Қазақ шежіресі (5-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Келеміз міне біздер сонан өсіп,
Бір жүріп терген едік жуа-көсік.
Көргенде кейбіріңді, қарақтарым,
Тұрғандай кеп қасыма елің көшіп.
Бастайын соның бірі—Ұлы жүз, біз,
Аспанда ай, ерлер шыққан, көкте жұлдыз.
Елі үшін еңбек еткен, қан да төккен,
Жатағы болса дағы қырау мен мұз.
Күрсінбеңдер, көргенің шежіреге,
Жазылды деп қалай бұл, немене?
«Дозаққа да үйренген, шықпас» деген,
Ұғып қалған кіжінтер ескі өнеге.
Бір емес, бәріңізге айтарым сол,
Екіталай алдымда менің бар жол.
Шежіреде не болса, соны жаздым,
Осынымнан, бауырлар, хабардар бол.
Бірлесіп Қожа, Төре, Созақ, Қазақ,
Халық қой қатардағы болмаған кем.
Қайсар-ды, қанын төкті қажымады,
Құл қылам деушілерге етемін жем.
Туысқан, бауырларым, қарақтарым,
Болашақ, көлеңкелі дарақтарым.
Эпилогке абайлап түсініңдер,
Жазғаным шежіренің бар ақпарын.
Қазақтың хикаясы будақ-будақ,
Басына ілгеріден орнаған бақ.
Жер шарын кезді ме екен жеке тақ боп,
Әкесі жастай өлген Айырқалпақ.
Жылында мың сегіз жүз қырық сегіз,
Уақыт қанша өткен есептеңіз.
Бұған да ғасыр болып қалыпты ғой,
Оқушым, сырласайық, бер келіңіз.
Құнанбай, Нұржеке мен Мырқы, Досжан,
Қазақта ол кездегі бұлар да сән.
Меккеге дәл осы жыл барған екен,
Не болған, анықтайық, сонда ахуал.
Қай кезде таусылған ба пендеде арман,
Қарындас, анасымен Мырқы барған.
Алтыннан алты тұлып қаражатты,
Қайқайтып қара нарға артып алған.
Қазақтың замандағы даналары,
Меккеге жеткен тимей ұры-қары.
«Қазақпыз, зияратқа келдік» десе,
Жолатпай, қуған бәрін ұлықтары.
«Арапта қазақ—«қаззан» ұры деген,
Ұрыны көрсетпесін,—депті,—егем».
Біле алмай не қыларын кілең жақсы,
Бәрі де қапаланып, қайғы жеген.
Сандалып, көшесінде қалған қаңғып,
Жаһангез бір қу арам жүрген аңдып.
Кездесіп, жүз мың пунтқа келісіпті:
«Тірілтіп жіберем,—деп,—сені жан қып».
Еліңнен бұрында адам келген депті,
Біз айтқан өсиетке көнген депті.
Соғыста сіздің жақта болған еді,
Дейтұғын сахабамыз Аннас депті.
Атыңды Қазақ деме, Қанюл де,
Дерсіңдер: «тіл келмеген Канюлге».
«Сол жақтан Аннас қатын алған-ды,—деп,—
Қазымен растайық, айтып елге.
Cонымен бір қарарды табарсыңдар,
Арыз жазсаң, жерді де аларсыңдар.
Аман-сау осы болжам өтіп кетсе,—
Депті арап,—тағы алтын қарарсыңдар».
Нұржеке—тама руы, оқыған жан,
Келісіп араппенен басылды даң.
Анттасын, шынтақтасып уағда еткен:
«Ата деп айырылмаймыз,—деп,—Аннастан».
Жер берген ені—алты, ұзыны—он,
Алтындап, есептеп ем қаншама пунт.
Пұлдарын санап алып қажылардан:
«Өзіңнің,—деген,—енді жеріңе қон».
Үй салған қажыларың тасты қалап,
Шыдаған тұрса дағы ыстық аптап.
Ауырып, Мырқы сонда өлгеннен соң
Зылиқа қарындасы сонда қалад.
Сауында Мырқы жатып шежіре жазған,
Нәр алған есітіп жұрт сол қағаздан.
«Аннастың баласымыз,—деңдер енд,
Құтылдық, ұрпақтарым,—депті,—шаңнан.
Аннастан туған Мағаз, онан—Жабал,
Жабалдан Бәһрам, онан Сұһайыл бар.
Бірінен бірі туып, жеке тақ боп
Келе жатқан»,—депті біздің бұл аталар.
Құнанбай жолдасымен аман келген,
Үш жүзден тараған сөз елге елден.
Өткен соң екі арада он екі жыл
Жаппасқа қолжазбаны әрең берген.
Бұрында Аннас деген сыбыстар бар,
Қағазын алып кепті деген кіл нар.
«Бұрынғы соңғысы бар, шындық бұл» деп,
Сендірген қараңғы елді дінқұмарлар.
Сонымен атам Аннас дейді халық,
Күн көрген кім атаны сатып алып.
Халайық дағдыланған өкпелемес,
Дегенге Аннас атаң емес анық.
Меккеде Зылиқа қыз қойған қалып,
Болмаған онда қызық, түк балалық.
Қартайып, шашы қудай болған кезде
Баймақан, Дәнді қажы көрген барып.
Адалдық, шындық деген ол—даналық,
Құрылмас өтіріктен еш жаңалық.
«Аннас Ансары» деп жұрт айтатын
Түсініп осыларлы ойланайық.