Сүйініш (3-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Он беске жасың толғасын,
Жауыңа сонда барасың.
Жасы жеткен анаңыз
Сен кеткен соң қалаға,
Қалмай ма иесіз далада?
Сонда Сүйініш сөйледі:
—Неше түрлі елдерде,
Неше түрлі ерлер де,
Жеті менен сегізде
Қызылбас пен қалмақтан
Ындыс деген елдерден,
Жауын жеңіп кек алған
Мендей ноғайлы жоқ па екен?!
Сонда тұрып Сүйініш,
Ат қасына барады.
Атты барып ноқталап,
Басына жүген салады.
Жүгендегі атты ерледі,
Екі айылын бек тартып,
Құйысқанын қысқартып.
Атты ерлеп болғасын,
Үйге таман келеді.
Аштырып сонда сандықты,
Қорамсадан көп оқты
Ол қабына салады.
Керегеде тұрған кек жебе
Оны да батыр алады.
Ілулі тұрған беренді
Белге тартып буады.
Үстіне киіп шарайна,
Бек тартады белдеуін,
Дулығаны қолға алып,
Оңғарсын Алла жолды деп,
Қара атқа мініп алады.
Ноғайлынын, бірі жүрмеді,
«Ақылсыз туған сорлы» деп,
Бір адам оған ермеді.
Сүйініш кетті қалаға,
Тұрмаймын деп далада.
«Тапсырдым Аққа сені»,—деп,
Жауап берді анаға.
Бұл байғұсқа қиын-ды,
Бір Аллаға сиынды,
Кетті батыр алысқа,
Шыдасын ба намысқа!
Қашаннан тұлпар серігі
Шаршасын ба шабысқа!
Шыдасын ба ер жігіт,
Онға жасы толғасын,
Дұшпанға кеткен намысқа!
Сұлтан деген қалмағың
Жіберген екен әскерін,
Алып кел деп ноғайлының
Қатыны мен баласын,
Бұзып кел деп қаласын.
Сүйініш жүріп келгенде
Аңның көрді қарасын.
Шаң қарасын көргесін,
Атының басын тартады,
Ат құйрығын өреді.
Жау қарасын көргесін,
Жақындап батыр келеді.
Жалғыз қара екенін
Қалмақтар сонда біледі.
Екі қалмақ сол көптен
Ілгері қарай шығады.
«Ол бір жалғыз қара,—деп,
Жолдасы жоқ дара»,—деп,
Екі қалмақ кеңесті.
«Оған келер шама»,—деп
Жақындап қалмақ келеді.
Мінгендері көк екен,
Қайраттары көп екен.
Алмаймын деген бір жанды
Жүдә ойында жоқ екен.
Сүйініш те кідірмей,
Қалмаққа жетіп келеді.
Қалмақ сонда сөйледі:
—Жас бала ғой өзі,—деп,
Мазақтап сонда күледі.
Жылқының мініп қарасын,
Жарқыным, қайда барасың?
Бізде әскер көп,—деді,
Сізде қандай ой,—деді,
Сізге болар той,—деді.
Астыңдағы атыңды,
Қару менен жарағың
Жерге шеш те, қой,—деді.
Сонда Сүйініш сөйледі:
—Біздің ноғай—ел,—деді,
Әркімнің де ақылы
Өзіне болар жөн,—деді.
Төбесі шоқты қалмақтың
Ақылсызы сенсің-ау,
Ат-жарақты беретін
Кісі ме едім мен?!—деді.
Мен—ноғайлы деген ел,—деді,
Артымда әскер, қолым бар,
Қалмақ деген елдерді
Қойман деген ойым бар.
Дін мәнісін білмейсің,
Дінсіз кәпір, сен,—деді,
Қоямыз ба сені біз!
Келе жатқан артымда
Бір мың кісі қол!—деді.
Қарауылға шығып келе жатқан
Жалғыз кісі—мен,—деді.
Ат берген жол жақсы болса,
Аттарыңнан түс-тағы,
Қорамсаңды бер,—деді.
«Алып тасталы,—деп,—басын-ай,
Тұрасың ба қасында-ай»,
Екі қалмақ ұмтылды
Қапелімде осылай.
Сүйініш салды алмасты,
Ол алмас кеспей қалмас-ты,
Біреуін шауып тастады.
Ал біреуі өлгесін,
Қалғаны қашады,
Қысылып, жаман сасады.
Қалмақтың аты көк еді,
Сүйініштің атының
Қайраты тіпті көп еді.
Жетсе дағы, сермемей
Келе жатыр алмасты,
«Дұшпанның көзі көрсін,—деп,
Көзі көріп тұрғанда,
Көз алдында өлсін»,—деп.
Әскерге жақын келгенде,
Сонда салды найзасын.
Шығарып жанын байғұстың,
Шынымен қылды айласын.