Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйініш (8-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Шетке шығып, қарарға,
Қарауылға барарға
Біреуіңді қасыма
Қосшылыққа аларға.
Сол кісінің ішінен
Еш адам жауап бермеді,
«Ерем» деп айтып көрмеді.
Ішінде бір жас жігіт—
Нұрлыхан жауап береді:
—Егер қосшы қылсаңыз,
Барайын бірге мен,—деді,
Ат, жарағым кем еді,
Жарлылау едім мен,—деді.
«Боламын қосшы» дегесін,
Сүйініш сонда қарады.
Астыңа мінер ат болса,
Қолайлы керек зат болса,
Анау тұрған қазынадан
Тандап ат пен қару ал.
Сонда барып Нұрлыхан,
Көп жылқының ішінен
Өзіне ат тандады.
Қанша аралап жүрсе де,
Қолайлы ат таппады.
Сонда жүгіріп Нұрлыхан
Сүйінішке келеді:
Көп жылқының ішінен
Бір ат таңдап, таппадым.
Егер рұқсат етсеңіз,
Бір жарлының Көк атын,
Соны көріп, ұнаттым.
Енді қалай қылайын,
Ұрыспасаңыз өзіңіз,
Көк жылқыға төрт жылқы
Айырбас қылып алайын.
Сүйініш сонда шақырды
Ноғайлының байларын
Дәулет жиған қасына.
«Төрт жылқыны берің» деп,
Байлардың салды басына.
Бұйрықтан кетер шама жоқ,
Бермейтұғын шара жоқ,
Байлар беріп төрт атты,
Алып берді Көк атты,
Кескір қылыш найза мен.
Жүретін болды екеуі
Қатарласып айылмен.
Сүйініш мінді Қараны-ай,
Қасына ертіп жолдасын,
Екеуі кетіп барады-ай.
Жүрген жердің белгілі
Алыс еді арасы.
Іздеген жердің шамасы—
Қарашымырақ даласы.
Түбі жақын құмдығы
Ежелден-ақ мол еді,
Мекені қалмақ сол еді,
Сол жерде жатқан ел еді.
«Елден бір шығып алғасын,
Барамыз саған, болса да,
Бір қырық күнде» деп еді.
Өзі жаздың күні еді,
«Шөлдейміз» деп Сүйініш,
Екі салқын бойында
Қатаңырақ жүреді.
Жер белгісін шамалайды,
Ақылы бар адам ғой,
Көк аттың жүрісін аңдайды.
Батырларға жол болды,
Жүрісі жүрген оң болды.
Мың кісі қалмақ аттанған,
«Ноғайлыны шабам деп,
Сүйінішті іздеп табам деп,
Бізге қайрат қылатын
Ол ноғай қандай адам деп,
Естіген екен хабар деп,
Ноғай келіп қалар деп».
Жіберген екен мың әскер,
«Ноғайды, барып, шабың деп,
Қайдан да болса, табың деп»,
Айтқан екен хандары.
Аттандырып жіберген
Өңкей батыр ерлерді.
Бұларға айтқан бұйрығы:
Ноғайлыны алып кел,
Тулатып бірге баласын,
Қиратып кел қаласын.
Басқа жерге бармай сіз,
Тек ноғайға барыңыз.
Көріп келің ерлерін,
Ноғайлының елдерін,
Байтақ көл мен жерлерін.
Қапы қылмай, хабарлап,
Ұрысыңыз ерлермен.
Аттанған кісі мың еді,
Бәрі де өңкей ер еді.
«Бір-біреуміз болмаймыз
Мың кісіге»,—деп еді.
Төрт айлық алып азықты
Аттарына артыпты.
«Барамыз,—деп,—ноғайға»,
Мың кісі калмақ тартады.
Шаттың бойын жағалап,
Жүрді қалмақ қамалап,
Төмен жүрді шамалап.
Алдынан салып қарауыл,
Қырық кісі кетті ілгері
Ноғайлыны көріп, аларға,
Қайта айналып берерге
Кейінгіге хабарға.
Бір күндері болғанда,
Қырық кісі алдымен
Темірдің келді басына.
Екі батыр бұл шыққан
Шаттың бойын жағалап.
«Жазық жерге шықпайық,
Барайық таумен жағалап».
Жемнің бойы Темір-ді,
Темірге келіп Сүйініш,
Дем алып сонда, кідірді.
Жатыр еді Сүйініш
Қалың тоғай жағалап,
«Жері қалың қамыс деп,
Әлі қалмақ алыс деп».
Жолдасына сол шақта:
—Бала, тұршы сен,—деді,
Жүрегім менің толқып тұр,
Дұшпан келіп қалмасын.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз