Дүниежүзіндегі халықтардың тайпа, руларға бөлінуі (8-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Үгдан деп ат қойылған бір ру бар,
Оны да моңғолдан деп нақыл қылар.
Жұдан деп ат қойылған бір ру бар
Моңғолда Аланқуа нәсілі дүрлар.
Бияут бір рудың болған аты,
Екіге бөлінеді кейінгі арты.
Жадайын және Макрайын екі суда
Мекен қып отырар-ды аның халқы.
Оларға судың атын ру қылды,
Жадайын, Мекрайынбыз деп айтылынды.
Моңғолда Дірілкеннің ұрығынан
Бұлардың ұрық нәсілі айрылынды.
Айтады бір руды жалайыр деп,
Болады өзге рудан әулеті көп.
Ішінде рулары көп болады
Отырды Оман деген бір жайға кеп.
. . . . . .
Негізінің әулатынан әні дер-ді.
. . . . . .
Қалғанын Қайду хан деп айтылар-ды,
Өлген соң Жалайырға кісі салды.
Ұрысқан бес жүз адам болғаны үшін
Қайдуға «өлтіргіл» деп алып берді.
Қайду хан өлтірмекке ойлағанда,
Нөкерлер, сардарлары айтты анда:
«Бұлардың бәрін бірден қырғанменен,
Тең болмас мұның ханы сіздің ханға.
Құл болып әулетіңе әулеттері,
Қызмет қып ақырғаша тұрсын бәрі».
Өлімнен барлығына азаттық қып,
Қайду да мақұл көріп жіберді аны.
Құл қылып Жалайырды бөліп алды,
Одан соң жалайырлық аты қалды.
Өзінің сұрағанда затын айтпай:
«Қиянның нәсіліміз» деп айтылар-ды.
Шыңғыстың төртінші ұғлы уақтығаша
Құл болып жүрер еді айтылғанша.
Жайыр әслі, заты моңғол болып,
Дерегі әулетіне барар барша.
Шыңғыстың туылған соң уақыты жетіп,
Хан болып отырғанда таққа өтіп,
Айтылған рулардың тамам бәрі,
Қасында еріп жүрді қызмет етіп…
Қазақтың үш жүзге бөлінгені
Ілгергі рулардың хикаяты,
Шығарған Әбілғазы тарих хаты.
Баршасы бұл қазақтың руы емес
Бағзысы моңғол бірлән өзбек халқы.
Ішінде қазақтың һәм рулары бар,
Әрбірі өз жайында айтулар.
Бағзысы моңғол тілде болғаны үшін
Қазақтың айтқанынша келмей тұрар.
Қазақтың арғы атасы түріктен ерур,
Япыстан болғанына әркім сенер.
Патшасы моңғолдардан болғаны үшін
«Моңғолдың нәсілінен» деп хабар берер.
Шыңғыстың әулеті еді қазақ ханы,
Біледі тарихтардан әркім мұны.
Білмекке бұл күнде дәркарлы сөз
Үш жүзге қазақтардың айырылғаны.
Әр түрлі бұл тұрғыда нақлият бар,
Білдіріп тарихта һәм айтылар-ды.
Ақылға салып қарап көрсең,
Муафиқ бір-біріне келмей тұрар.
Үш жүзге қазақ халқы айрылмақта
Бұл жерде білдірейін мен де бірін.
Жошы хан Шыңғыс ханның еді ұғлы,
Әулеті қазақтарға хандық қылды.
Жошы хан хандық еткен әулетінде
Біреуін Аланша деп айтылынды.
Уақтында Аланшаның қазақ елі
Алатау, Сарыарқа еді жүрген жері.
Ол күнде қазақтарға қалмақ пенен
Артықша башқұрт, мажар дұшпан ерді.
Қалмақтар шыдатпасты елді шауып,
Башқұрт һәм елді шабар уақтын тауып.
Баршасы Сарыарқаға қызыққаннан:
«Кетсе,—деп,—ойланар-ды жерден ауып».
Бір жылы қалмақ, башқұрт кәтталары
Бір жерге басын қосып тамам бәрі:
«Қазақты қонысынан аударсақ» деп,
Сөйлесті көңілдегі мұддағаны.
Бір жерге сөзін қойды тамам барша
Есепсіз қосынменен анда барса.
«Қоймастан ұрысайық,—деп айтысты,—
Қазақты қонысынан аударғанша».
Бұл сөзді баршасы һәм мақұл көрді,
Халқына қалмақ, башқұрт хабар берді.
Қанша мың әрқайсысы қосын жинап,
Қазақты шабу үшін жақын келді.
Ат қойып, әр тараптан ел шапты кеп,
«Жеңілсе, жерін тастап кетеді» деп.
Қазақтар ол уақытта артық ұрыспай,
Бұл жүрген қалыбында емес-ті көп.
Және де білмегеннен хабарланып,
Қосынын жинай алмай, қамда қалып,
Өзімен әрқайсысы өзі болып,
Ұрыспай қаша берді, басын алып.
Қазақтар ол ұрыста көп қырылды,
Қоймастан қашса дағы қуып барды.
Қыс қатты, суықтықтан малы жұтап,
Аштықтан қаһатшылық бірге кірді.