Сүйініш (2-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Қызылбас пен бұл ындыс
Көзін салмас деп едім,
Қатын менен балаға».
Жасың жетіп, жан ата,
Сақал-мұртың ағарып,
Келдің ғой қатты қабарып,
Қалмақ елді алды деп,
Болмайсың енді адам деп.
Онға жаңа мен жеттім—
Ойнаушы едім баламен,
Жүруші едім даламен.
Не қылғаның, жан ата,
Кейігенің балаға?!
Құмармысың, жан ата,
Қаңғыртуға далаға,
Мені сілтеп бәлеге?!
Мен еркелеп жүруші ем
Ата менен анаға.
Асықтан басқа шықпадым
Жалғыз өзім далаға.
Еш нәрсені көрмеген
Оңай бола ма балаға?!
Сонда қартың сөйледі:
—Бұрынғы өткен заманда
Ілгері қатар теңімен,
Ноғайлының елінен—
Орақ пенен ер Мамай
Сегіз бенен тоғызда
Қозанды алды, шырағым!
Қарасай мен ер Қази,
Ол—Орақтың баласы,
Жеті менен сегізде
Қондыкер шәрін бұл алды.
Мұны байқап қарашы,
Бұлардың жасы бұл қалай?!
Сегіз жасқа келгенде,
Ұрыспай барып, кек алған
Батыр хан деген қалмақтан.
Үйде қалған Қарасай,
Мінейін десе, аты жоқ,
Асынар қару, заты жоқ.
«Қарасай көкем келер,—деп,
Басыңды, қалмақ, бөлер,—деп,
Үш күн тұрмай, жылдам көн,
Көкем келіп қалар»,—деп,
Үйде қалған Қарасай
Сыралғы сыйлық бұл алды.
Ер Қазидың ақылы—
Жасыңнан сенің бұл қалай?!
Төрт жасына жеткенде,
Ақжонас ұлы Ер Кеңес,
Жасы алтыға келгенде,
Қара деген қалмақтың
Мұсылман қылған қаласын,
Жылатқан қатын-баласын,
Мұны, балам, біл,—деді.
Қараның қызы Қарлығаш
Жұптыға алған ер,—деді.
Кеңестердің ақылын,
Жүрегінің батылын,
Он жас келгесін басыңа,
Сол ердің қарашы, қарағым,
Қаншаға келген жасына.
Сонда Сүйініш жабықты,
«Тастайын деп асықты»,
Даладан келіп үйіне,
Шешесіне келе сөйледі:
—Айналайын анамыз,
Жасым онға келгесін,
Суалды-ау сіздің мамаңыз.
Мен едім жалғыз балаңыз,
Көңліме қатты ой түсті,
Шешеке, байқап қараңыз.
Жердің жүзі кең екен,
Қара жердің үстінде
Әр түрлі халық, ел екен.
Қайратымды білмеген
Ақылсыз надан мен екем.
Бізден бұрын ноғайдан
Неше түрлі ер өткен.
Сұрап келіп отырсам,
Бәрінің жасы менен кем өткен.
Алты-жеті жасында,
Алдының тоғыз жасы бар,
Олардың, байқап қарасам,
Ындыстан алған елі бар,
Жібермеген кегі бар,
Әркімнің маған айтатын сөзі бар.
Әкем мінген Қара атты
Мінуге келдім, шешеке,
Бууға келдім беліме,
Шеше, семсер болатты.
Адырнаны қолға алып,
Үргім келді, қозғалып.
Алыс жерге мен кетсем,
Ер белгісін мен етсем,
Ындыс пенен қалмақты,
Қызылбастай елдерді
Келтірмеймін қалаға.
Асырайын оларды,
Жерімнен қуып, далаға,
Айналайын, шешеке.
Шешесі сонда сөйледі:
—Артық туған данасың,
Жап-жас қана баласың.
Қандай жауға барасың?
Қабырғаң сенің қатқан жоқ,
Омыртқаң әлі өскен жоқ,
Сүйегің сенің, қарағым,
Он беске жасың толықсын.
Қыз-келіншек жүгіріп,
«Болды деп жігіт», жолықсын.
«Пәленшенің ұлы»,—деп,
Сыртыңнан дұшпан торықсын.
Ноғайлының жақсылары
«Ер тұқымы» деп жолықсын.
Жалаң аяқ, жалаң бас
Ойнап жүрсің асықты.
Тілімді алсаң, ат мінбе,
Ер киімін сен киме,
Елсіз жол сен жүрме.
Қасыңа жолдас ермейді,
Сені «ер» деп ешкім білмейді.
Жер жазығы даласың,
Далада өліп қаласың,
Ақылың болса, шырағым,
Ананың тілін аласың.