Ер Бегіс (3-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Жапырғанда қалмағың,
Бегіс те қарап оларға
Сонда тұрып ақырды,
Қасында бар жүз кісі,
Қарт арыстан сияқты.
Астына мініп Қара атын,
Беліне буып болатын,
Ақ найзасын шүйілтіп,
Шыға келді тасадан.
Сүй дегенше болмай-ақ,
Хан Тірсектей қалмағың
Жүректен қаны бұрқырап,
Қарсы келіп қалыпты.
Көргеннен соң хан Тірсек,
Кетерін қайда ол білмей,
Қашты сонда далаға,
Қамшы басты Қараға,
Өлері жақын болған соң,
Ұрмай атты бола ма!
Ат үстінде кетіп бара жатып хан сөйледі:
—Қатын-бала, ел қайда,
Туып-өскен жер қайда,
Қаламысың дүние-ай!
Ажал жақын көрінді,
Өкпеден қанның аққаны.
Астыма мінген Қарагер,
Шабысың маған не пайда,
Кете жазды жаным кеудеден!
Сүй дегенше болмай-ақ,
Кер ат сонда қарғыды.
Қарғымайын деп еді,
Алдынан бір сай болды кез.
Қарғығанда Кер аты,
Қолынан ұшып кетеді—
Жүзі алмас болаты
Барып жерге, тігілді.
Сонда ханың ұшады,
Тесілген сонда жүрекке
Барып, сабы ілінді.
Ілінгенде ол сабы,
Үстіндегі мал есі.
Әділ жаннан түңілді,
Осалдығы білінді.
Алыспады Сүйініш,
Аты менен сауытын
Олжа қып ап жөнеді.
Қасында бар жүз кісі,
Ер Бегіске барыпты,
Бегіспенен қосылып,
Жауға ойын салыпты.
Ақ найзасын өңгеріп,
Азын көпке теңгеріп,
Жүрді сонда Ер Бегіс.
Астындағы Қаракөк
Ор текедей орғиды,
Сайға келсе, сырғиды.
Үстіндегі Ер Бегіс
Қатар келген Қалмақты
Шаншып қатар өтеді.
Қарсы келген қалмақты
Қақ маңдайдан шабады,
Өлтіріп итті салады.
Қасында жүрген жүз кісі—
Олар да жүр ойын сап.
Қалмақ шықты қаладан,
Ығысып шықты далаға.
Көбі жанның өлген соң,
Қашпасына бола ма,
Қырғыншылық—көргені.
Қаланың іші қан болды,
Ер Бегіс пен жүз кісі
Қаладан қуып, сандалды,
Шығарды сонда, қарашы.
Сол соғыстың ішінде
Сүйініш те жүреді
Ақ найзасын өңгеріп,
Азын көпке теңгеріп.
Баласын сонда көреді,
Қуанған Сүйініштің
Суалып қалған жүрекке
Қайта күші кіреді.
Айқай салып, жауына
О да бірге тиеді.
Қолына алып семсерін,
Қарсы келіп, қалмақтың
Қақ маңдайын тіледі.
Бытырап қалмақ қашқан соң,
Жеңілмесін біледі.
Қарсы шауып жүргенде,
Атасына баласы
Сонда қарсы келеді.
Атасын танып Ер Бегіс,
Сәлем сонда береді.
Атасы тұрып сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Айналайын, жан балам,
Қарадан туған, хан балам,
Қалмақ итті қуа көр,
Атаңнан тусаң ұл болып,
Белді бекем буа көр.
Бөлек туған балаға,
Әуелі Алла, екінші,
Әулие, жәрдем бола көр!
Тарыққан жерде жебей көр,
Көзіңе іліп, елей көр,
Жалғызыма жәрдем бер.
Атамыз едің, Қарадөң,
Ерлерді едің жебеген.
Пақыр менен мүскінді
Он бесіңде мініп тақ,
Көзіңе алып, еледің,
Сен де жәрдем бере көр!
Баба түкті шашты Әзіз,
Ұлсыздарға ұл бердің,
Қызсыздарға қыз бердің.
Пақыр менен мүскіндер
Жиылып, тілек еткенде,
Қабыл қылдың тілегін,
Сен де жәрдем бере көр!
Көп айтуға шама жоқ,
Қалмаққа қайта тиеді,
Найзаменен шаншып,
Бөрідей сонда іледі.
Тарап кеткен қалмақты
Жалғыздап жүріп қырады.
Ноғайдан келген жүз кісі,
Алпысы оның қалыпты.
Қалғанын алып қасына,
Бегіс пенен Сүйініш
Еліне сонда қайтады.
Еліне сонда келеді,
Қария және үлкенді
Көзіменен көріп ол,
Тасып сәлем береді.
Анасы көріп баласын,
Қасына сонда келеді.
Омырауын ашады,
Бауырына басады.
«Қартайғанда көрген жалғыз»,—деп,
Сонда кемпір егілді.
Анасы мен баласы
Қозыдай маңырап көрісті.