Шежіре-дастан (2-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 2 мин оқу
Жезбике доп-домалақ адам екен,
Аталған Домалақ деп бірте-бірте.
Тегінде Сары бәйбіше аты—Құндыз,
Болыпты ол кісіде ұлдан тоғыз.
Домалақ күншілдікпен көріп қорлық.
Сарыға нала оқып, берген қарғыс.
Тоғыз ұлдың бірінен тұқым қалмай,
Қайтты Сары бәйбіше бір баласыз.
Жақып, Қалша дегенді бағып алып,
Сарыүйсін дегеннің осы дейміз.
Аталар екіншісі Ысты, Ошақты,
Шешеден ер туады көп атақты.
Үйсіннен руын сұрасаңыз,
Руы өніп-өскен Шапырашты.
Аталар төртіншісі Домалақ деп (Нұрила)
Баласы туылыпты біреу-ақ боп.
Аты екен ол баланың Тәңірберген,
Бұлардың арасында кереғат көп.
Бәйбіше басын сығып жарып қойып,
Атағын әркім берген Жарықшақ боп.
Көбейтіп Жаппар Алла мал мен басын,
Таралған бұл бәйтерек үш бұтақ боп.
Бар екен екі қызы: Мұрын, Қызай,
Ұзатқан Орта жүзге жекжат боп.
Болады үш ұлының бірі Дулат,
Өсірген мұны Алла нұрмен бөлеп.
Дулаттан: Шымыр, Жаныс, Ботпай, Сиқым,
Талапты ер алсын ұғып мұны тыңдап.
Бұлардың үшеуіне қазақ жетпес,
Әсерлеп айтқаным жоқ сөзбен сырлап.
Қамыс пен қара шыбын мысал болған,
Сан жағын қостырсаң екеуін ап.
Албанның екі ұлы бар: Шыбал, Сары,
Адамның сөз обалы бағдары.
Шыбалдан: Қоңырбөрік, Қызылбөрік
Құртқа май, қуа берсең, тұқымдары.
Сарыдан: Сүйерқұл мен Сүймен туып,
Анықтап алғаным жоқ өзін санап.
Сүйменнен: Айт, Бозым екі ұл туып,
Тек өсіп күлтеленген құйрық, жалы.
Қарашаш—Айт, Бозымның қарындасы,
Қыстық боп қыздан туған мұның бәрі.
Болады үшіншісі—Суан атам,
Жетпейсің сөз соңына қуаласаң.
Жанбағы, Орысбайы боп бір әйелден,
Жерінен Әулиеата ұрын алған.
Суанның кіші әйелі екі ұл туып,
Ат қойған: Байтөкей мен Тоқарыстан.
Осылар қыр киігі, су балығы,
Іле мен Қарақойын ұрын алған.
Сөйлейін Байтөкейдің балаларын,
Қысқаша бұтақтаған салаларын.
Түгелдеп түгел бәрін айтпасам да,
Туыстық айта кетем араларын.
Ал енді Байтөкейден екі ұл туған,
Елтінді, Қабыланды деп атын қойған.
Елтіндіден жалғыз-ақ Молақ болып,
Ағайын Қабыландыдан үш ұл туған.
Айтайын араларын енді реттеп,
Баласын Қабыландының бір бөлектеп.
Аққабақ, Алдиярмен бірге туып,
Айтады екі кісі Елшібек деп.
Елтінді Елшібекті асырап ап,
Қойыпты Молақпенен еншілес қып.
Сөйлейін екіншіден Тоқарыстан,
Жүйрікті байқасыпты демалмастан.
Тұрдымбет, Мұрат деген екі ұлы бар,
Іргелес туыс бір араласқан.
Бердіке, Баубек деген және екі ұл
Бұлар да ұрпақтары Тоқарыстан.
Сөйлейін енді, міне, Тұрдымбеттен,
Шешейін ел іргесін бір-бір шеттен.
Есет, Тұрсын, Бозғылтай—үш ұлы бар,
Бәйбіше, тоқалымен еншілескен.
Баласы бәйбішенің Тұрсын болар,
Жетік сөз сөйлемейін бір сын болар.
Тоқалдан Есет пенен Бозғылтай боп,
Есеттен Үмбетей деп бір ұл туар.
Бозғылтайдан Түйте Қошқар бабаң,
Төрт қатын алған екен дәл сол заман.
Өрен, Мейіз, Төленді қыздай алып,
Жеңеше алған Айбикені кейін таман.
Айбике—бұрын Есет бәйбішесі,
Әр сөздің келтеменен бар кісесі.
Қошқардан Жанқозы мен Бөлек туып,
Бөлектің Үмбетеймен бір шешесі.
Үмбетей жалғыз болып қалмасын деп,
Бөлекті бөліп берген еншілесі.
Осылай екі ағайын тел аталып,
Ежелден бөлінбеген ел іргесі.
Сөйлейін енді, міне, Мұрат бабам,
Көлқамыс, Тереңкөлді тұрақтаған.
Құдайым бақытына бес ұл беріп,
Әрқайсысы қанат жайып құлаштаған.