Шежіре (1-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 2 мин оқу
Арғысын білмеймін, Өзбектен: Алаш, Қараш
Туып-өскен Өзбектен болғаны рас.
Қараштан Сарт атамыз болған екен,
Атанып өзбек деп айтқаны рас.
Алаштан болған екен жалғыз Медет,
Медеттен өсіп-өніп болған үдеп.
Болыпты екі бала Қазақ, Созақ,
Атанған халық аузында айтқан әдет.
Созақтан қарақалпақ өсіп-өнген,
Қазақтан Әбілқайыр бұдан да туып,
Ақарыс, Бекарыс пен Жанарыс та,
Атанған халық аузында айтып жүрген.
Ақарыс—оны атаған Байшөре деп,
Бекарыс—оны атаған Жаншөре деп.
Жанарыс—о да атанған Қашера,
Еркеліктен атанған үшеуі де осылай деп.
Байшөреден болыпты екі бала:
Жұмабай Кейкібаймен осы ғана.
Кейкібайдан өскенін айтпайды шежіреде
Жұмабайдан төрт бала болған екен, осы ғана.
Мекірейіл, Қоғам, Майқы мен Төбей би,
Мекірейіл, Майқының тұқымын
айтпайды шежіреде.
Қоғамнан Қаңлы, Төбей бидің төрт баласы:
Құйылдыр, Құрамыс, Ойсыл, Үйсін болған екен.
Құйылдыр, Құрамыс, Ойсылды
таратпайды шежіреде,
Үйсіннен Бақтияр деп шежіреде өсіреді.
Таралып Бақтиярдан өскен тұқым
Ақсақал Жансақалмен деседі.
Бақтияр жылқысы көп бай болыпты,
Байлығы төрт түлікке сай болыпты.
Балаға енші беру атаның міндеті еді,
Малына тамға салу ой болыпты.
Ақсақалға салынған ақ тамға,
Жансақал атаныпты «тарақ» деген.
Тамғасы жылқылардың белгі болып,
Атанған тамға атынан осылай деп.
Тарақтан болған екен Досбалдақ деп,
Атанған жанама аты «Жалайыр» деп.
Жылқыдан асау байтал ұстағанда,
Халық көрген бір топ жал қолында деп.
Болыпты Жалайырдың үш баласы,
Ажыратып, айтып берсем сөз данасы.
Сырманақ, Шуманақ Бірманақпен
Жалайырдың өскен екен осы атасы.
Абақтан Қараша би болып өскен,
Қараша бидің билігі Үш Арыста болып өткен.
Болыпты Қараша биден екі бала:
Бәйдібек, Байтолы олар да өткен.
Болыпты Бәйдібек бидің үш әйелі,
Келіні Зеріп сұлуды алған соң болған жайы.
«Інісі өлсе, ағасы мұра» деген сөз бар,
Тілек емес Байтолының өлуіне оның ойы.
Арабиядан алып келген Бәйдібектің кіші әйелі
Тұқымы Махтым Мағзұм әулиенің.
Домалақ енем деп айтушы еді ел аузында,
Атанған аты болған осыменен.
Домалақ енемнен Жарықшақ жалғыз бала,
Жарықшақтан болған екен үш бала осы ғана.
Үлкен Дулат болып туған еді,
Албан мен Суан болған тағы жана.
Бәйдібектің үлкен әйелі—Әйімбүбі
/Сары бәйбіше/
Айтып берсем теріс болмас осылай десе.
Туыпты Сарыбәйбішеден тоғыз сары,
Бекер емес жау қолында өлді десе.
Сарытау, құм қал(а) шенгелде болған еді,
Ойы-қыры тау Аңырақай болған жері.
Таласып қырғызбенен осы жерге
Қазаққа қалған екен бітім болып осы неге?
Сары бәйбішеден қалыпты бір бала Сыдық деген
Атанған жанама аты «Сарыүйсін» деп,
болып бекем.
Барғанда Астарханға, жүз адамның бірі болып,
Көп ішінен бір адам Сарыүйсін деп атап берген.
Зеріптен Жалмағанбет жалғыз туған,
Мал өсіріп, әкесінің жолын қуған.
Қазақтың көшіп жүрген әдетінде
Қыстаудан көктеу көшіп жұрттан ауған.
Болыпты Жалмағанбеттің үш әйелі,
Қоңырат Қызыл бидің қыз еді—үлкен әйелі.
Қызыл би Мапыраштыны ұзатқанда,
Келісімен туған еді Шапыраштыны осы әйелі.
Қызыл би Сыландыны Мапыраштымен
қоса берді,
Қызының екіқабат болғанын көзі көрді.
«Мапырашты барысымен туып қалса,
Әпкеңе көмекші боп еріп жүргін».