Қобыландының Темірланды жеңуі (9-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу
Құшақтасып көрісіп,
Ерлердің мауқы басылды.
Үш батырдың қайратын
Көрген жауы сынаған.
Қарсыласып келгенде,
Қан майданда құлаған.
Жолын ашып қиыннан,
Жауын қойдай қайырған
Қалың елді қинаған,
Жазасын тартып бұйырған.
Батыр Қобылан сөйледі
Көріп ерлер тұрпатын:
—Ризамын, ерлерім,
Жауға намыс бермедің,
Жүрген сайын ерлердің,
Жар болса балам, қамалын,
Тарылтармын заманын,
Қирата жаудың белдерін.
Әлі де қиын майдан бар,
Халықты сорған айдаhар,
Ұмтылар әлі шағам деп,
Балаларым, таймаңдар!
Қаруды өткір қайраңдар,
Жау ішінде жайнаңдар,
Елді сорған жауызды,
Елді қырған жауыңды,
Ұшырып күлін айдаңдар.
Көріп тұрсың, шырағым,
Ел қалмаған бүлмеген,
Жан қалмаған көрмеген.
Батырлардың батыры
Жауға басын имеген.
Қазақтың ішін аралап,
Қырғын қылған жағалап.
Атын жайып әлемге,
Көтеріп өзін бағалап!
Бұл сөзді айтып Қобылан,
Ерлерді бастап алдынан,
Бөлек бір жайға барады.
Жеңілденіп желпініп,
Ерлер демін алады.
Қараманды Қобылан
Қайта байлап дәрілеп,
Бойындағы жараны.
Құртқаның салған құрт-майын,
Ат қоржыннан алады.
Аттарын күйлеп жаратқан,
Жұртты аузына қаратқан,
Найзаны жерге түйреген,
Қылышын қайрап күйлеген.
—Ертең жауды қырамыз,
Барып ойран саламыз,
Жаңылмасын тобамыз!
Ертемен жауға шабады,
Бас қосып бетті қояды.
Кешегі қалған қызылбас
Қаласына келеді,
Қақпасына енеді.
Қырылған жанын есептеп,
Мың-мыңнан салып кесектеп,
Оба қылып көмеді.
Жаралысын, тірісін,
Оны да былай бөледі.
Батырлары қырылып,
Енді кімге сенеді?!
Жау қаласы Тасқала,
Тағы бөлек бес қала
Әскерін жинап төгеді.
Хан Темірдің әскері
Есебі жоқ көп еді.
Көптігіне сенеді,
Сонда тұрып не деді:
«Кеше кеткен үш батыр,
Үшеуі де жаралы-ай.
—Неге кетті?» дейсіңдер,
Алды-артына қарамай,
Беттеуге қайтып жарамай.
Бүгін ұстап байлап ап,
Тойлатыңдар қаланы-ай!
Батырларым, даярлан,
Осы айтқаным болады.
Кім бұрын жетіп байласа,
Көңілімді жайласа,
Басына бақыт қонады.
Қаланың аузын аштырып,
Барабанын қағады.
Сырнай, керней тарттырып,
Ханы бас болып шығады.
Садақшысы бір бөлек,
Найзакері бір бөлек,
Қатар-қатар тұрады.
Мұны көріп бес батыр,
Қарап мойын бұрады,
Бабадан медет сұрады.
Қалың әскер сап түзеп,
Шуылдап құлақ жарады.
«Жекпе-жек!» деп айқайлап,
Қалмақтан шығып Қаражан,
Қарыс жауып қабағын,
Қуырып жердің алабын,
Жарқылдатып жарағын.
Өзі келді Қобылан
Бөрі алатын бүркіттей,
Талай жерде жауды алған.
Қалың әскер көз салып,
Жердің жүзі қозғалған,
Келген жерден ақырып.
Найзасын бұлғап, Қаражан[ның]
Жұлып алып найзасын,
Екі бүктеп сағадан,
Қалды қайран талай жан.
Жау үрпиіп қалысты,
Жағаға қол жабысты,
Бүгіліп жауы қабысты.
Бүркіттей бүріп алғанда-ай,
Білді сұмдық болғанды-ай,
Екі көзден от шығып,
Қысылып жаны сормаңдай.
Тұлыптай болып тығылып,
Тарылды дем ала алмай,
Жауы жылап салды ойбай.
Басы кеткен бір бөлек,
Көтеріп жерге ұрғанда-ай.
Қызылбас көріп дүрлігіп,
Бір-біріне тығылып,
Есі шығып танғандай.
Секілденді Темір хан
Құрығын ажал салғандай.
Ортада тұр Қобыланды
Жауым көп деп сескенбей,
Көп екен деп ойланбай.
Алғыр бүркіт тұлғасы
Жауына қанат жайғандай.
Сабыр етіп кейінгі,
Батырларға тіл қатты:
—Бұзамын жаудың ордасын,
Баба Түкті қолдасын.
Қалың елді қақтаған,
Аяғына таптаған.
Халқым қазақ қамалған,
Қайғы-зарын татпаған.—
Темір ханға ақырып,
«Өзің кел!—деп шақырып,—
Елдің алып қонысын,
Малдың алып өрісін.
Менің атым—Қобылан,
Елді сорған сен жылан.
Көремін бүгін өрісің,
Сенің қылған бұл ісің!»
Жарқылдатып жауына
Қынаптан алып қылышын,
Жекпе-жекке жан шықпай,
Ұстаймыз деп қамалап,
Жайды қанат желісін.
Екі мың әскер ат қойды,
Ақыл деп тауып мұнысын.
Қойға кірген қасқырдай
Кетті батыр аралап.
Алды найза қолына,
Баста деп, бабам, оңына,
Киікбай менен Бөкенбай,
Кірді жаудың сорына.
Қараман қалды ту ұстап,
Орақ та кірді тобына.