Сүйініш (7-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Қарсы келіп екеуі,
Ақ сүңгіні салысты.
Өтпегесін сүңгісі,
Алмаспенен шабысты.
Кейін бірдей шегініп,
Қорамсамен атысты.
Жайына қарап жүрген жоқ,
Қызыл қанға батысты.
Сүйініштей жас бала
Шылбырды белге байлады,
Қаруды жақын сайлады.
Бір күн, бір түн алысып,
Сұлтандайын ханыңды
Жығып жерге салады.
Доңыздайын өкіртіп,
Ол қалмақты шалады.
Өлтіргесін қалмақты,
Қарамады олжаға,
Қалаға жетіп барады.
Қалаға қалмақ толыпты,
Жақындап бәрі босыпты.
Қалаға келді Сүйініш,
Көкірекке дем беріп.
Қазулы жатқан орларды,
Жаюлы тұрған торларды,
Қағулы тұрған жебесін,
Бекітіп қаққан шегесін,
Қалмақтын басты қаласын,
«Көрейін,—деп,—шамасын».
Қала да қорған болмады,
Сыртқа қашып тұрады,
Үріккен жаман болады.
Алды-алдына бытырап
Қалмақтар кетіп барады.
Төңірегі қызыл құм еді,
Сексеуілді бұл түлей
Және қамыс ну еді,
Қалмақтар соған қашады.
Қатын-бала жүгіріп
Алды-алдына бұл кетті.
Көзі көрген адамды
Жібермеді Сүйініш,
Қалаға қуып қамады.
«Жүрмеймін» деген адамды
Малша қуып, сабады.
Тоғыз күнге толғанда,
Ол қалмақты қамады.
Бұрын мекен еткен қала-ды,
Қалаға қасап болғасын,
«Айдайын,—деп,—қалмақты»,
Жеріне қарай қарады.
Көндіруге дініне,
Сөйлетуге тіліне.
Сұлтанның қызы—Бибіжан
Сонда келді қасына.
Келе сонда сөйледі:
Ақсүйек қаның баласың.
Алдың қалмақ қаласын.
Өлтірдің менің бабамды,
Бұздың тұрған қаламды.
«Сүйегі қатар, теңім деп,
Көретін заман болар ма,
Әлдеқандай енді деп»,
Артық туған ер,—деді,
Көруге келдім мен,—деді,
Жақсы-жаман етсең де,
Қызметіңе көнеміз,
Не қыласың сен?—деді.
Реңі жанға жаққандай,
Беті қызыл мақпалдай.
Сонда Сүйініш сөйледі:
Қайта бер кейін сен,—деді,
Көп кісімен жүресің,
Өлтірмеймін мен,—деді.
Өз бағыңнан көресің,
Өлтіргізбен,—деді.
Қайтуға батыр қамданды,
Күні-түні жол жүрді,
Неше күндей мол жүрді,
Жақындады қалаға.
«Барайын» деп ойлады,
Ілгері хабар етуге.
Көрінді жесір қарасы,
Көрінгесін, қараға,
Сүйініш батыр бұл жүрді
Көрінуге анаға.
Алдынан шығып анасы,
Келгеннен соң баласы,
Сөзді айтты, қарашы:
—Қарағым, қалқам, сен,—деді,
Отыр едім сағынып.
Сау-саламат келдің бе,
Перзентім жалғыз, сен,—деді.
Баяғы иісің бар ма екен,
Иіскейін, қарағым,
Берегірек кел,—деді.
Атынан түсіп Сүйініш,
Жүгіріп келді анаға.
Шыдай ма ана балаға!
Бетінен сүйіп, «Балам» деп,
Қорғалайтын панам деп.
Айналайын, қарағым,
Жау келген күн қалам деп,
Жел болған күн панам деп.
Ризамын Құдайға,
Кетсем де енді дүниеден,—
Осылай деп кемпір сөйледі.
Мерекелеп, той қылып,
Сұлтанның қызы—аруды,
Жұпты қылып алған жер
Бибі сынды сұлуды.
Бибіменен екеуі
Бірге өмір сүреді.
Бір күндері болғанда,
Қатынынан ұл туады.
Сүйініштей ханыңыз,
Ноғайды билеп тұрған заманда
Бір күні хабар алады,
Аттанып қалмақ келді деп,
Ноғайды шауып алды деп,
Сонда Сүйініш ханыңыз
Жинап алды қарасын,
Би менен ер, шорасын.
Келетін жау кім екен,
Хабарларың бар ма?—деп.
Шығайық енді далаға,
Келтірмейік қалаға.
Тигізбейік заңғарды
Қатын менен балаға.