Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қазақ шежіресі (9-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Бабалап алдан шығып балаларым,
Төсімде жатса аунап, сырттан келсем.
Өзінің абыройы үшін, азбас үшін
Білімге мәуелерді үзбей телсем.

Олардың еткеніне баға беріп,
«Ел үшін ер болар» деп өзім сенсем.
Өсіріп перзенттерді осылайша
Жастықтан кәрілікке көңіл бөлсем.

Мүлтіксіз Отан үшін істеп істі,
Тасқындап көтерілсе судай еңсем.
Бақ пенен абыройым баста болып,
Қадірлер халық ішінде сен де желсең.

Ел үшін, Отан үшін еңбек еткен,
Ерлердің аты шыққан соңына ерсем.
Аралап неше түрлі бау-бақшаны,
Түрленген мәуелерден жеміс терсем.

Кездесіп достарыма сол арада,
Болса егер, кемісіне жәрдем берсем.
Елімнен мұқтаждықтың түрі құрып,
Әркімнің керегі ерсе емпең-емпең.

Сойылып бағлан қозы тойға шашу,
Қосылған ер мен елге тартса, көрсең.
Қуанып аға-жеңге абыр-жабыр,
Бір-біріне айтса: «Шеш,—деп,—тең-тең».

Қауышып салтанатпен айтып ән-жыр,
Арман не аман барып қызық көрсем.
Қой көндім, тоқта қолым, тұр қаламым
Деп айтпа мұнан артық дәурен сүрсем.

Мінеки, Әлімбайдың шын тілегі,
Халқым кеш, кем десең де, артық көрсең.
Айтайын адал сырым, халқым, тыңда,
Шежіре болды жолдас, сырласым да.

Кімнен кім атап, міне, өлең еттім,
Соғыста жаралы кез уақытымда.
Бәріміз бір ата-ана, бір туғанбыз
Кейінгі ескерткішім ұрпақтарға.

Елміз ғой еншіміз бір ежелден-ақ,
Татулық, мейірімділік, достық мұнда.
Қазақтың қасиетін әркім аңлап,
Мақтаныш болсын дедім қыз бен ұлға.

Жатқанда біз бесікте ата-бабамыз,
Бол деген, құлындарым, елге тұлға.
Ерлерім ескерерсің, еске аларсың,
Қапыда қайғы шегіп, қалсам мұнда.

Ел үшін, ұрпақ үшін өкінбеймін,
Кәдеге жарап барып, батсам мұңға.
Ал енді ат-жөнімді баяндайын,
Кім кепіл ажал итке, тұр алқымда.

Кіші жүз Бекарыстан: Майқы, Алау,
Құдияр, Алтын, онан—Сәдірқожа.
Қаракесек, Шемен, Бозғұл, Келдібаймен,
Ұлымын Қожакелді өскен дара.

Бөлінсем, онан—Тыныс, нәсілім—Рай,
Оқушым, танытайын, бермен қара.
Райдан Қысырау, Қытай, тағы Айбас,
Сөз етсем мұның өзі біраз сала.

Айбастан Арыстанбай батыр туған,
Жауларын талқан еткен пара-пара.
Мінеки, онан туған Меңдеке би,
Халқына қабырғалы болған пана.

Қонысбай—тентек кісі туған онан,
Батырбай баласы екен малға шаруа.
Батырбайдан Қожантай деген кісі
Көрмеген тірі жанның бірін ала.

Әлиасқар ағаң туған еді мұнан,
Мәрдідей диқан болған, кәсібі—дала.
Білетін пірі еді егіншінің
Берерін қай дақылдың қанша дана.

Сүймейтін қарыз-қауға, өтірікші,
Ниеті етсем дейтін істі сара.
Бір қалың уағдасы бар толық адам
Үлгерген қала емес ауылын ғана.

Ұғыланы сол кісінің мен—Әлімбай,
Басының ақылы кеміс, аңқау бала.
Тоқа мен Қарабазардың жиенімін
Қайдауыл, Кенжәлі би нағыз таға.

Өзімше адамсынып жүрген болам,
Көрдім деп ел көрмеген бірер қала.
Өмірді өтіп кеткен есептесем,
Іс емес, істерімнің бәрі шала.

Қу ғой деп сырттан халық тон пішкенмен,
Сенімін берер деймін бара-бара.
Дегендей «жаяу ақын атты жемес»,
Айығып, жазылса екен бойда жара.

Мен әлі майдандамын, іздесең кеп,
Қауышып болар ма екен бізден де көк.
Жарылып қабыменен қалар ма екен,
Болмаса ектеп қойған алтындай сөк.

Ой, шіркін, сөйтіп дүние өтер ме екен,
Алдаушы қалдың артта дүние боқ.
Халқым-ай, бүйдемеуге мүмкін емес,
Айналам жанып тұрған қып-қызыл шоқ.

Дамылсыз күні-түні айқастамыз,
Жаудырып жауыздарға жалындай оқ.
Ал, халқым, қайраттаншы, қажырланшы,
Мезгілді уақытында қурайды шөп.

Сол үшін біз де, сіз де деп тілейік,
Борандай жақсылықтың дауылы соқ.
«Балам» деп күнбатысқа қарай бермей,
Қайғысыз, қарындарың болсыншы тоқ.

Жұмыста, яки үйде қапаланба,
Хабар мен тым болмаса деп хаты жоқ.
Қозыдай шулап ертең қосылады,
Аз күнде Гитлер құрған құртылып топ.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз