Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сейдәлі, молда Бәйім, Ділдә айтысы (4-бөлім)

Сейдәлі Жұмабекұлы, молда Бәйім, Ділдә · 2 мин оқу

Сейдәлі:
Қашаннан сөйлеп жүрген мен бір жорға,
Я, Жаппар, өткен бабам, өзің қолда!
Адамның ала жібін алған емен,
Рұқсатсыз иесінен, жатса жолда.
Тең басқан төрт аяғың, Ділдә жорға,
Отырмын ізіңе еріп зорға-зорға.
Жас күнімнен бұл несібем шашылған соң,
Жігітті тартады екен әрбір жолға.
Жүргенде өз елімде сендей қызды,
Жүруші едім сатып алмай қара пұлға.

Ділдә:
Жат қандай, жақын қандай, жаман қандай!
Зат қандай, затсыз қандай, асыл қандай!
Екі көз, екі аяғы болса-дағы,
Арасы адамзаттың жер – аспандай.
Өлеңге өзім-дағы сенгендіктен,
Ду болса, көп сөйлеймін бір жасқанбай.
Жасымнан Ділдә сұлу өлеңші деп,
Дабысым шықты жұртқа, әне, сондай,
Бүгінде пенделерде тазалық жоқ,
Ішіне алтын зердің мыс қосқандай.
«Алмаймын қара пұлға сендей қыз», – деп,
Сөз болды бұл не деген, япырм-ай!
Тентіреп, Үргеніштен келген молда,
Осы, шіркін, бай ма екен мақтанғандай?!

Сейдәлі:
Жаратқан жан біткенді Жаппар Құдай,
Құдайым бар пендені өзі оңдағай.
Аянба, қызыл тілім, барың болса,
Сөйлейтін келді кезің, сорлы таңдай.
Бай менен жарлылықты теңдестіріп,
Нетесің сөзге қосып, сорлы маңдай?
«Бай ма екен мақтанғандай» деп айтасың
Жаман сөз айта ма екен қыз да сондай?
Байманға сыбай болып әкең де отыр,
Бай болса неге отыр жалғыз қонбай?
Қанатбай керуенбасы той қылғанда,
Өкпелеп әкең кетті етке тоймай.
Шырағым, бұл сөзіме ашулансаң,
Жылай бер бетің жыртып, салып ойбай.

Ділдә:
Молдеке, «шіркін» десем, ойнағаным,
Көңілде еш жамандық ойламадым.
Қатты айтсаң, қатты – жай айтсақ, жай,
Еркіңе, ашулансаң, қоймағаным.
Халқына өкпелесе, бопса етеді,
Әкемнің қайдан білдің тоймағанын?
Сөз сөйле молда болсаң жөніменен,
Ешкімнің көтермеймін ойнағанын.

Сейдәлі:
Қасыңа жаман көрсем келер ме едім?
Сөзіңе айтқан жауап берер ме едім?
Иманбай байталыңды ұрлап мініп,
Мен көрдім ерте тұрып жібергенін.
Ойыны еш адамның керекпесе,
Сен сонда неге ашуланып, түнермедің?

Ділдә:
Аулымның ақсақалы Байкөп еді,
Арқаның қу көдесін мал жемейді.
Молдеке, ол сөзіңнің бәрі жалған,
Көп жаман көре алмаған не демейді?

Сейдәлі:
Еліңе былтыр қонақ болғанымда,
Үйіне молда Әйтім қонғанымда.
Шулады ел ішінде бала-шаға,
Оянсам түн ішінде болғаныңда.
Үйінде молда Әйтімнің қонақ едім,
Қашан да өтірік сөзге олақ едім.
Байқасам, сол бейхая сен екенсің,
Әйтімнің қатынынан сұрап едім.

Ділдә:
Молдеке, айттың сөзді таң көрсең де,
Өзіңде ықтиярың, шам көрсең де.
Нанбайды ол сөзіңе біздің ауыл,
Қатардан сегіз кісі жан берсең де.

Сейдәлі:
Бас болып би мен сардар аттанар қол,
Қалады қол аттанса қазылып жол.
Мегежін иттен қорып аяйын ба?
Ықтияр, маған десең, қатыным бол.

Ділдә кідіріп отырғанда, шаптыға тұрып, молда Бәйімнің әйелі, қыздың жеңгесі сөйлейді:
Көрінер түлкі Алтайы іннен шыққан,
Өсек сөз бұ секілді кімнен шыққан?
Бикешім айдан ару, сүттен сұлу,
Өзіңдей молда айтады діннен шыққан.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз