Сейдәлі, молда Бәйім, Ділдә айтысы (6-бөлім)
Сейдәлі Жұмабекұлы, молда Бәйім, Ділдә · 3 мин оқу
Қатыны Құрымбайдың Үрім де – таз,
Өзінің жалғыз қызы Дүрім де – таз.
Айтасың салық қылып оның несін,
Шығады екі үйіңнің бірінен таз.
Бәрі таз Қолбарақтың төрт баласы,
Гулеген шыбын болад ел арасы.
Ішінде отыз екі таз бар екен,
Бәрінен мынау пұшық отағасы.
Құдайдың шүкір етемін бергеніне,
Айналып, сөз өзіңе келгеніне.
Манадан айтпадым ба, Ділдә сұлу,
Шындасам, ере алмассың деп желгеніме.
Құйрығын жатқан жылан өзің басып,
Мінекей, тиді шарпу елдеріңе.
Ділдәның, сірә, бағы ашылмады,
Көрінді жағасынан жасырғаны.
Ду болды ұлы күлкі үйдің іші,
Бір шәйнек шай ішкенше басылмады.
Күлкімен отырғанда, бір шәйнек шай ішіліпті. Сейдәлі қалжыңдап, Ділданы тағы қағытты.
Қайдасың, Ділдә сұлу, ұрандасым?
Абайла, сырттан дұспан сыр алмасын.
Шай салып, ақ шәйнекке су құйсайшы,
Қайтарып самауырынның бұрандасын.
Ділдә:
Бұл күнде көңілім қайғы, көзім сағым,
Тәңірдің кім алады берген бағын?
Бір мүрде тауып бүгін осы жерден,
Осынша құнығып туған неткен Табын?!
Сейдәлі:
Әркімге бір Жаратқан пана берсін,
Ұзамай, Ділдә, саған бала берсін.
Сөйлей бер сөзің болса өз жөніңе,
Орнында айтылған сөз қала берсін.
Ділдә:
Болады жылда осындай мерекеміз,
Құрбыға жарасады не десеңіз?!
Молдеке, есітейік көрмесек те,
Түрін айт, қандай адам жеңешеміз?
Сейдәлі:
Ділдәжан, жеңешеңіз, әне, сондай –
Аршын төс, алма мойын, жазық маңдай.
Үйіне қатар-құрбы бара қалса,
Жүзіне кете алмайды мейірі қанбай.
Алаштан алдым таңдап, аты – Ханша,
Болып тұр заманында қызға патша.
Мен оны аса мақтап, не қылайын,
Сен жоқсың, Ділдә сұлу, бір сынынша.
Ділдә:
Молдеке, айт өлеңді сөз келгенде,
Тәңірдің берген сөзі кез келгенде.
Жүргенде өзің мұнда, жеңешеміз
Қайтесіз, айнып кетсе, сөз бергенге?
Сейдәлі:
Айныса, айни берсін сөз бергенге,
Ат майын кім мінбейді кез келгенде?
Құдайым бір тәубасын жаңылтпаса,
Жоқ еді ондай мінез бір көргенде.
Ділдә:
Молдеке, айт өлеңді сөз келгенде,
Аяйсың не жайыңды біз келгенде?
Көңілің қорғасындай балқыды ма,
Қасыңа біздей сұлу қыз келгенде?
Сейдәлі:
Мен, сірә, қызықпаймын қыз келгенге,
Болса да қызыл алтын қыз бергенге.
Ділдажан, ит мінезім келіп отыр,
Қасыма сен ұсаған қыз келгенде!..
Ділдә:
Лашын сұңқар өлді де, басар қалды,
Байлар көшіп кетті де, нашар қалды.
Жиғанымның бәрі де сиыр еді,
Жалғыз көні құрыған қашар қалды.
Сейдәлі:
Мал болмас жалғыз қашар қанша бақсаң,
Тоңар деп күндіз-түні жабу жапсаң.
Пұл беріп, қашарыңды мен алайын,
Қайтеді қашарыңды маған сатсаң?
Ділдә:
Молдеке, қашарымды ала алмайсың,
Алсаң да, келістіріп баға алмайсың.
Қыдырып түнде тұрып, оттап кетсе,
Іздесең, оны қайтып таба алмайсың.
Сейдәлі:
Өлеңді мен айтайын зордан ойлап,
Екеуміз отырайық күліп-ойнап.
Кеткені түнде тұрып айып емес,
Үйренер бір-екі күн қойсам байлап.
Ділдә:
Қашарым биылдан соң сиыр болар,
Сиыр болса, ол өзі бұйым болар.
Молдеке, сол қашарды алмай-ақ қой,
Сірә да, өз басыңа қиын болар.
Сейдәлі:
Атымды мініп шыққан қыр басына,
Тұс болдым сауда білмес ұрғашыға.
Сатпасаң, сатпай-ақ қой енді, Ділдә,
От түссін қашарыңның жанбасына.
Алмаймын қашарыңды құнын беріп,
Өзің-ақ қуана бер түрін көріп.
Сатпаған сат дегенде қу қашарың,
Ұрының кетер өзі соңына еріп.