Қазақ шежіресі (6-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Арапта Ансары атты халық та жоқ,
Жәрдем берушіні атаған Ансары деп.
Сол атқа ие болып, дін жақтаушы:
«Ансары Аннас, деп жүрген, атамыз» деп.
Мұхаммед қашып барған Мәдинеге,
Көп халық қарсы алған Мәдинеде.
Халық та сыйлаған соң жәрдем беріп,
Мұхаммед «Ансары» атқа еткен еге.
Қазақтан неше ерлер шыққан дана,
Меккеде болған бізден Ақтан ғана.
Армалай дейтін оның жолдасы бар,
Белгісіз қайсы елден, қайсы қала.
Мұхаммед пайғамбардың заманында,
Атанған ақ ниетті ол сахаба.
Қызы екен Армалайдың Айшабике,
Көп кеңес берген осы ақылды ана.
Сағынған бір күндері Ақтан елін,
Қайғырып еңіреген туған жерін.
Елестеп көз алдына Тәңірі тауы,
Егіліп, алады екен іштен демін.
Ақтарған ұлығына Ақтан шерін:
«Азапта қалды,—деген,—қайран елім.
Білмедім, анталаған жан-жағы жау,
Қауіпім бар етті ме деп бөлім-бөлім.
Елімнің Қытай халқы басты жауы,
Күнде айқас, күнде шабыс, жердің дауы.
Болғанмен аймағы кең Алты Алаш,
Қорқамын болды ма деп осалдауы.
Ер еді ерткен елді атам Қазақ,
Кезінде жауларына ашқан дозақ.
Бар болып, қайран бабам, басқарса елін,
Сыртынан жау дей алмаймын қолын созад.
Айтылған Ақтан сөзін алған қабыл,
Аттанған төрт мың сарбаз қағып дабыл.
Талас пен Шудың осы арасында
Қазақтың сарбазына айқасқан бұл.
Сәл бұрын кеткен Ақтан Ұлы жүзге,
Туысқан-туғандары Ұлы жүзде.
Ол кезде Ұлы жүз де қырық тарау,
Сарбазы жүрген кезіп құлан дүзде.
Белгісіз, хабары жоқ әлі Ақтанның,
Арабты басты Алты Алаш, болды ың-жың.
Таластың маңындағы қатты айқаста,
Арабтан өлген әскер сонда екі мың.
Уағдалы арап кеткен жерден жылжып,
Ақтан да көмек алып алғантұғын.
Арабты бұлар жатқан қытай ма деп,
Соғысқан түнде келіп айқай-шу ғып.
Соғыста ұтады ғой жер білетін,
Сенімсіз көрді Ақтанның ақ ниетін.
Араптың Сәдуақас сардарбасы
Санаса, әскерінен қалыпты мың.
Сақаба ақылгөйі—Ансары Аннас,
Шақырған ақылдасып Сәдуақас.
«Екен ғой мына халық Сақтан жаман,—
Деді ойлап,—қалай аман қалады бас».
Ақылды адам екен Аннас жылдам,
Сөз айтқан болатұғын бірден тыным.
—Пайғамбар қайт деп бізге аян берді:
«Табынса көкке кімдер,—деген,—ұлым».
Сондықтан сендер ұлы пайғамбардың,
Қайтам деп артты үстіне жүгін нардың.
Талас пен Шудың міне, аталуы
Қан төккен айқасында осылардың.
Депті арап: «Іскендір де көп шайқасқан»,
Ол айтқан: «Сақтай жыртқыш елден сақтан».
Аса алмай асуынан Алты Алаштың,
Еліне «келістім» деп еткен мақтан.
Сақ деген парсы сөзі «ит» деп айтқан,
Араптар азап көріп, кейін қайтқан.
Сақ тұқымы екенбіз деушілердің
Хабары болса қайтеді бұл жайттан.
Деп едік Ақтан қалды қайғыланып,
Алыстан батыр оны алдына алып,
Барады Сәдуақастың шатырына,
Жатқанда кетуге олар даярланып.
—Сәлем де Пайғамбарға біздің елден,
Разы бол сапарыңа,—деді,—келген.
Күн—куә, қабылдасын балалыққа,
Алыңдар сыйлығымды елім берген.
Үш жүз нар, қызыл бұйра жібек жапқан,
Пайғамбар алсын хабар біздің жақтан.
Аннас пен Сәдуақастың қолын алып,
Серттесіп, сол арада шынтақтасқан.
Аннас кеп біздің елге, қайтқан солай,
Қатынас бола берген содан былай.
Пайғамбар жіберді деп келгендердің
Тоқтаусыз болғаны осы аты жолай.
Осылай аңғарсаңыз туысқанын,
Досына сақи да сол қиған жанын.
Бабамның ежелдегі әдеті ғой
Кең жайып қарсы алатын дастарқанын.
Сол Ақтан «Әліммін» деп басын берген,
Талайдың басын қазақ сүйеп жерден.
Көргендер күңіреніп, таңырқапты,
Атойлап, «мен—қазақ» деп айтып өлген.
Жазылған шежіресінде бұл дананың,
Жарықшақ ұрпағы деп сахабаның.
«Жел тұрмаса, қимылдай ма қамыс басы»,
Сөйлеген бос сөзі емес бозбаланың.