Шежіре-дастан (1-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 2 мин оқу
Қожасы жан біткеннің Жаппар жалғыз,
Әртүрлі жан жаратқан жанды-жансыз.
Сағаттай мезгілімен шыр айналып,
Үш ай қыс, үш ай көктем, жаз бенен күз.
Өне бойы осыменен шыр айналып,
Дөңгелеп бара жатыр жалғанымыз.
Тірлікте туыс боп құшақтасқан,
Алланың біз асығыс аңғалымыз.
Айта жүріп, көз көріп, көңіл бөлмей,
Таусылған сүйтіп жүріп талқанымыз.
Бұл нәубет адамзаттан қалған мирас,
Болғанмен дүние—жалған, өлім—рас.
Көз жайнап, көңіл ойнап, тілің сайрап,
Қозғалмай бір секунд та тыныш тұрмас.
Ал, қозғал жан кеудеде, қызыл тілім,
Өтер сәт өлім келмей болса білім.
Тән мен жан бір ұяда тұрған шақта,
Талпынсаң, не қылсаң да келмей ме алда.
Сұлуда мықын деген тұла бойын,
Бір мата оранасың өлсең құның.
Көпшілік, тыңдасаңыз сөз қозғайын,
Өрбіген қандай жерден ата жөнің.
Кезінде Нұх пайғамбар жүрді топан,
Теңіз боп су толады бүкіл жаһан.
Нұх нәби кемеменен жүзді суға
Ғарық боп қалың халық мұндай науға.
Үш келін, үш ұлымен жетеуі қап,
Жер жүзі қайта туған адамдарға.
Бірден жүз, жүзден мың боп өсіп-өніп,
Ғасырдан ғасырға өтіп сарқылмаған.
Мың бұтақ, неше бұтақ бәйтеректен
Акаша біз өскенбіз сахабадан.
Арқада пайғамбарым мөрін сүйіп,
Қырда өсіп, қызыр шалған ата-бабам.
Келеміз Акашадан Аннас болып,
Термелеп сөз сөйлейін жалғастырып.
Аннастың Жапал деген жалғыз ұлы
Жаратқан Құдай қалап алғашқыдан.
Жапалдан туған екен Сейіл Мағаз,
Ақшолпан ол кісіден туған жалғыз.
Айрылған осы арадан қазақ, қырғыз,
Қойылдырдан Аламан мен Алшын келер.
Көп жауап шежіреден талас келер,
Алшыннан Сейілхан мен Жайылхан боп.
Сейілден сегіз арыс бірақ келер
Жайылханнан Өзбек Суфиан деп.
Суфианның Қазақ, Созақ екі ұлы бар,
Созақтан Қарақалпақ, Айырқалпақ
Жаратқан оны Құдай бір бөлектеп.
Қазақтан үш ұл туған арыс болып,
Сөйлейін соныменен таныстырып.
Ақарыс, Бекарыс пен Жанарыс деп,
Ат қойған ата Қазақ жарастырып.
Екі ұл бар Жанарыстан Алшын, Жаппас,
Кіші жүз ел руы халін таппас.
Келтесіп, кіндік кесіп өскен жері
Ұялы Орал тауы, Атанаспас.
Туыпты Бекарыстан Арғын, Найман,
Арғынның алты ұлы бар мағлұм жайдан.
Найманнан Сүгірші боп Төлегетай
Таралған сол кісіден барлық Найман.
Бақтияр Ақарыстан туған жалғыз,
Туыпты Үйсін, Ойсыл одан нағыз.
Үйсіннен Естек деген ел тарайды,
Ол халық жағасында Қаратеңіз.
Үйсіннің екі ұлы бар: Абақ, Тарақ,
Әртүрлі ауыл болған қабат-қабат.
Әулеті әрбірінің толып жатыр
Есебін ала алмайсың бір жыл санап.
Тарақтан туған екен Тілеуқабыл,
Айтады оның ұлын деп Жалайыр.
Жалайырдан Сырманақ, Шуманақ деп,
Ел болды он екі ата анық зайыр.
Таралсын енді, міне, Абақ атам,
Құдай-а, кешіре гөр болса қатам.
Осылай шежіреде көрсетеді,
Сөйлейін баян етіп, келсе шамам.
Абақтан туған екен Қойылдыр боп,
Азамат байып алған құлақ шалған.
Көз салсам Қойылдырдан Мәке туып,
Мәкенің екі ұлы бар: Майқы, Қоғам.
Майқыдан Қаңлы деген ел болады,
Сауалға жауап осы жұрт сұраған.
Қоғамнан туған екен Байсақал боп,
Баласы Байсақалдың Жансақал боп.
Жансақалдан Бәйдібек пен Шақшам туып,
Шақшамнан қыздан тоғыз, ұл қалған жоқ.
Бәйдібек алған екен үш бәйбіше,
Ішінде ең үлкені Сары бәйбіше.
Сыланды-Мапырашты ортаншысы
Аталған ең кішісі Жезбике деп.