Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйініш (1-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Қарадөңнің баласы—
Жұбаныш деген ер еді.
Он жас пенен он бесте
Атқа мініп кек алған.
Жұбаныш атқа мінгесін,
Ноғайлы халқы дем алған.
Баласыз болып бұл жүріп,
Баба түкті шашты Әзіз—
Кереметті пірлерге
Отырып үйде сыйынған,
Сол секілді ерлерге.
Алладан тілеп жүргенде,
Қатынынан бір ұл туды.
Сүйініп, туған баланың
Атын қойды Сүйініш.
Сүйініш асық ойнады,
Ойынға ол тоймады.
Ойын менен күлкіге
Сүйініш жүріп молықты.
Асық ойнап жүргенде,
Ноғайлының бір шалы
Сүйінішке жолықты.
Асық, сақа қолға алып,
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Бара жатыр бала қозғалып,
Балаларға жетем деп,
Ойнамай асық, не етем—деп.
Ноғайлының бір шалы:
—Тұра тұр, бала, сен,—деді,
Жолығамын мен,—деді.
Бара жатқан бала жүгіріп,
Тұра қалды кідіріп.
Қасындағы бұл шалы:
«Баласы кімнің сен?—деді,
Жөнінді енді айт»,—деді.
Сонда бала кідіріп,
Сақасы бар қолында,
Балалықтан басқа жоқ еді
Ол баланың ойында.
Сонда Сүйініш сөйледі:
—Жасың үлкен бабасың,
Сұрайсың кімнің баласын?
Әкемнің аты—Жұбаныш,
Өзімнің атым—Сүйініш,
Ойнайын деп барамын
Көрінген анау балаға.
Жолдасымнан қалдырып,
Қалдырдың ғой мені бәлеге.
Ар жағымды білмеймін,
Көргенім жоқ мен,—деді.
Сонда қартың сөйледі:
—Арғы атаңды білемін,
Қарадөң деген қарт еді.
Өзің әкең—Жұбаныш
Жұбанып көрген бала еді.
Сүйініш бала сен бе едің,
Ойнағаның асық жөн бе еді!
Он жасыңа жеткенің,
Асық ойнап, не еткенің!
Атаңа тартып тумадың,
Атаның жолын қумадың!
Әкең еді Жұбаныш—
Адырнасын қолға алып,
Ел шетіне жау келсе,
Жүруші еді долданып.
«Дұшпанға кегім кетер»,—деп,
Қорлығы мұның өтер,—деп,
Құр жүргенім бекер»,—деп,
Он жасында әкең ел алған,
Ындыс пенен қалмақтан
Жапанда талай кек алған.
Жұбаныш таққа мінген соң,
Бұл ноғайлы дем алған.
Жыламаған ноғайлының
Қатыны мен баласы.
Асықпа, балам, асықпа,
Сөзімді аңдап қарашы.
Іздеп келдім мен сені
«Жұбаныштан Сүйініш
Туды» деген сөзбенен,
Көруге келдім көзбенен.
Ұмтыласың асыққа,
Асық құрысын, асықпа!
Тіл алсаң, бала, сен,—деді,
Ноғайдың шетін жау алды,
Оны алған—қалмақ ел,—деді.
Ішінде оның ханы жоқ,
Артық туған ері жоқ
Шаруа ноғай ел еді.
Оның ішінде байы көп,
Мырза менен шал еді.
«Малдың жайын етем,—деп,
Малды бақпай, не етем—деп,
Ел шетіне қонам,—деп,
Жұбаныштың қасында
Үстімнен дүбір келмес,—деп,
Дұшпаным қорлық бермес»,—деп,
Жұбаныштай ерлерің
Алпысқа жасы толған соң,
Өзі егде болған соң,
Шықпай отыр далаға,
Артында бала болған соң.
Ақылды болсаң, кетпеші,
Ақылсыз болсаң, кете бер,
Кеткен балаға жете бер,
Анау тұрған балаға.
Тындамасаң сөзімді,
Кете бер енді далаға,
Жұбаныш пен Қарадөңдей
Атадан бол садаға!
Бүйтіп адам болғанша,
Барғайсың жылдам молаға.
Менің атым—Нұр,—деді,
Сөзімді байқап тұр,—деді.
Ноғайлының шетін жау алды,
Оны алған—қалмақ жау,—деді.
Сүйініш енді сөйледі,
Сөйлегенде, не деді:
—Жасың үлкен сіз,—деді,
Ойнаған бала—біз,—деді.
Барушы едім жүгіріп,
Жалаң аяқ, жалаң бас
Өзіммен қатар балаға.
«Әкем тірі тұрғанда,
Келе ме деуші едім,
Ноғайлы халқы қараға!

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз