Дүниежүзіндегі халықтардың тайпа, руларға бөлінуі (2-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Есітіп Оғыз ханның ол қыз сөзін,
Қайтармай күпірліктен тұрды өзін.
Жатпастан төсегіне бөлек жатты,
Паһимлап тіл алмаған бір мінезін.
Мұнымен бірнеше уақыт кетті өтіп,
Бұл істен Қара ханға хабар жетіп.
Және де Көз хан атты інісінің
Бір қызын алып берді, неке етіп.
Оғыз хан ол қызға һәм айтты жана:
«Бір біліп, қайіл бол деп бір Аллаға».
«Құдай,—деп,—айтқаныңды білмеймін» деп,
Қылмады айтқаныңның бәрін һәмма.
Жатпады, ол қызбен һәм болып бірге,
Сапарға шығар еді әрбір күнде.
Көз ханның бір қызына душар болды,
Аң аулап келе жатқан мезгілінде.
Оғыз хан қызға қарай айтты: «Ей, жар,
Жасырын айтатұғын бір сөзім бар.
Өзінің інісінің екі қызын
Ілгері атам маған әперділар.
Оларға айтып едім сөзімді бұл,
Қылмады екеуі де әні қабыл.
Бірлесіп оларменен жүрмей дүрмін,
Айтқандық есебінен күпірлік дүр.
Әгарда, ол сырымды қабыл қылып,
Сөзіме менің айтқан тұрсаң кіріп,
«Анама алып бер» деп мағлұм етіп,
Өзіңді алар едім неке қылып».
Қыз айтты: «Қандай болса айтар сырым,
Қыламын екі етпестен аның бірін».
Оғыз хан атасына мағлұм етті
Көз ханның қызын алып бермектігін.
Атасы мұны естіп құрсантланып,
Көз ханның қызын берді Оғызға алып.
Ол қыз һәм кәлима таухид айтты,
Алланың бірлігіне көңілі нанып.
Екеуі сұхбат етіп ойнап жүрді,
Оғыз хан жекер етіп, ау құрды.
Елінен алыс жерге ұзап кетіп,
Сахарада бірнеше күн келмей жүрді.
Қарахан қатыныменен отырғанда
Сөз қылып келіндерін айтты анда.
—Балама алып берген келіндерім
Не үшін жақпас,—деді,—Оғыз ханға.
Қатыны Қара ханның мұны естіп,
Сұрады келіндерден сауал етіп.
—Оғыз хан соңғы әйелін жақсы көрер,
Өз көңлі қаламайды сізді нетіп?
Келіні айтты: «Бұған бір себеп бар,
Балаңыз бір түрлі сөз айтадылар.
«Алланың бірлігі мен барлығына,—
Деп айтар,—ықыласыңмен бол ықтияр».
Қылмадық ол айтқанын біздер қабыл,
Сол үшін бізбен араз бірнеше жыл.
Ең кіші келініңіз қабыл етті,
Біздерден жақсы көрер себебі бұл».
Қатыны келіндерден мұны есітті,
Білдіріп Қара ханға мағлұм етті.
Қылғанын анасынан хабарланып,
Оғызды өлтірмекке көңілі кетті.
Қарахан атырабына хабар салып:
«Алдыма келсін,—деді,—тез жиналып».
Оғыз хан жекер қылып жүргенінде
Сахарада өлтірмекке іздеп барды.
Қатыны Оғыз ханның мұны білді,
Көңіліне әбден артық қайғы кірді.
Атасы дұшпандықты ойлағанын
Білдіріп бір адамнан хабар қылды.
. . . Оғызының көңіліне,
Білдірді барша халыққа хабар беріп.
. . .
Өзімді қалағаның мұнда келіп.
Халқының Қара ханға көбі барды,
Қолында Оғыз ханның азы қалды.
Азбын деп өз көңіліне қауіп ойламай,
Оғыз һәм ұрыспаққа даярланды.
Көбі еді Қара ханның ұғлы інісі
Тұрмаққа атасымен болмай хошы.
Олар һәм Оғыз ханмен бірге болды
Қалмастан Қара ханда ешбірісі.
Хош уақыт боп Оғыз айтты: «Ұйғырлар,
Қасымда келіп менің бірге тұрар».
Оларға бұл айтқан сөз ру болып,
Ұйғырдың руы деп есім қылар.
Мағынасы ұйғырдың құп белгілі,
Әуелден бұл уақытша түріктің тілі.
Сүт сауып, пісірген соң қатық болып,
Қойылып, ұйыды деп айтар мұны.
Қара хан әскерімен басып келді,
Оғыз һәм даярланып тұрар еді.
Ата ұл бір-біріне қарсы тұрып,
Қызығып баһадүрлер ұрысқа енді.
Ақыры екі әскер араласып,
Ұрысты қылыш жұмсап, найза жаншып.
Бақыт ықпал Оғыз ханға жәрдем болып,
Басынан Қара ханның дәулет қашып,
Екі әскер араласып ұрысқанда,
Оқ тиді біреу атқан Қара ханға.
Сол оқтың зарпыменен кесел болып
Тәнінен жаны шығып, өлді анда.
Оғыз хан патша болды, таққа мініп,
Өзінің қарауына үкімі жүріп.
Алланың тұғры дінін жария қылды,
Ақ жолға халықтың бәрін дағуат қылып.