Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйініш (6-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Шығайын таудың басына,
Бір жүз кісі тұрыңыз
Менің келіп қасыма.
Үш мың әскердің
Бір кісіні жеңе алмай,
«Қозғалайық»,—деп,
«Ажал айдаған сор маңдай,
Ақылсыз,—деп ойлама,—
Бұрын-соңды ұрысып
Басқа жаумен көрмеген».
«Нем қалар деп ойлайды,
Мұнша жаннан өлмеген».
Жапыра қамап алыңыз,
Соны өлтіріп келгенді
Патша етіп қоярмын.
Бетіне біреу қараса,
Оның басын кесіп, жоярмын,
Қылар ма екен осылай!
Істегін, біліп өзіңіз—
Менің айтқаным осылай».
Сонда тұрып әскерлер:
—Ол ноғайдан қорықпаң,—деп,
Бәрі етіп мықтылық,
Хан алдында мақтанды.
Жау қарасын көргесін,
Қара атты жақсы ерледі,
Ат құйрығын өреді.
Сай-саладан аулақта
Сүйініш барып тұрыпты.
Қаумалаған көп қалмақ
Ол баланы көргесін,
Соған қарап жөнелді.
Көп әскерді көргесін,
Жасқанбады Сүйініш,
Сүйініш тұрып қалады,
Дулыға киді басына,
Келсе де қалмақ қасына.
Сүйеніп тұрып найзасын,
Тұрып сонда, ойлады
Өзіне келер пайдасын.
Көп кісіні көргесін,
Бір Аллаға сыйынды,
Бұрынғы өткен пірлерге.
Шарайна мен дулыға,
Оны жақсы киінді,
Екі білегін сыбанды.
Үш мың кісі әскердің
Шаңы болды тұмандай.
«Құтылар ма екен адам!» деп,
Он екі тұтам қу жебе
Ер қасынан алады.
Атайын деп ол оқты
Оңтайланып бұл да қарады.
Ақ сүңгінің бар еді
Ортасында ілгегі,
Қарына оны іледі.
Атының басын бұрады,
«Тәуекел!» деп, тұрады.
Шапқан қалмақ бола ма,
Жапырған қол қоя ма,
Шыр айнала қамады.
Ортада тұрып Сүйініш
Жалғыз өзі қалады.
Еш жауапқа келмей-ақ,
Сұр жебеге қол қояды,
Қолы оқты тартып қалады.
Төртеу, бесеу кісі емес,
Талайдың басы домалап,
Басылып жерде қалады.
Атқан оқтың алдынан
Бірқатары төгіліп,
Сол жерде бос қалады.
Неше рет оқ атты,
Оқты қардай боратты.
Оқтың түрін көргесін,
Қалмақтың ханы шұбырып,
Тұра алмады кідіріп.
Тұс-тұсынан шабады,
Жақындап келіп қалады.
Келгенімен, пайда жоқ,
Қылатұғын айла жоқ.
Көк жебені ерге іліп,
Астындағы Қара аты
Оқ жыландай ойнайды.
Салып еді шабуыл,
Ол шабысқа тоймайды.
Кешкі уақыт болғанда,
Күннің көзі батады.
Қырылған адам саны жоқ,
Домаланып жатады,
Жанталасып, «Өлем» деп,
Өлім жолын көрем деп.
Келіп еді әуелі
«Бір ноғайды алам» деп.
Ала алмады ноғайды,
Берекесі кетеді.
Кеткен емей, немене!
Бір мыңдайы қырылды,
Сәске уақыты жеткенше,
Мыңға жетіп өлгені—
Япырай, мұны қарашы-ай,
Енді болды тамаша-ай!
Қырылған көп қалмақтар
Ат аяғына басылды,
Қаны судай шашылды.
Сол жорықтың бойында
Қара атпен қосылды.
Тер шыққасын омыраудан,
Қара ат жақсы көсілді.
Хан қасында қорғалап,
Тығылды бес жүз адам-ай.
Өлмегені қашыпты,
Еліне қарай асыпты,
Қорғануға еліне,
Өзінің тұрған жеріне.
Ағарып таң атқанда,
Маңайында кәпір жоқ,
Қыбырлап жүр Сүйініш,
Қалмақты қуып аямай.
Тау басында кідіріп,
Тек алты жүз кісімен
Ханның өзі қалады.
Ханның шаңын көргесін,
Барады жақын батыр-ай.
Қолы ханға тигесін,
Тоқтасын ба, япырай!
Қалмақпен, келіп, соғысты.
Көп ұрыстың ішінде
Қарсы келіп, Сүйініш
Сұлтан ханмен тоғысты.
Сұлтандайын ханыңыз келе сөйлей береді:
—Ноғайлы деген—сен,—деді,
Қалмақ деген—мен,—деді,
Менің атым—хан Сұлтан,
Жасқанбасаң, кел,—деді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз