Сейдәлі, молда Бәйім, Ділдә айтысы (2-бөлім)
Сейдәлі Жұмабекұлы, молда Бәйім, Ділдә · 3 мин оқу
Молда Бәйім:
Айтамын сөзді осындай,
Сөйлейсің неге шошынбай!
Ойлап мұнымды қарашы.
Әлім, Табын болғанда,
Кім еді мұның ағасы?
Дүние іздеп, мал жинап,
Жүргенің кімнің арқасы?
Қарның асқа тойған соң
Қаңғырып келген, қу Табын,
Мас болғанын қарашы!
Танымайсың ағаңды,
Шақыртайын ба бабаңды?!
Әлім деген ағаң-ды,
Ағаңның ісі жаман-ды!
Сейдәлі:
Мен сөйледім жақсымды-ай,
Жақсыға қосып басымды-ай.
Шабылып, талай сыналдым,
Мен деген жүйрік асылға-ай.
Тұлпардан туған жүйрікпін,
Тартса тізгін ерік бермей.
Атаны қозғап сөйлеме,
Болса миың басыңда-ай.
Айтып, сүйек тербетсе,
Қала ма сүйек ашынбай?!
Ата-бабаң қозғарға
Халқыңнан қорғалап отырмын,
Ағайыным жоқ қасымда-ай,
Көп аламан тап берсе,
Қорғаймын кімге басымды-ай?!
Халқымнан жалғыз жүргенім,
Әр жерде басқа тиеді,
Егескен жерде осындай.
Жаңылсам тілден көрейін,
Сүрінсем көзден көрейін,
Құлағың сал, Бәйеке,
Баяғы айтқан сөзіңе,
Енді жауап берейін.
Басыңның болмас жаласы,
Жаманның қалмас табасы,
Әлім менен Табынның,
Ежелгі түп сағасы,
Қыруар батыр бабасы,
Әлім екен ағасы,
Табын екен інісі,
Бір-бірінен кем емес,
Екі атаның баласы.
Әлімнен Табын кем дейді,
Ақылы жоқ әр елдің
Сендей беті қарасы.
Жасырмаймын, жүргенім –
Сіздің елдің арасы.
Жүргенім жоқ ашымнан
Несібем бар шашылған.
Тойдың деп, міндет қыласың,
Күн көрдің бе қасыңнан?
Бердің бе зекет малыңнан?
Алдың ба пітір басыңнан?
Қалай айтсаң, олай айт –
Айбатыңнан шошынбан,
Шақыртасың қалай бабамды?
Мен шақырғанда бабамды,
Сен танымайсың атаңды,
Ата дерсің бабаңды.
Бәйеке, болсаң ілімді,
Келтіре берме жынымды.
Неше түрлі сөз айттым,
Үлкендерден сұранып,
Ойланып көр мұнымды.
Қалет болса айтқаным,
Мойныма қой мінімді.
Шығармай отыр үніңді.
Рас болса айтқаным,
Бұзған екенсің дініңді.
Шариғатқа лайық па,
Бәйеке, қақпай қойғаның
Мұртыңа шыққан түгіңді?..
Молда Бәйім:
Молда екенсің жол жүрген,
Хабар бердің әр жерден.
Нағылып жүрсің бұл елде,
Жөн сұраймын сіздерден?
Айтшы маған жөніңді,
Білдір ата-тегіңді?
Білесің бе Бәйімді,
Ежелгі жұртқа мәлім-ді?
Жасымда шықты дабысым,
Әлім менен Шөменге;
Неше жүйрік болса да,
Өткізбеймін тұсымнан,
Шығармаймын уысымнан,
Сөйлеген сөзім от-жалын,
Жүрегімде ұшынған.
Бәйім десе тұрады,
Алты алаштың баласы.
Біледі елдің арасы,
Табын – ағаның баласы,
Неше түрлі сөз айттым,
Енді ойланып қарашы!
Сейдәлі:
Мен сөйледім жасымнан,
Алдым неше асылдан,
Теріп жүрмін әр жерден,
Несібемді шашылған.
Мені де халқым біледі,
Сөйлеп жүрмін бұрыннан,
Буыршын қуған бурадай,
Қарайсың неге қырыңнан?
Талайы майып болып жүр,
Сендей адам ұрынған.
Құда болып, қыз бермей,
Жөнімді сұрап нетесің?
Мен тастан аққан тас бұлақ,
Сен Борластан шыққан бекесің,
Ата-тегім сұрасаң,
Руым Табын ішінде,
Сүйегім шыны болатпын,
Білдіремін сөзбенен,
Ешкімге жөнім сұратпан,
Жазылған көңілім шежіре,
Жеті атадан келе жатқан.
Және тегім сұрасаң,
Айдарбек дейді бабасы,
Бергі атасы Татыдан,
Бітіген деп айтады,
Елдің үлкен ағасы.
Мен – сонан туған жиенмін,
Неғылып менен озасың?
Ала берме, Бәйеке,
Былшылдап жұрттың мазасын.
Айтсаң айт сөздің тазасын,
Мен – бір жарық шарайна,
Көргеннің беті шағылған,
Олжасынан аламын,
Өткізбейтін тұсыңнан.
Сен жөргекте ұшынсаң,
Мен іште жатып қағынғам.
«Іздегенге – сұраған»,
Осы бүгін табылған.
Айырмаса Тәңірім,
Өзі берген бағынан,
Шабысымды көргенде,
Сен ұсаған жүйріктің
Нешеуі есінен жаңылған.