Сүйініш (9-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Отырғанда бұл бейқұт,
Бізді ұстап алмасын!
Байлауда аты тұрса да,
Қару-жарақ жерде еді.
Қасындағы балаға:
—Түрегел!—деп Сүйініш,
Сол заманда ақырды.
Түрегеліп бұл ұшып,
—Тұршы, батыр, сен де,—деп,
Дұшпан келді енді,—деп,
Хабар берді батыр-ай,
Сасып қалды, япырай!
Жерде жатқан алмасты
Бала белге буады.
Тұсаулы тұрған Көк атқа,
Арқандаулы жануар.
Сүйініш те беліне
Байлап алды қылышын.
Қорамсаны ерге ілді,
Жау келгенін ер білді.
Шаншып тастап найзасын,
Таба алмай қалды батырлар
Жауға қылар айласын,
Қалмақ келіп қалғасын.
Аттарына аттанды
Екі бірдей батырың,
Жан-жағына қарамай.
Келе жатқан қырық кісі
Көздері көріп қалады
Қозғалаған екі қараны.
Қырық кісі қайтады,
Азын-көбін білмеді,
Аттың басын бұрмады.
Үстіне дұшпан келгесін,
Бұлар да қарап тұрмады.
Батырлар қатты сасады,
Айқай-тарсыл естігесін,
Астындағы аттары
Басын алып қашады.
Сүйініш сонда ақырды,
«Алла!»—деп, ұран шақырды.
Астыңда мінген Көк,—деді,
Қайраты аттың көп,—деді.
Бұл бейнелі жылқылар
Қалмақ итте жоқ,—деді.
Маңайынан алысқа
Асып кетпе далаға.
Шамалы жерде, қасымда
Жалғасып жүріп, ер,—деді.
Екеуінің аттары
Аспанға қарғып, ырғиды.
Аузын ашып арандай,
Құлағын тігіп жануар.
Қалмақ жақын келгенде
Байлады жасыл туын-ай.
«Алланың» шері—Аршылан,
Енді жәрдем бер,—деді.
Қыбырла, бала, сен,—деді,
Аттың басын бұр туған.
Қалмаққа қарап жөнелді,
«Қалма, бала, сен»,—деді.
Қасындағы баласы
Жалғас кетіп барады,
Жақындасып қалады,
Ойынды үлкен салады.
Күні-түні соғысты,
Қалмақтар жаман тоғысты.
Оқ тиген жерде тастады,
Қалып жатыр қалмақтың
Домалап жерде бастары.
Қысылып Қара ат, терледі,
Беренді батыр сермеді.
Қасындағы баласы
Өзіне қатар ермеді.
Таңдап алған Көк еді,
Мұнда да қайрат көп еді.
Қолы қанға тойғасын,
Қысылмай ол да жөнелді.
Суырып алып, «Алмас деп,
Шапса, кеспей қалмас деп»,
Қалмақтың келіп қасына-ай,
Тұрсын ба кеспей басын-ай!
Сүйініштен кем емес,
Ерлігі мұның осылай.
Ат құйрығын өрісті,
Қызықты сонда көрісті.
Шаң шығады тұмандай,
Қызық болды бұларға-ай.
Күн бір кешке таянды,
Екі батыр найзасын
Етіп жатыр-ау, қалмақтың
Шетінен қырып, пайдасын.
Қызыл қанға боялды,
Ерлер қандады найзасын.
Сермеді қатты қылышын,
Тарылтты жаудың тынысын.
Күннің көзі батқанша,
Жеңіліпті, япырай,
Белгілі құрған қақпандай.
Қарсы тұрған қалмаққа
Жарағы қанға тоймады,
Көрінгенді қоймады.
«Тауысам деп қалмақты»,
Сонда батыр ойлады.
Қасындағы жас бала,
Бұл да батыр масқара.
Түн ортасы болғанда,
Бірін-бірі шақырды.
Сүйініш:—Әй, жас бала,
Жолдасым, бері кел,—деді,
Жөн таптым мен,—деді.
Сүйініштің қасына
Қайтып келді бала да.
Ағасына сөйледі:
—Артық туған жанымыз,
Билеген жалғыз ханымыз,
Таба алмадым қалмақты,
Әрі бері шапқылап.
«Осы жерден біреуі,
Бітті ме деп ойлаймын,
Қалмақ иттің срогы».
Шақырған келдім дауысқа,
Жақын жерді айтсаң да,
Кетіп қалған екенмін,
«Қуам» деп, тіпті алысқа.
Енді қалай етеміз,
Біреуі жоқ қалмақтың,
Қайдан іздеп табамыз,
Бұл жерде тұрып, не етеміз?!