Дүниежүзіндегі халықтардың тайпа, руларға бөлінуі (1-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Айтылған имамдардан кітаптар көп,
Бәрінің басында бар бисмилласы.
Дүниеде жүргенінде әрбір адам,
Айтпастан бисмилланы ішсе тағам.
Қосылып шайтан лағин бірге ішеді,
Ада ғып болғанынша бәрін тамам.
Бағзылар патша болып дәурен сүрді,
Бағзының жеті ықылымға үкімі жүрді.
Бағзылар батыр болып, даңқ шығарып,
Дүниенің сарайында әр іс қылды.
Бағзының өз күшімен үкімі жүрді,
Бағзылар бір себептен шаһлық құрды.
Бағзылар Набыт патша күшіменен,
Әдеттен артығырақ іс қып жүрді.
Бағзының атасынан мирас қалып,
Өлген соң отырады орын алып.
Бағзылар бір палуанның күшіменен
Тұрады патшалығы қуаттанып.
Сүлеймен патша еді һәм Пайғамбар,
Еш адам істемеген істері бар.
Бір жүзік себебінен үкіміне еніп,
Адам, жын, һуші, дию тұрадылар.
Ескендір—патшалардың еді бірі,
Бағзылар Пайғамбар деп айтар мұны.
Халқына басшы болған себебінен
Қаратты жер жүзінің бар халқыны.
Келмеді патшалардың күш-қуаты,
Бір палуан болған еді Рүстем атты.
Пайғамбар Нұх ұғлы Самға барар,
Ілгері айтқандардың баршалары.
Бұлардың баршасының шыққан жері,
Ираннан күнбатысқа еді елі.
Япыстың әулетінен патша болып,
Жалғыз-ақ күншығыстан Шыңғыс келді.
Шыңғыс хан өз күшімен шаһлық еткен,
Уақтында анша түрлі іс көрсеткен.
Хорасан, Иран, Тұран, Дәшті Қыпшақ,
Үндістан, Қытайға да үкімі жеткен.
Жазылған кітаптардың бәрінде бар,
Тәпсірін баян еткен әйлап ізһар.
Ілгері Шыңғыс ханның аждатларын
Білдіріп айтпақтыққа болды дәркар.
Топырақтан пайда болған әзірет Адам,
Жаннаттың айуанына қойды қадам.
Адам мен Ауа ананың әулеті дүр
Бұл жүрген пенделердің бәрі тамам.
Адамнан Шист пайғамбар дүниеге енді,
Шист ұғлы Ануш одан туған ер-ді.
Ануштан Маһаил, одан—Ыдырыс,
Матушлық, одан туып Ламак келді.
Нұх туды одан кейін уақты жетіп,
Қауымына мың жыл жүрді дағуат етіп.
Адамдар тілін алмай «жадыгөй» деп,
Ренжітті неше түрлі іс көрсетіп.
Бір Құда ол қауымға ғазап қылды,
Баршасын әлек етіп сумен қырды.
Нұх пен сексен адам аман қалып,
Дүниені мекен етіп олар жүрді.
Баршасы адамдардың өлді жана,
Үш ұғлы Нұх нәбиден қалды бала.
Аттары Сам мен Хам, Япыс ер-ді,
Қатынын алған еді бәрі һәмма.
Жер жүзін әзірет Нұх үшке бөлді,
Иран мен күнбатысты Самға берді.
Үндістан мемлекетін Хамға беріп,
Тұраннан күншығыста Япыс ерді.
Суына Еділ-Жайық Япыс барып,
Отырды мекен етіп қарар алып.
Япыстың әулеттері одан кейін,
Көбейді атырабына һәм таралып.
Япыстың әулетінің перзенттері,
Өзінен сегіз еді туғандары.
Түрік, рус, сақлап, қытай, тарық, жапон,
Камары, манжур еді оның намы.
Дүниеде екі жүз жыл Япыс жүріп,
Пәниден өтпектігін кәміл біліп,
Ұғлының баршасының кәттасы үшін,
Орнына Түрікті қойды үлкен қылып.
Түрік жүріп қанша жерді сайран етті,
Ұлықкөл деп айтылған жайға жетті.
Өмірінің барлығынша анда тұрып,
Көбейіп, әулеттері тарап кетті.
. . . . . . . . .
Өмірі ұзын, дәулеті көп падиша боп,
Қадамы жеткен жерге үкімі жүріп,
Оғыз хан екі жаста тілге келді,
Айтпастан өзге сөзді «Алла» деді.
«Жастықтан тілі келмей айта дүр» деп,
Моңғолдар сөз мәнісін білмес еді.
Туғаннан бір Құданы Оғыз танып,
Ай тұрды Ақтың атын аузына алып.
Танытып зат сипатын қойған еді
Көңіліне Қадір Құда нұрын салып.
Оғыз хан бәлиғатқа кәміл жетті,
Атасы үйлентпектің қамын етті.
Айтолған Рузахан атты інісінің
Бір қызын алып беріп, неке етті.
Екеуі отырғанда сұхбат құрып,
Оғыз хан ол қызға айтты ызғар қылып.
—Сен менің тілімді алсаң, мұсылман бол,
Алланы ортағы жоқ жалғыз біліп.