Қобыландының Темірланды жеңуі (10-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу
Мұны көріп хан Темір
Жабылып атты қояды,
Бес мың әскер тағы да.
Төрт батырды қалың жау
Ортаға алып қалысты.
Қарсыласып шабысты,
Суырып семсер салысты.
Сілтесіп жүр қылышты,
Кез келгенін бір шауып,
Қырылды жау жер қауып.
Өлексесі үйіліп,
Қанға толып сайлары.
Шерігін бұзды—жыртылып,
Жаудың шығып ойраны.
Қиқуға сүрен қосылып,
Қашқаны жаудың тосылып,
Қайырып қойдай айдады.
Хан қасында байрақтар,
Еркін өскен бейбақтар
Бәрі қалмай қозғалды,
Қырылмаған аз қалды.
Ақырып Қобылан кіргенде,
Жердің жүзі ырғалды.
Тізе қосып төртеуі
Үш күн ұдай қырады.
Естерінен адасты,
Сасқалақтап қорғанның
Қақпасына таласты.
Қашуға қалмақ жылысып,
Бәйге алмады ұрысып,
Қарсыласып тұрысып.
Қан өзендей тасады,
Ту құлауға жақындап,
Хан Темір сонда шошынды.
Сол кездерде болғанда
Бес жүз әскер қолменен
Естеміс келіп қосылды.
Қобыланды батыр айқайлап,
Келгендерге жол ашты.
Қойдай үркіп жау қашты,
Естеміс бастап ат қойды.
Батырдың даусын есітіп,
Келген әскер лап қойды.
Түтінге-түтін қосылып,
Жайратамын деп қойды.
Дауылдатып жел тұрып,
Қыстың соққан борандай.
Толғамалы көк найза,
Толғай шаншып ұрандай.
Жапырылып жау қашты,
Тудың тұрған қасында
Туға ұмтылды Бөкенбай—
Өкім құла ат астында,
Қирата жауды түйілген,
Найзаны жауға үйірген.
Бөкен даусын есітіп,
Киікбай келді бүйірден,
Найзағайдай жалтылдап.
Батыр Қобылан ақыра,
О да келді жақындап.
Тудың түбін шаң басты,
Соғылды қылыш жарқылдап.
Ту құлады, хан қашты,
Қара албасты шын басты.
Өлгенін тапап жау састы,
Қашқан ханның соңынан
Бөкенбай берен жалғасты.
«Тірідей ұстап алам,—деп,
Қараманға алып барам»,—деп,
Құтыла алмай хан састы,
Жағаласты, жармасты.
Құрығандай сілесі,
Қалмай жаны, түк есі,
Аттан ауып құлады,
Домаланып сор қасқа.
Қашқаны жаудың құтылды,
Қорғанға кіріп бекінді.
Хан байланды, тұтылды,
Көлденең атқа өңгеріп,
Қараманның алдына
Әкеле жатқан секілді.
Батырдың бәрі жиылып,
Тұс-тұсынан құйылып,
Алып келді Темірді.
Өзіңнің қазған орың деп,
Қызығын өзің көрің деп,
«Салыңдар!» деп бұйырып.
Батырдың сағы сынбады,
Қашқанын жаудың қумады.
Жаудың бетін қайтарып,
Ердің көңілі тынады.
Қазаққа тиген қалмақты
Міне, осылай қуады.
Таң атқан соң тұрады,
Жан-жаққа мойын бұрады.
Қосынды ертіп соңына,
Қорғанды келіп бұзады.
Қақпасы қалған ашылып,
Қазына қалған шашылып.
Ішке кірсе әскер жоқ,
Қалған тозаң басылып.
Кірген батыр қалаға,
Қарамай қатын, балаға,
Өтірік емес, жан аға.
Артуымен жүк қалған,
Тартуымен оқ қалған.
Кемпір менен шал қалған,
Қазына менен мал қалған,
Қатын менен бала ол қалған.
Қалған жанын шұбыртып,
Айдап шықты далаға.
Қазына артып шанаға,
Топтатып малын жайдырып,
Айдап шықты салаға.
Қудырып жауды асырған,
Беліне садақ асынған,
Батысқа қарай қашырған
Сертіне жеткен батырың,
Сілкілеспей басылмай.
Қазақтан қалған жетімдер,
Олжаға қалған жесірлер,
Бәрі келіп шуылдап,
Аяғына бас ұрған.
Жетімдерді жұбатып,
Құтқарып жаудан қуантып.
Арылтып тұман басынан,
«Жауды қуып таста!»—деп,
Естеміске тапсырған.
Басшы болып Естекең,
Төрт жүздейін қосынға.
Жайықтың төмен басында,
Ханның қызы Құралай—
Әскері бар қасында,
Кез болды жалғыз ер Адай.
Жалғыз өзі соғысып,
Қызды тастап жау қашты,
Ерге қарсы тұра алмай.
Тұтқын болды хан қызы
Күймелі арба парлаған.
Құтылатын жері жоқ,
Қарсы айтатын сөзі жоқ,
Егіле жылап, зарлаған.
Жанын сұрап сауғалап,
Жерге түсіп арбадан.
Естеміс ұлы ер Адай
Алдына салып айдаған.
Естеміс ол да ер еді,
Естеміске әкеліп,
«Міне—олжа!»—деп байлаған.
Құралай атты хан қызы
Қара шашы құндыздай,
Екі көзі жұлдыздай,
Екі беті алмадай,
Киген киім құлпырып,
Көзге тұрмай ойнады-ай!
Қадала қарап жігіттер,
Сұлудан көзін алмады-ай!
Алып келген сұлуды
Ие боп бәрі де алмақ-ай!
Мұны көріп Құралай:
«Таласпаңдар маған,— деп—
Мені әкелген ер Адай—
Бетімді ашқан батыр сол».
Сыпайы сұлу әдеппен
Жас батырды қармады.
Қанымды қиған батыр деп
Көз астымен барлады.
Естеміс ерің: «Балам,—деп,—
Көрдіңдер ме, қолбасы,
Баланың тапқан олжасы,
Бөлмей маған бер,—деді.—
Ағалығым тағы бар,
Басқа олжаны алыңдар.
Қобыланды жатыр кейінде,
Жауды қуған жерінде,
Қанды қырғын төрінде.