Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйініш (10-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 4 мин оқу

Жолмен жағалап,
Шаттың бойын кетелік.
Енді қара көрінсе,
Ұстап алып, заңғардың
Өзін басшы етелік.
Жүре берді аяңдап,
Отырмады баяндап,
Ат бір демін алсын деп,
Терін басып алсын деп.

Көргесін қалмақ қараны,
Жіберген екен бір адам,
«Жылдам әскер келсін деп,
Азы-көбін білмейміз,
Көрдік екі қараны,
«Жансыз ба», деп ойлаймыз,
Аз болсақ та, соғысып,
Басын кесіп аламыз».
«Екеу ғой деп қарасы,
Аз екен деп шамасы,
Жақынырақ келгесін
Қалмақтар қатты сасады.
Күннің көзі батқансын,
Бес-оннан бөлініп әрқайсысы,
Қалың қамыс ішіне
Бәрі бытырап қашады.
Қалмақты қашқан көргесін,
Артынан қоймай қуады,
Қалмаққа мүшкіл туады.
Қалың қамыс ішінен
Біреуін ұстап алады,
—Қанша едің?—деп сұрады.
Сонда қалмақ сөйледі:
—Асыл туған ер,—деді,
Қырық кісі біз,—деді,
Артымызда бар еді
Бір мың кісі қол,—деді.
Елімізді сұрасаң,
Қарақұдық басында,
Жері қалың ну,—деді,
Өзі жазық дөң,—деді,
Көп ноғайдын ішінде
Байтақ жатқан ел,—деді.
Аз кісісің сен,—деді,
Оған барсаң өлесің,
Бармай қайтшы сен,—деді,
Таң атқанша келеді,
Байқасаңыз, ол,—деді.
Енді өзіңіз біліңіз,
Келмейді біздің шамамыз.
«Есіттік қой хабарын,
Лайықты болды ғой
Басын кесіп аларға!»
Қасындағы жолдасы
Сүйініштің суырды
Беліндегі қылышын.
Ол баланың көрдің бе—
Сермеген екен қылышын,
Тарылтты қалмақ тынысын.
Аттың басын бұрады,
Ат құйрығын өреді,
Кідіріп Сүйініш тұрады,
Үстінде бар-ды ақ сауыт,
Ілгері еді көп зауыт.
Сүйініш артық ер еді,
Үстінде асыл киімі.
Қасындағы баланың
Шүберектен басқа емес
Үстіндегі киімі.
Сүйініш сонда шешіп,
Үстіндегі шарайна
Жолдасына береді.
Шарайна киді үстіне,
Дулыға киді басына.
Тастасын ба Сүйініш,
Тірлікте баланы
Еріткесін қасына.
Таң сарғайып келгенде,
Күннің көзі шығады.
Сонда Сүйініш сөйледі:
«Жар болсын Жаппар Құдайым,
Рүстем, Дастан ер,—деді,
Ер тілегін бер,—деді.
Алланың шері—Аршылан,
Жәрдем бер бізге сен,—деді.
Қасиеттерің бар болса,
Осы жауда кел»,—деді.
Осылай деп Сүйініш,
Құбылаға бір қарады.
Қасындағы жас бала,
Жау көрмеген бала еді,
Сүйініш оған пана еді.
Күннің көзі шыққанда,
Көрінді жаудың қарасы-ай,
Енді болды тамаша-ай.
«Қайтеміз»,—деп сөйледі,
Қасындағы баласы-ай.
Сонда Сүйініш сөйледі:
—Қасымда жолдас, жұбайым,
Жар болсын Жаппар Құдайым!
Үстіңдегі шарайна
Өтпейді қылыш, найзасы,
Қалмақтың аз-ды айласы.

Сүйініш мінген Қара ат
Құлағын тігіп жануар,
Түстік жаққа қарады.
Не көрді деп жануар,
Сүйініш сонда тұрады.
Бара жатыр бір адам
Атқа мініп жалпылдап,
Екі аяғы салпылдап.
Қасындағы балаға
Сүйініш тұрып бұйырды:
—Ол қараға бар,—деді,
Өлтірмей қуып кел,—деді,
Тұрармын байқап мен,—деді.
Мен тұрармын аялдап,
Алдыма қарай кел,—деді.
Шауып бала жөнелді,
Қайраты аттың көп еді,
Жетті қуып артынан,
Құтыла алмас болғасын,
Ол да тоқтап тұр еді.
—Кейін қарай жүр,—деді,
Өлтіремін мен,—деді.
Қуып айдап келеді
Сүйінішті алдына.
Сүйініш сонда сөйледі:
—Қай қалмақсың, сен?—деді,
Сөзіме жауап бер,—деді,
Кешегі әскер ішінде
Жүрген едің сен,—деді,
Еліңді тауып бер,—деді.
Еліңді тауып бермесең,
Өлтіремін мен,—деді.
Сонда қалмақ сөйледі:
—Қашық-ау біздің ел,—деді,
Кідірмей жүрсек біз,—деді,
Жиырма күндік жол,—деді.
Елде қалды ханымыз,
Жолға шықтым мен,—деді.
«Қоймаймыз жауды деуші едік,
Алармыз деп қаласын,
Көрерміз-ау деуші едік,
Ондай жаудың шамасын.
Салармыз деп құлдыққа
Оның қатын-баласын».
Елге бармай біз көрдік
Ен далада қызықты,
Басымыз қалды домалап.
Атқан оқты біз көрдік
Жаңбырдай тасқан сабалап.
Қалмақтың қаны төгілді
Биіктен ойға жұмалап,
Қашып едім, кетем деп,
Қайтып елге жетем, кеп.
Артымнан қуып бұл жетті,
Мініп алып Көк атпен,
Беліне байлап қылышын,
Тарылтты-ау менің тынысым.
Жақынырақ келгенде,
«Тұр» деген есіттім дыбысын.
Атымның басын бұрғанша
Қорыққаннан тұрғаным
Бір қасық қисаң қанымды,
Қинамасаң жанымды.
Тура бастап барамын,
Мекен қылған елімді.
Неге адасып кетейін,
Өсіп-өнген жерімнен
Берсең және ағамды,
Ата менен анамды,
Бір қасық қисаң қандарын,
Қинамасаң жандарын,
Қасындағы берсеңіз
Қатын менен балаларын.
Сонда тұрып Сүйініш:
—Көп сөйлеме, сен,—деді,
Тура баста жолыңды.
Жалқаулық етсең, сор маңдай
Көресің қорлық сен,—деді.
Біраз жерге келгенде,
Қасына келіп ергенде,
Бірнеше күн жүргенде,
«Көрінген тонау
Қараға көзің сал,—деді,
Ілгері барып біреуің,
Елден хабар ал,—деді,
Қалмаққа хабар сал,—деді.
Берік болмасын қаласы,
Аздық келмес шамасы.
«Берік қылып салды,—деп,
Айтушы еді,—қаласын».
Көргенім жоқ сіздерге
Айтуға оның шамасын.
Сонда Сүйініш шақырды,
Қасындағы баласын:
—Найзаңды маған бер,—деді,
Арала барып қаласын,
Елеусіз барып араға,
Қалаға барып, хабар бер,
«Келеді деп ноғайлы,
Аттанған қол-әскермен».
Кетті шауып бала да,
Барды енді қалаға.
Қылышты байлап ішінен,
Киім киіп сыртынан,
Бала барды жағалап,
Қыдырып жүрді шамалап.
Қайдан келген кісі деп,
Балалары жиналып,
Қарайды енді қамалап.
Ордасы құрған жебе екен,
Жебесін мықты бекіткен,
Болаттан қаққан шеге екен.
Жеті қатар жебесі,
Болат екен шегесі.
Есігін салған темірден,
Төбесі екен қарағай.
Ішінен көріп кетіпті,
Барған батыр қарамай.
Шал мен жүрген балаға,
Шетке шығып айтыпты,
Оларға хабар етіпті,
Енді ноғай келед деп,
Шығыңыз сыртқа енді деп,
Бала біткен шулапты:
«Жау келді,—деп,—қалаға».
Шуламай бала, тұра ма!
Шалбақыр келді қалаға,
Біз қалдық деп бәлеге.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз