Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сейдәлі, молда Бәйім, Ділдә айтысы (5-бөлім)

Сейдәлі Жұмабекұлы, молда Бәйім, Ділдә · 3 мин оқу

Сейдәлі:
Ей, жеңгей, бір мен емес өсек айтқан,
Өсек пе өзіңдегі бешені айтқан?
Бәйеке, жұрттан асқан керемет деп,
Қатының осы ма еді кешегі айтқан?

Әй, жеңгей, меніменен ерегеспе,
Лайық кісі емеспін ерегеске.
Аузынан әр түрлі сөз шығарады,
Молдаңыз шыныменен ерегессе.
Өтеғұл шешесіне ас бергенде,
Бар едім сонда болған төбелесте.
Билерден бір таяқ жеп қалмадың ба,
Сен сонда сөйлеймін деп Елемеске?
Жалпылдап арасында сен жүресің,
Қай жерде екі кісі төбелессе.
Қашаннан атың шыққан бір әйелсің,
Ұлы жүз, Арғын, Жаппас құн егессе.
Осынша бір қатынды тел өсіріп,
Япырм-ай, Әлім деген ел емес пе?
Әлі де айтар сөзім толып жатыр,
Көре ғой қызығымды ерегес те...

Әйелді бір жігіт итермелеп, шығарып жібергенде, Ділда сөйлейді:

Ділдә:
Молдеке, шам көрсең де, осы сөзің,
Өзіңе білінбейді өз мінезің.
Әстемсіп маған не деп сөз айтасың,
Келіп пе ең түзетуге сенің өзің?
Болады біреу тентек, біреу мақұл,
Пенденің Құдай сұрар әр мінезін.
Абайла, көпке тентек болып жүрме,
Шарпыды от-жалындай айтқан сөзің.

Сейдәлі:
Қыз бала, әне, сондай менің сөзім,
Ежелден Құдай берген бір мінезім.
Кісіге қарап тұрған өзің тидің,
Сенің де мақұл емес бұл мінезің.
Ісіне өзі қылған өкінбейді,
Сөйледім мақұл етіп көптің сөзін.

Ділдә:
Молдеке, көп күн болды келгеніңе,
Қайтарсың аман болсаң елдеріңе.
Құрбы деп құрбы ішінде айттым өлең
Мас болма мендей қызды көргеніңе.
Ашуым келе қойса, мен – бір тұлпар,
Сөйлермін, қарамаспын өлгеніңе.

Сейдәлі:
Екі жыл болды мұнда келгеніме,
Мен сені қуанбаймын көргеніме.
Айтысып, енді сені жеңбей кетсем,
Ризамын елді көрмей өлгеніме.
Шайтаным сескенбейді сендей қыздан,
Шыдасам, ере алмассың желгеніме.

Ділдә:
Молдеке, аш көзіңді, айт сөзіңді,
Балайсың мың кісіге бір өзіңді.
Сен неге жалқау тарттың ерінгендей,
Құлқыңды біле алмадым, мінезіңді?
«Бір күнгі шабысыма ере алмас», – деп,
Сыртыңнан шамалайсың сен өзіңді.
Ақын деп, жұрттан озған бір жүйрік деп,
Біздің ел мақтайды екен құр өзіңді.

Сейдәлі:
Отырмын сөйлей алмай, ұйқым келіп,
Азғана отырсайшы сөзді бөліп.
Біреудің мен де өзіңдей баласы едім,
Қаларсың обалыма кетсем өліп.
Теңселген торы жорға секілденіп,
Тұрмайсың басың тартса кежірленіп.
Мен сендей желпінгенге жеңсік едім,
Тап болдың таланыма Құдай беріп.
Сыртыңнан құмарланып жүрсем-дағы,
Көрген соң өнеріңнен тұрмын жеріп.

Ділдә:
Молдеке, орын тауып жерінбейсің,
Айтуға қаңқу сөзден ерінбейсің.
Қудалап, айып-шамды айта берсең,
Шырағым, сен де мінсіз көрінбейсің.

Сейдәлі:
Айта бер, Ділдә сұлу, мінім болса,
Шын сөйле, жалған айтпа, дінің болса.
Бетіме қаратпастай қылар едім,
Өзімнің елімдегі күнім болса.

Ділдә:
Жайлауға ел көшпейді жаз болмаса,
Айналып көк аралға қаз қонбаса.
Тілінен жағы бұрын сөйлеп барад,
Жақсы еді осы ақының таз болмаса?

Сейдәлі:
Әй, Ділдә, сен де тазсың, жеңгең де таз,
Қышиды таздың басы көргенде таз.
Өзіңді өзің айтып, жұртқа жайдың,
Таз болса, қыз болады шерменде таз.
Сау болсаң, орамалың қолыңа алшы?
Алады бас киімін өлгенде таз.
Үйіңде әкең де таз, шешең де таз,
Әкеңнің кенже інісі, жеңгең де таз,
Үйіне сол жеңгеңнің бара қалсақ,
Отының басы толған әпенде таз.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз