Сарыүйсін шежіресі (2-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 4 мин оқу
Үш бала Жарғышақтан туды қатар,
Жиылды бірдей болып өңкей татар.
Өкпелеп Сарыүйсінге көшіп кетіп,
Айналып әрқайсысы төсте жатар.
Екеуі Албан, Суан бірі дағы,
Білген жан осылар деп атын атар.
Тұқымы неше болыс өстіп кетеді,
Бекерге білмеген жан қас етіп жатар.
Ақыры егін салып, диқан ашып,
Шүмектеп жыл-жыл сайын астық сатар.
Дулаттан: Ботбай, Шымыр, Сиқым, Жаныс,
Өлең қып қиыстырған біз бір қалыс.
Жыпырлап күзді күні қондырмайды,
Жыл сайын астық үшін болдық таныс.
Тоқтадым осыменен осы бейім,
Білмеймін кейінгі жас мұнан кейін.
Қондырмайды дегенге өкпелеме,
Күзді күні болғанда бәрі жиын.
Бағана бай, бәйбішеден қылдық тоқтап,
Өткеннің өлең қылдым бәрін жақтап.
Қатасын Патша Құдай өзі кешер,
Адамға жол көрмеген қисық соқпақ.
Туыпты бәйбішеден тоғыз Сары,
Қатты екен Домалақтың қылған зары.
Сарыүйсін жердің жүзін алмақ екен,
Өлместен тірі болса, соның бәрі.
Ішінде бір ұлынан тұқым қапты,
Оны да Құдай қағып Сыдық Сары.
Баласы бұл Сиқымның Сыдық екен,
Білген жан шежіреге болар бекем.
Үлкендер осылай деп айтушы еді,
Иншалла, бұл ісім нұр болар ма екен.
Сыдықтан туған екен Қыпша Жақып,
Өлеңді айтқан жақсы сөзді бағып.
Жақыптан онан кейін Қайқы Сопы,
Өлең ғып хатқа салдым бәрін тағып.
Сопыдан туған екен екі-үш бала,
Айтпайын білмес сөзді құры жала.
Жандосай, Құлекей мен Иенжарғақ,
Көңілмен айта берсем, бәрі сара.
Тұқымы Иенжарғақтың төмен жатыр,
Нанбасаң егер өлең түбін қара.
Жандосай Құлекеймен бірге туған,
Айрылмай бірге жүрген алты атадан.
Баласын Иенбайдың ел сұрап жүр,
Өзі бай, түрі-ұсқыны осы қудан.
Жандосайдан Құматай, Қарасайын,
Түгендеп он бесті айтып жәйін.
Қарасайдың баласын Саулық дейміз,
Күртінің жағасында отырад дәйім.
Құматайдан туыпты Нұрдан қара,
Ұғып ал, тыңдағандар, бұдан жайын.
Деп айтар Нұрдан туған Қара Үйсін,
Естиміз Арғынбайдың он жеті ұлын.
Айналып жиырмаға барса керек,
Тоқалды қоса берсем, өңкей құлын.
Жамандап бәрін тегіс не қылайын,
Және де құлақ салсақ, сөзі шырын.
Баласы Шатқараның Райымберді,
Ерлігін заманында әркім көрді.
Бар екен уақытында Қызыр шалған,
Абылай құшақтасып досты болған.
Інісі Мәмбетбайдың Тойқұл екен,
Бірігіп қырық, елу үй о да болды.
Бар екен Райымбердінің үш қатыны,
Сөзімнің айып етпе, болса міні.
Баласы бәйбішенің Сағит туған,
Осылай шежіреде сөздің шыны.
Бабамнан екі тоқал Сары, Бөкен,
Тоқалдың қыс болады көрген күні.
Бабамнан бір бұтағы мына қасқа,
Білмейтін бөтен жері бар ма басқа?
Әйтеуір не болса да тірі болсын,
Тоған, Жайсақ саламыз соны тасқа.
Бәйбішеден: Емір, Үшқожа
Дер Көкқасқа, Асқа.
Қиын болса, бір тананы тигіз сона,
Еш адам түсінбейді менен басқа.
Атадан осы күні төрт-ақ түтін,
Кім тұрманды, кім түгел, кімдер бүтін.
Бұл күні Бөкеннен жүз елу-ақ үй,
Қарауыл қойып ішер ішкен сүтін.
Алты ұл тапқан екен шешем,
Кем болмаспын елімнің қамын жесем.
Төрт үйден тұқым екі орыны жоқ,
Үлкеннен сұрастырып, түгендесем.
Төрт ұлдың біреуі—мен, жалғыз қалған,
Осылай мекен, жанға сөзді салған.
Бірі—шешен, біреуі—бай жігіттер,
Жақындап келе жатыр сөздің арты.
Қалбанның баласы екен Отыншы, Нар,
Түгендеп қоса берсем Нұрыман бар.
Үш шалдан екі-екіден—алты-ақ түтін,
Құданың құдіретіне не лаж бар?
Құлболдыдан Сымайл, Нүркебайым,
Ауғанбай үлкен үйде болған дәйім.
Бұлар да би шаңырақ осы күнде
Қуалап сұрастырып, білдім жәйін.
Баласы Байжігіттің Манақ, Жанақ,
Үшеуін Ақшан менен қоссам санап.
Жанәлі, Жантай менен Байқара дүр,
Қияқ осы күнде сонан тарап.
Жебе тұқымыннан біз боламыз,
Жалғыздан жалғызаяқ із боламыз.
Үш атаға келгенше жалғыз түтін,
Көбейіп қай уақытта жүз боламыз.
Көркейіп Байжігіттің баласы боп,
Кейде ыстық, кейде суық күз боламыз.
Жепектен Күпей атам екен жалғыз,
Осылай екен жанға сөздің салты.
Өкімен әкесі өліп жетіп қалдық,
Жетімнің болар дейсің қанша тарихы.
Бір қатын, екі қызын ол Жантай алды,
Деп айтар осылай деп барша халық.
Жаңбырбай Жантайды алып, содан туып
Інісі бар деп айтар мұның артық.
Өтіпті өлең қылған Нүкен ғаріп,
Жасымнан ақын болдым өлең танып.
Әкеміз—мойын жықпас шаруа адам,
Осылай хатқа жаздым, өлең айтып.
Қатесін Патша Құдай өзің кешір,
Көргенім жоқ ешқайсысын бірге барып.
Тоқтадым осыменен келген жерден,
Шежіре көре алмадым кейінгі ерден.
Ниет дүр қиындатып өлең қылдым,
Ұқтырып ұзын жолын айтып берген.
Біздерге пайда болды өлең деген,
Айтып жүр бос сөзді осы бүгін.
Ағалар, үлкен-үлкен рахмет деп қой,
Боқтама «қызталақ» деп боғын жеген.