Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ер Бегіс (2-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Сонда Сүйініш үйіне келіп, баласына сөйлей бастады:

—Айналайын, жан бала,
Қалаңа жау келіпті.
Қаладағы халықтың
Сазасын берді жап-жаңа.
Болса сенің қайратың,
Осы келген қалмаққа
Көрсетші қайрат сен, бала!
Жалғыз жауды қайыршы,
Атаға тартып тусаң сен,
Атаңның жолын қусаң сен,
Бекем белді бусаң сен!

Сонда сол сөзді естіп, Бегіс әкесіне сөйлеп жіберді:

—Ай, атажан, атажан!
Мен—сенен өнген балапан.
Қашырармын жауыңды,
Өлтірермін, атажан,
Қамаған қалмақ қалаңды,
Өлтірермін Тірсек ханыңды.
Тарттырармын сазаны,
Алдырармын мазаны,
Шағылады Қозаны.
Уайым жеме, атажан,
Кегің кетпес қалмаққа—
Балаң буды белдерін!
Сонда тұрып Ер Бегіс
Қара көк атты ерледі,
Ерлеп жүріп терледі,
Бадана көзді берік сауыт
Баса үстіне киеді.
Қолға алды ақ найза,
Белге шала байлады.
Жасатқан жақсы қылышын,
Тарылтуға жаудың тынысын.
Алладан мәдет бұл тілеп,
Атына мініп алған соң,
Қалаға келген қалмаққа
Батыр Бегіс жөнеді.
Ол жөнеп кеткенде,
Сонда тұрып Сүйініш,
Жасы үлкен болса да,
Ер салды сонда Қараға.
Езіліп кете жаздады
Жүректегі бауыры.
Баласының тәуірі—
Бала кетті ол жалғыз
Қалмақтайын кәуірге.
Ақ сауытын өңгеріп,
Азын көпке теңгеріп,
Бұ да сауыт киіп ап,
Жөнеді сонда артынан—
Шыдамады балаға.
Екеуі жауға кеткен соң,
Алпыс жаста кемпірің
Отырып сонда сөйледі:
—Айналайын, Құдай-ай,
Ағара ма көзім, жылай-ай?!
Екі бірдей арыстан
Сүйініштей алғаным
Сапарын, Алла, жолдай көр!
Екеуінің жолына
Ақ қара бас қой садаға!
Өңкей ердің тұқымы
Осы жолы өшіп қала ма!
Алпыстағы әкесі
Шыдамай, кетіп барады.
Үш атадан келе жатқан
Тұқымы еді үзілмей,
Еріп кетті балаға.
Алты қанат ақ орда,
Ішінде оның есі жоқ,
Есіркейтін кісі жоқ,
Адыра есіз бола ма!
Мендей болған бейбақтың
Қуарып, жүзі сола ма!
Егер жауда екеуі
Өліп кетсе, жазым боп,
Қайғыдан ішім тола ма!
Бақшалы миуа сарайым
Гүлі қурап, сола ма!
Айналайын, жан баба,
Болмаса, жан Алла,
Беріп, жәрдем бола ма!
Бұрынғыдай кеңес құрылып,
Заманым қайта бола ма.
Көзінің жасы төгілді,
Сөйтіп, кемпір жылап отырды.
Баласының артынан
Сүйініш жақын барады.
Қалмаққа тұрып Ер Бегіс
Сонда айқай салады.
Айқайы оның шыққанда,
Жапырылып көп қалмақ
Сонда тұра қалады.
Ер Бегіс жақын қалмаққа
Тура батыр барады.
Қара тасқа қайраған
Балдағы қылыш суырып,
Сонда қолға алады:
—Ай, қалмағым, қалмағым,
Ауыр емес салмағым,
Тістелмесін бармағың.
Жекпе-жекке сен келші,
Бастап жүрген бастығың.
Ноғайменен бар ма қастығың?
Қалмақ, ноғай болғалы,
Жоқ-ты сенің достығың.
Қасыма кел сен менің,
Басыңды, барып, жұлармын!
Екінші қайтып ноғайға
Келмейтін сені қылармын!
Сонда шықты хан Тірсек
Бұл сөзіне шамданып:
—Өлтірмесем сені,—деп,
Қызығыңды жер көргір,
Жекпе-жекке барамын,
Барсам, басыңды алармын!
Қайратыңды қарармын,
Егер сені өлтірсем,
Артындағы халқыңа
Талапайды салармын!—
Деп бір, ханың долданды,
Жақын бір келді қасына,
Жақын жетіп келгенде,
Ақ найзасын қолына ап,
Сонда ерлер соғысты.
Айламенен қағысты,
Найза ұстаған қолдары
Екеуінің де қарысты.
Лашын құстай шүйіліп,
Жауатын бұлттай мұнартып,
Бегіс сонда ақырды,
Дауысы жерді көшірді.
Ақ найзасын ол былғап,
Сонда қанға малынды.
Хан Тірсек те өлмеді,
Суырды қайта найзасын.
Бегістейін батырдың
Тауыса жазды айласын.
Сонда ханың ақырды,
Артындағы қалмаққа:
«Келіңдер!»,—деп, шақырды.
Есіткенде дауысты,
Сонда қалмақ жапырды.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз