Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қазақ шежіресі (8-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Қазақтан шыққан талай жүйрік тұлпар,
Не білгір, небір шешен, не дүлдүл.
Батыр бар, ана да бар, ақын да бар,
Солардың түп атасы нақ осылар.
Қайсысы қай рудан шыққандығын,
Шешілер түгел жазсақ бар ұрпақтар.
Мен қазір қан майданның ішіндемін,
Оларды аяқтауға уақытым тар.

Бері кеп, міне, біздің заманда да,
Айтулы, аты шулы көп ғалымдар.
Отанға, партияға еңбек етіп,
Тарихтың шежіресіне жазылғандар.

Қазақтың мерейі бұл қасиетті,
Еңбектің қайраткері қанша ұл-қыз бар.
Әйгілі болды Отан соғысында,
Атаның атап даңқын, ұмтылғандар.

Өтінішім, өзің туып, өзге болып,
Қазақтың атын текке қымтамаңдар.
Аман-сау жауды жеңіп, қайтсам елге,
Жазармын тілеп ұрпақ, етсе қадар.

Қазақта үлгі-өнеге, көп даналық,
Ескеріп, зерттесең, бар жаңалық.
Сондықтан ойланатын бір мәселе
Шежіренің бірі—жазу, бір—халық.
Жасасақ ғасыр қалай, шежіре солай,
Қалайда осы араны ойланайық.

Шежіренің түпнұсқасын қойғанда біз
Қарашы, үш жүздің-ақ өзін алып.
Әр жүзді әркім жазған әрбір түрлі
Отыздан шежіре бар, таңырқарлық.

Бәрі де Аннасқа кеп тіреледі,
Түрліше ұрпағына аттар тағып.
Ауызша елдер, ерлер құрастырған,
Жүрсе де қалдырмаған қойды бағып.

Пәтуалы шежіреден мен де жаздым,
Дұп-дұрыс, дей алмаймын жоқ қаталық.
Бұл үшін өкініш жоқ, қуаныш көп,
Ырзамын жүргеніме осы қалып.

Үш жүзден бермен қарай таралғанның
Өзіне етем өзім мың тәубалық.
Қалайда «қазақ» есім тегін емес
Ол бір от тұратұғын мәңгі жанып.

Сол үшін көп жартының біреуімін,
Дамылсыз жүретұғын іздеп анық.
Қазақтың «қазақ» есімі һәм атасын,
Тілегім, білсек деймін, анықталып.

Тарихтар әрбір жерде тексеріліп,
Ғылыммен ашылса екен құпиялық.
Көнбеймін арап Аннас дегеніне,
Түрік, кайе тұқымнан тараталық.

Есітіп, көргенімді жаздым мен де,
Керегін реттер жұрт ойға салып.
«Болмайды қара мысық меңсіз» деген,
Жазғаным түпнұсқаны пайдаланып.

Жазған қол, есіткен құлақ айыпты емес,
Мүлікті бағасы жоқ қазыналық.
Кемісі болса, халқым, кешіріңдер,
Алмаса баба аттары жаңсақталып.

Созайын тілек тілеп сөз аяғын
Шежірені осымен доғаралық.
Жайымды, жағдайымды баяндайын,
Ақындық емес мұным—базыналық.

Ақтап, шежірені жаздым тілек,
Алдымның не боларын тағдыр білед.
Қазірде қан майданның ішіндемін,
Достыңды деуге болмайды «жаңа жүр ед».

Қан төгіп, кекті жауға қайтарасың,
Барамыз жерден қуып, қарша күреп.
Кездесіп қоян-қолтық алысқанда
Бауыздап, талайларын кеттік іреп.

Бәріде ұрпақ үшін, Отан үшін,
Дамылсыз айқасуда миллион жүрек.
Білемін әділеттік жеңіс бізде,
Ой бөліп отырғаным мынау тілеп.

Істеген істерімде болса өлшем,
Мұзбалақ қырандай боп жауға төнсем.
Өшіріп күлін көкке фашистердің
Тарихқа таңқаларлық етіп жеңсем.

Жер таппай паналауға нағылеттер,
Еңіреп, етек жайып түссе енсең.
Жете алмай дегеніне жексұрындар,
Жыласын ара-шөлде кемсең-кемсең.

Одағым арыстан ғой, аңла оны,
Қайсардан қаймығарсың қарсы келсең.
О, тағдыр, ырза емеспін, ырза емеспін,
Қолдан істеп, көзіммен көрмей өлсем.

Ойдағы ойды бажай еткеннен соң,
Жоқшылық, бейнет сені жерге көмсем.
Қапалық, қайғы-қасірет сонан кейін
Өмірше көрмей мені, оттай сөнсең.

Сүйсініп еңбегіме елім, халқым,
Бақыттың дәрежесін маған берсең.
Жұртымның сонан былай ішінде боп,
Еркіммен дәурен сүріп, ойнап-күлсем.

Алдында туған елдің қызмет етіп,
Гүліндей қиялардың көктеп өнсем.
Асыраған арып-ашып ата-анамның,
Жұмысын қабақ шытпай істеп жүрсем.

Күн бітіп, дәм таусылып, бітсе өмірі,
Өзінің лайығымен жерге көмсем.
Тірнектеп қолдан жиған мал-мүлкін,
Қалпында, шашпай-төкпей сүттей емсем.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз