақыл табың,—деп,
Қаңғырып келді бір ноғай,
Ортаға мықтап алың,—деп.
Ортаға мықтап алғасын,
Аямай, оны шабың,—деп.
Қамағасын бәріңіз,
Бір ноғайға келмей ме
Қаңғырып жүрген әліңіз!

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз