Дүниежүзіндегі халықтардың тайпа, руларға бөлінуі (11-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 1 мин оқу
Ұлы жүз Алматы мен Қапалғаша,
Бір бетін Алатаудың алды барша.
Күншығыс—Түркістан мен Асы, Талас,
Шу менен Іле су бар мұндай қанша.
Орта жүз Сарыарқаның бәрін алды,
Семей мен Қызылжарға алды барды.
Көкшетау, Есіл, Нұра, Торғай өзен
Бұлардың ортасы деп айтылар-ды.
Кіші жүз Сыр қуаннан өтті басып,
Орынбор мүһкамына барды асып.
Солтүстік тарапының бәрін алды,
Аяғы Аштарханға жақындасып.
Әрбірі алған жері мекен етті,
Дұшпаннан кегін алып көңілі тынды.
Алаша барлығына хандық етіп,
Дүниеде бірнеше жыл дәурен сүрді.
Бір күні Алашаға ажал жетіп,
Бұл дүние бейбаһадан кетті өтіп.
Бабасы ілгергі өткен Жошы ханды
Кеңгірге қойып еді күмбез етіп.
Қазақтар ханына қып үлкен құрмет
Кеңгірдің бір жанына қойды әкеліп.
Үстіне Жошы ханға салғандай қып,
Берік қып піскен қыштан күмбез етед.
Күмбездің беріктігі болды мұндай,
Тұрады бұл күнгеше еш бұзылмай.
Жошы хан, Алаша хан күмбезі деп,
Айтады аттарында өзге қылмай.
Үш жүздің баласының таралғанын,
Айтқаным білгенімше осы менің.
Көзбенен көрмегеннің бәрі күмән
Расын өзі білер бір Алланың.
Өзбек деп бұл халықтың айтылғаны,
Кетейін мәлім етіп айтып аны.
Шыңғыстың Жошы деген үлкен ұғлы
Дешті Қыпшақ өлкесінің болды ханы.
Бату хан ұғыл еді Жошы ханға,
Батудан Мангутемір анда.
Мангуден Тұғрыл атты ұғыл туып,
Тұғрылдан бала туды Өзбек намда.
Бұл өзбек заманында хандық қылды,
Үкімінде Жошы әулеті түгел тұрды.
Өзбектің ислам нұры көңіліне еніп,
Кәлима таухид айтып дінге кірді.
Халқының баршасы һәм дінге еніп,
Алланың әмірін тұтты қабыл көріп.
Сол үшін үкіміндегі мұсылмандар
«Өзбек» деп аталады, есім беріп.