Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сейдәлі, молда Бәйім, Ділдә айтысы (1-бөлім)

Сейдәлі Жұмабекұлы, молда Бәйім, Ділдә · 2 мин оқу

Сейдәлі:
Иманбай, аңдамадым, сен не дейсің?
Аузыңнан шыққан сөзді сермелейсің.

Үстіңе мен қыдырып келгенімде:
«Түрегел, төрден орын бер» демейсің.
Бетіңе «тіпә» күйе болсын сенің,
Ұялмай, маған не деп сөйле дейсің?
Бұл күнде сөз сенікі қалай десең,
Жиналып би мен сардар отыр екен.
Қорқамын айбатыңнан сөйлемесем,
Бөркіңді баса киіп, етің жеген,
Өзіңе құтты болсын мынау пешең.
Көріссем, үлкендерің қолын бермей,
Жастарың түрегеліп, орын бермей,
Бәрің де етке тойып алғаннан соң,
Орданың жатсың көлбеп төрін бермей...
«Аш Баубек – атаң сенің» деген сөз бар,
Ешкімге жүр екенсің жолың бермей.
Мынау кім, жатқан төрде шынашақтай.
Көпшігін қойған бүктеп шиыршықтай?
Мойнына әйкел тұмар тағыпты ғой,
Күйеуі жаңа келген қызалақтай.
Ежелден Құдай тілді бергеннен соң,
Мен неғып сөз сөйлейін өрісін таппай?!
«Жақсының алды – көпір» деген сөз бар,
Ағалар, мен сөйлейін аузым бақпай.

Иманбай: – Әй, Табын, аңдап сөйле, жазада қаларсың! Бұл медаль таққан мировой судья, – дейді.

Сейдәлі:
Халқыңды құтты болсын меңгергенің,
Кәнекей, еліңізді тең көргенің?
Қолында ұсталардың балғасы бар,
Көңілімнің өлеңнен арнасы бар.
Осынша бір Табынды ортаға алып,
Ойлап көр бүгінгінің таңдасы бар.
Судья отыр қарап, мұртын талдап,
Басында ақ шарқаттан шалмасы бар.
Кетпейтін өлгенінше сүйегінен,
Бетінде отқа күйген таңбасы бар.
Мынау кім жапсардағы мұрны пұшық?
Су аққан танауында арнасы бар.
Үндемей, отыра қап мынау бала,
Қалай да, кітап көрген молда шығар.
Жүз басты Қанатбайдың тойханасы
Ежелден дуа тиген орда шығар.
Сөйлеген алдымызда Табын молда,
Тең басқан төрт аяғы жорға шығар.
«Ит басты, сиыр аяқты» бұл ауылға,
Біздерді душар қылған Алла шығар.

Сейдәлімен айтысатын ешкім жоқ. Әлімнің азаматы арланады. Сол кезде осы елдің жас ақыны Молда Бәйім деген табақ тартып жүр екен. Төрде отырған Иманбайдың: «Сейдәлімен айтысқа түс», – деген сөзін ести сала, бір табақ етті ала келіп, алдына қоя сөйлейді:

Молда Бәйім:
Бісмілда деп сөйлейін,
Аша көр, Құдай, бағымды!
Сүрінте көрме жағымды!
Айт жөніңді, кім едің,
Отырған сөйлеп жаңылмай?
Маған қарсы жауап айт,
Болсаң жүйрік Табындай.
Танымайсың молда Бәйімді!
Ежелгі жұртқа мәлім-ді,
Шынымен келсе қаһарым,
Жайылып кетер заһарым,
Сын тағасың Әлімге
Білмейсің неге әліңді?
Әлім мен Табын болғанда,
Бір-біреуге мәлім-ді,
Керегің ет пе, шырағым?
Алдыңа табақ қояйын,
Мінекей, жей ғой зәріңді.

Сейдәлі:
Бісмілдә деп, Бәйеке,
Айтайын сөздің келгенін.
Тәңрі қайтып алмаса,
Тіліме менің бергенін.
Естісем де атыңды,
Жоқ еді бұрын көргенім.
Келтіре берме кәріңді,
Тигізе берме зәріңді,
Қорқатұғын мен бе едім?
Көбең тайдай ұшымды,
Көрген жауым сен бе едің?
Әлім, Табын болғанда,
Бір-біреуге мәлім-ді.
Айта берсейші әзіргі
Өз табыңа келгенін.
Атаны қозғап нетесің,
Бұ да сөгіс бергенің.
Жаратқан Тәңір, жан ие,
Бақыт дария бергенің.
Өзің тойып болған соң
Сарқыт алып келгенің.
Келіні ме едім еліңнің,
Қайда сенің көргенің?
Абайласам азырақ
Әйелше құлқың бар екен,
«Зәріңді же!» деп бергенің.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз